Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » АҚЖАРМАДА ЕГІНГЕ ОРАҚ ТҮСТІ

АҚЖАРМАДА ЕГІНГЕ ОРАҚ ТҮСТІ

«Сыр салысын өсіру бір ерлік болса, оны жинау мың ерлік» дейді халық даналығы. Аудан шаруашылықтарының алдыңғы қатарында «Ақжарма-2» ШҚ егінжайына орақ түсті. Бұл шаруашылық дихандары биыл 2000 гектар алқапқа сыр салысын өсірді. Өнімнің мол болуы тұқымға да байланысты. Егіс алқабына жыл сайын тәжірибеден өткен сыралғы сорт «Лидер» тұқымы сіңірілді.
«Егінші – мәрт, жер – жомарт» дегендей дихандардың ала жаздайғы еңбегінің арқасында егін бітік өскен. Алғашқы орақ Ринат Оспанов жетекшілік ететін №3 бригаданың күріштігіне түсті. Мұнда 490 гектар алқап бар.
– Ауылдың абыройын асырып отырған дақыл ол – күріш. «Ақжарма-2» ШҚ дихандары биыл бітік егін өсіріпті. Диханшылық атадан-балаға жалғасып келе жатқан кәсіп. Жастар оған адалдық танытуда. Мерейлерің әрдайым үстем болсын, қырмандарың тасысын, – деді алғашқы орақ лентасын қию рәсімінде ҚР ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген қызметкер Ширек Сқақов. Алғашқы орақтың лентасы қиылып, қос дала кемесін оталдырған механизаторлар күрішке орақ салып, артта жал-жал дестелер қалып жатты.
«Дала күні – 2019» бұдан әрі дала қосындағы мерекелік дастарханға және ауыл көркемөнерпаздарының концертіне ұласты.

Ш.НҰРСЕЙІТОВ
27 тамыз 2019 ж. 860 0