Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕЛ ЕРТЕҢІ – ЖАСТАР

ЕЛ ЕРТЕҢІ – ЖАСТАР


«Жастықтың бойынан парықсыз паңды емес, өз өнерінің күшіне сенер мығымдық тапқан қандай жақсы» деген Ғабит Мүсірепов қашанда қоғам өміріне белсене араласатын, өзіндік позициясы бар жастың бойынан табылатын қасиетті атайды. Бүгінде ел жас­тарына жасампаз елдің болашағы ретінде қарайтынымыз рас.
Үнемі ізденіс үстінде жүріп, барлық іске икемді болған жанның келешегі кемелдене түседі. Сонымен қатар нағыз патриоттық сезім оянған жағдайда ұлттық рухымыз өшпейді. Талай жас ел ертеңі үшін жасампаз бастама көтеріп, жандану жолында сүбелі еңбек етуі абзал. Сонда ғана ел жастарының арқасында айбыны асқақ мемлекеттің іргесі сөгілмейді. 1999 жылдан бері БҰҰ Бас Ассамблеясы Жастар ісі жөніндегі дүниежүзілік министрлер конференциясының ұсынысын қолдау негізінде «12 тамыз – Халықаралық жастар күні» болып аталып келеді.
Жалпы алғанда қазіргі таңда адамзат тарихының бүкіл кезеңімен салыстырғанда жас буынның өмір сүру қалпын жақсартуға толық мүмкіндік бар. Осы ретте мемлекет тарапынан жастарды қолдау мақсатында жоспарлы шаралар жүргізіліп келеді. Қоғамның белсенді мүшесі жастар арасында өмірге бейімделе аламайтын, қиыншылық тудыратын буын қалыптасқан. Оларды жалпы ортаға икемдеу жұмыстары ауқымды түрде жүзеге асады. Бүгінде тоқсан жылдық мерей тойын дүбірлете өткізіп жатқан ауданымызда жастар кез-келген уақытта белсенді. Түрлі межелі жұмыстарды атқарып, аудан мерейін асқақтатып жүр. Көптеген жетістікке жеткен жастарымыз өз саласының келешек майталмандарына айналары хақ.
Осы орайда апта ағымында орталық алаңда «12 тамыз – Халықаралық жастар күні» мен ауданның 90 жылдығы мерекесіне орай аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен, «IZET» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Біз жастар болашақтың тұтқасы» тақырыбында аудан тұрғындары мен жастарына арналған мерекелік концерт өткізілді. Концертті аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Ғ.Оралов ашып, аудан халқы мен белсенді жас буын өкілдерін ауданымыздың 90 жылдық мерекесімен және жастар күнімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
Шара барысында ауданның жас өнерпаздары Жайна Дайрабайқызы, Ербол Бекжүнісов, Дастан Палмахов, Ержан Жүнісов, Нұрбол Орынтаев, Абай Тоқтаров тұрғындарға әннен шашу шашып, көпшілік ықыласына бөленді. Сондай-ақ, «Айтұмар» би тобы грузин, үнді билерін биледі. Жас­тар арасында қызықты ойындар ойнатылып, жеңімпаздар анықталды. Оларға белсенділігі үшін сыйлық пен «Алғыс хат» тапсырылды.

Б.АЯБЕКҰЛЫ

14 тамыз 2018 ж. 1 992 0