Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » БАҒЫТЫМЫЗ АЙҚЫН, КЕЛЕШЕГІМІЗ КЕМЕЛ

БАҒЫТЫМЫЗ АЙҚЫН, КЕЛЕШЕГІМІЗ КЕМЕЛ

Елбасы Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Қазақстан халқына Жолдауында 10 бағыт бойынша маңызды басымдықтарды атап көрсетті. Әрбір көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар биылғы Жолдаудың ерекшелігіне мән береді. Айталық, білім саласы туралы. Осы сөздің өзі Жолдауда 24 рет кездеседі. Бұл дегеніміз білімнің қазіргі заманда алатын орны ерекше екендігінде. Сондай-ақ осы сала айрықша мемлекет назарында екендігін айқындайды. Инемен құдық қазғандай еңбек ететін мұғалімдердің мәртебесін көтеру, олардың білімдерін жетілдіру, яғни өмір бойы оқу арқылы бәсекеге қабілетті жас ұрпақ тәрбиелеу міндеті қойылды. Деңгейлік курстарда қайта даярланып, біліктіліктерін арттырып, сәйкесінше жалақыларын 30 пайыздан 50 пайызға дейін өсіру қажеттігі айтылды. Осы мақсатта биыл мемлекеттен қосымша 67 миллиард теңге бөлінеді. Сонымен қатар, үздік мұғалімдердің, шығармашылық ізденістерін бейнесабақ арқылы ғаламторға орналастыру, сол арқылы шалғайдағы елді-мекен оқушыларының, ұстаздарының үздік сабақ үлгілерімен таныстыру ауыл мен қала мектептерін жақындата түседі. Елбасы аграрлық мамандықтарды даярлайтын ЖОО-ы туралы нақты тапсырмалар берді. Кең байтақ жерімізді игеретін, агроөнеркәсіптік кешендерді ғылыми тұрғыда дамытатын мамандар қажет.
Жолдаудың қарапайым халыққа қажетті тұсы-әлеуметтік сала, әл-ауқаты мен денсаулық туралы айтылғандығы. Соңғы жылдары елімізде зейнетақы мен жәрдемақы үш рет көбейтілген. Биылдың өзінде базалық зейнетақы қайта есептеліп, зейнеткерлерге мол демеу болады.
Жұмыссыздықпен күрес әрбір елді-мекеннен бастап, облыста, республикада жүргізілуі тиіс. Ел Президенті мамандығы жоқтарды қайта даярлап, өз кәсібін ашатындарға көмек беріп, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға жәрдем беру мемлекеттің міндеті деп атап көрсетті. Бұл ретте, мемлекет тарапынан көптеген бағдарламалар бар екенін айтып өткен жөн. Дамуға, өсуге бет алған еліміздің мақсаты айқын, келешегі кемел екендігіне көзіміз жетіп, қуаныш үстіндеміз.

Х.ӘБЕНҰЛЫ,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы
15 қаңтар 2018 ж. 1 214 0