Бас жүлде кімге бұйырды?

Аудандық мәдениет үйінде «Театр анасы – Сәбира» атты драма үйірмелерінің арасында облыстық байқау өтті. Аталған шараға жеті ауданнан жеті бірдей шығармашылық топ бағын сынап, үздік деген қойылымдарын көрермен назарына ұсынды.
Мәңгі өлмес өнер иесі, талантты тұлға, қазақ театрына қалтқысыз қызмет етудің жарқын үлгісін көрсеткен актрисаның өнерін насихаттап, өмірін үлгі етуді мақсат еткен байқаудың шымылдығын қазалылық өнерпаздар ашты. Кейін Жалағаш ауданынан келген Мөрәлі Шәменов ауылдық мәдениет үйі жанындағы драма үйірмесі балаларға арналған қойылымды сахналаса, аудан намысын қорғаған «Сыр жастары» драма үйірмесі Р.Отарбаевтың «Қандыөзек» қойылымын өз биігінде көрерменге жеткізді. Нашақорлықтың торына түсіп, айықпас дертке шалдыққан жастардың образын аша білген сырдариялықтарға қошемет те ерекше соғылды. Көзіне жас алған көрермен біршама уақыт оқиға желісінен шыға алмады.
Мұнан соң Шиелі ауданынан келген Сұлутөбе ауылдық «Жалын» драма үйірмесі «Алдараспан» әзіл-сықақ театрының «Қарттар үйі» қойылымын кәсіби актерлік шеберлікпен сахналады.
Қазылар алқасының шешімі бойынша байқаудың бас жүлдесі Сырдария аудандық мәдениет үйі жанындағы «Сыр жастары» драма үйірмесіне бұйырды. Балалар қойылымын сахналаған жалағаштықтар жүлделі бірінші орынды иеленсе, шиелілік өнерпаздар екінші орынмен марапатталды. Ал үздік өнер көрсетіп, көрермен көңілінен шыққан Қазалы мен Жаңақорған ауданынан келген үйірмелерге жүлделі үшінші орын берілді. Жеңімпаздар Алғыс хатпен марапатталып, бағалы сыйлық табыс етілді.
Майя ҚОЖАБАЙ