Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » №1 бригада басындағы қызу еңбек

№1 бригада басындағы қызу еңбек

«Егін ырыс таңдамайды, еңбек таңдайды» деген қазақ халқы ырзық-несібесін жерден теріп, ата кәсіпті кеңінен дамытып келеді. Егістік басында еңбекке шыныққан бригадир, механизатор, күрішші, сушы ала жаз бойы егіннің бітік шығуына бар күшін жұмсайды. Ыбырай Жақаевтың ізбасарлары биыл да егіннен мол өнім жинауға үмітті. Қазіргі таңда аудан көлемінде кезек-кезек егінге орақ түсіріп, қамбаны қызылға толтыруды бастады. Өткен аптаның сенбісі. Шаған ауылындағы «Шаған-Жер» ЖШС-нің егініне орақ түсті.
Жиырма бес жылдық еңбек өтілі бар бригадир Ә.Сәдуов №1 бригадаға жауапты. Қарамағында жиырмаға жуық егінші-механизаторы бар бригадир биыл 545 гектар күріш, 200 гектар жоңышқа, 60 гектар бидай, 60 гектар тұқымдық жоңышқадан мол өнім алуға ұмтылуда. Егістік басында күн-түн демей еңбек етуде. Алтын күзде аброй биігінен көрінуді мақсат еткен.
№1 бригада басына жиналған ауыл халқы дихандардың еңбек тойына ортақтасты. Аудан әкімнің орынбасары Б.Лекеров, ауыл әкімі Ұ.Әбдіраманова, «Шаған-Жер» ЖШС төрағасы Б.Қадіров, еңбек ардагері Қ.Әбдібеков, С.Есжанов, Р.Жалғасбаева егінге орақ салу лентасын қиды. Көпшлікті  аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Зинаддинұлы егін жинау науқанының басталуымен құттықтады. Қашанда ауызбірлігі сақталған халықтың қамбасы астыққа толып, ырыс-несібесі артатынын тілге тиек етті. Аудан әкімінің орынбасары егінді ысырапсыз жинап алуға тілектестік білдірді. Сондай-ақ шаруашылық төрағасы Б.Қадіров та жиналғандарды егін жинау науқанының бас­талуымен құттықтап, тынымсыз еңбектің нәтижесін көретін күн алыс емес екендігін атады.
Өз кезегінде еңбек  ардагерлері Сыр ди­қандарының жұмысына сәттілік тілеп, егін­шілерге ақ батасын берді. Артынша  күріштік атызға қатар-қатар түскен  жаткалар соңында жол-жол дестелер қала берді.

Б.ОРДАБЕКОВ
03 қыркүйек 2019 ж. 944 0