ЛИССАБОН ҚАЛАСЫНДА БАСТАУ АЛҒАН МЕРЕКЕ
Жастық шақ – балалықтан аттап, үлкен өмірге аяқ басатын адамзаттың шектеулі әрі шешуші уақыты. Ғылыми зерттеуге сүйенсек жасөспірім шақтан соң мен мұндалап келетін жастық шақтың жас шектеуі 14-тен бастап 29-ға дейінгі аралықты құрайды. Әлем бойынша жастық шақты басынан кешіп жатқан жандардың саны бір миллиардқа жуықтайды екен. Олардың басым көпшілігі еңбек етуге қауқарлы болып табылады.
12 тамыз 1945 жылдан бері әлем бойынша «Жастар күні» ретінде мерекеленіп келеді. Бұл күнді БҰҰ Бас Ассамблеясы, жастар ісі бойынша министрлердің 1998 жылы 8-12 тамызда Лиссабон қаласында өткен Бүкіләлемдік конференциясының ұсынысы бойынша қайта бекіткен екен.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап жастар саясаты елдің басты басымдықтарының біріне айналған. «Қазақстан 2020: Болашаққа жол» Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасында: «Қазақстан жасампаз және жас мемлекет. Қазақстанның болашағы Қазақстан жастарының даму деңгейімен, олардың қоғамға ықпалдасуымен байланысты, болашақтың негізі бүгін қаланады делінген.
Жастар саясатының басымдықтарын Елбасы Н.Назарбаев бастама жасаған «Қазақстан – 2050» стратегиясының түйінді мақсаттарының бірі болып табылады. Бүгінде еліміз өзінің алдына әлеуметтік жаңғыру, үдемелі инновациялық индустрияландыру және экономикалық ықпалдасу бойынша жаңа ауқымды міндеттер қойды. Тәуелсіздіктің 28 жылындағы жетістіктерді бекіте отырып, Қазақстан 21 ғасырдың үшінші он жылдығында әлемнің дамыған отыз мемлекетінің қатарына кіруге белді бекеп буды. Бұл жағдайларда аға буынның жасампаз істерін жалғастыруға, ұлттық бәсекелестікке қабілеттіліктің деңгейін одан әрі жоғарлатуға, Қазақстанның гүлденуі мен әлемдік танылуын қамтамасыз етуге тиіс жастарға үлкен үміт пен жауапкершілік жүктеледі. Мұндай миссия кәсіптік білімі, дені сау әрі адамгершілігі мол, бәсекеге қабілетті, патриот және әлеуметтік тұрғыдан жауапты жастардың ғана қолынан келеді. Осыған байланысты мемлекеттің басым міндеті мемлекеттік жастар саясатын уақыт талабына сай бейімдеу арқылы жастарды Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігінің маңызды факторына айналдыру.
Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың ауқымды мемлекеттік бағдарламалары: «100 мектеп, 100 аурухана», «Жұмыспен қамту – 2020», «Бизнестің жол картасы – 2020», «Қолжетімді тұрғын үй – 2020», «Жастар практикасы» секілді ауқымы кең істерге бағытталған. Мемлекеттiк жастар саясатының мақсаты жастардың рухани, мәдени, білім алып, кәсіби және дене бітімінің толыққанды дамуы, шешімдер қабылдау процесіне қатысуы, ойдағыдай әлеуметтенуі және олардың әлеуетін елді одан әрі дамытуға бағыттау үшін жағдайлар жасау болып табылады. Жалпы айтқанда жастар мен мемлекет болашағы тығыз байланыста.
Сырдария ауданында да аталаған игі істер мен мемлекеттік түрлі бағдармаларды орындау мақсатында көптеген жұмыс атқарылуда. 2017 жылы «Сырдария аудандық жастар ресурстық орталығы» деп аталған жастардың көшін бастайтын мемлекеттік мекеме өз жұмысын бастаған болатын. Жастармен жұмысты күшейтіп, алға қойылған мақсаттарды орындау үшін биыл бұл мекеме жаңа ғимаратқа көшірілді. Жаңа заманға сай заманауи жастарды алға қарай тарту мақсатында түрлі техникалармен жабдықталған мекемеде жеті бірдей қызметкер ел болашағы үшін аянбай тер төгуде. Орталық базасында кеңес беру орталығы, коворкинг ортылығы қызмет жасауда. Аудан жастарының көшін бастап жүрген Ғани Ораловтың мәліметінше, бүгінде аудан бойынша 14 пен 29 жас аралығында 10 490 қыз бен жігіт бар. Олардың басым көпшілігі жас мамандарды құрайды. Білім, денсаулық және өнер саласында жүрген шығармашыл бозбала мен бойжеткеннен тұратын «Жастар театры» құрылды. Сондай-ақ жастар арасында жұмыссыздық мәселесін шешудің бірден-бір көзі жастардың кәсіп ашып, әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамуына қолдау білдіру болып табылады. Осы мақсатта ауданда демеушілік негізінде «Тереңөзек жастары» қоғамдық қоры құрылды. Бүгінде аталған қордың есебінде алты миллонан асатын кіріс көзі бар.
Жұмыссыздық мәселесін шешудің тағы бір жолы ретінде «Жастар бригадасы» құрылды. Қазіргі таңда Айдарлы, Шіркейлі ауылдық округтерінде инвесторлардың қолдауымен адал қызмет етуде.
Жастар арасындағы ең өзекті мәселенің бірі – ол маргиналды адамдардың көбеюі. Жергілікті бюджеттен мемлекеттік жобаларға қаржы бөлініп, NET санатындағы жастардың қатуысымен биылғы жылы 43 шара ұйымдастырылған. Оған екі мыңға жуық жас қатысқан.
«Дипломмен ауылға!» бағдарламасы бойынша ауылдың әлеуетін көтеру үшін білім, денсаулық, мәдениет, ауылшаруашылық, спорт саласына 85 маман жіберілсе, оның ішіндегі 53 кәсіби жас маманға тұрғын үй алуға мүмкіндік берілген. Былтырғы жылмен салыстырғанда аудан бойынша жас кәсіпкерлер саны сегіз пайызға артқан.
Жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағытында түрлі инновациялық несиелер мен гранттар қарастырылған. Көптеген ауқымды жобаларды қаржыландырып, өз істерін әрі қарай дамытуда. Аудандық кәсіпкерлік палатасы арқылы «Бизнес–Кеңесші» және «Бастау-Бизнес» жобалары бойынша былтыр 66 жас оқытылған. Ал биыл бұл көрсеткіш артты. Ауданға қарасты елді мекендерден 81 жас кәсіп ашуға ниеттенген. Бұл көрсеткіш жастардың өзін өзі еңбектеп қамтып, өмір сүру сапасының артуына деген жасалған қадамдар.
Жаз мезгілінде оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында «Жасыл ел» еңбек жасағының бірінші кезеңінде 40 жас еңбеккер жұмыс жасаса, екінші кезеңінде аудан бойынша 60 жас жұмыспен қамтылды.
Аудан жастарына отыз бес мәдени мекемелер, 128 спорттық нысандар жұмыс жасайды.
Сырдария ауданы әкімдігі жанынан жастар ісі жөніндегі кеңес құрылып, өзекті мәселелерді шешу жөнінде ұсыныстар жасалып келеді.
Сондықтанда Елбасының Халыққа Жолдауында: «Біздің ұрпақ алдында бабалар қол жеткізген игілікті сақтау, қайта қалпына келтірілген мемлекетімізді нығайту және дүниежүзілік қауымдастық талаптарына сай жаңа сапалық деңгейге көтерілу міндеті тұр»,– деп жастарға зор сенім мен үміт артты. Сол сенімді ақтап, болашағымызды жарқын ету өз қолымызда.
Майя ҚОЖАБАЙ