ТӘРТІПТІҢ ПАДИШАСЫ СЕКІЛДІ...
...Сұлуай Зейнебекова ұйымдастырған би, ойын-сауық мазмұнды түрде өткізіліп, жастардың шын мәнісіндегі тәлім-тәрбие ошағына айналды. Осы тұста айтарымыз «Жақсыда жаттық жоқ», «Шын талап – қызмет, күй таңдамайды» деген халық даналығының шындығына көзіміз жеткендей. Ауыл ортасында кітапхана, клуб, мәдени «Ойын-сауық отауының» өткізіп жатқан істері мен жүргізіп жатқан жұмыстары ерекше. Клубта аптасына екі рет жастар биі өтеді. Мені таңқалдырғаны, әшейінде бұзықтық жасап жүрген жастардың жүздері жарқын. Ретсіз күлген, арақ иісі шыққан, темекі шеккен, бейбастық сөз айтқан біреуін көрмейсің. Барлығын жіті көзбен бақылап жүрген Сұлуай – тәртіптің падишасы секілді...
Облыстық «Сыр бойы» газетіне жарияланған мақаладағы осынау теңеу айдарлылық Сұлуай Зейнебекованың бүкіл болмысын ашып тұрғандай. Атына заты сай болған клуб меңгерушісі өзі жұмыс жасаған жылдары ел-халықты мәдениет пен өнерге сусындатып, шын ықыласқа бөленді. Бұған ол кісімен қатар қызмет атқарып, дәмдес болғандар еш шүбә келтірмейді. Оның тынымсыз еңбегі тоқырау шақта ауыл мәдениетін көтеруге сеп болды. Қазіргідей заманауи құрылғылардың жоқ кезінде де ауыл халқын мәдени ошаққа жинап, сол жерде танымдық-тәрбиелік шараларды ұйымдастырды. Осы жолда таланттарды танып, олардың өрге самғауына жол ашты.
Ауылдық клубты 35 жыл басқарған С.Зейнебекқызын жұртшылық «мәдениет пен өнер үшін жаралған жан» деп санайды. Өйткені өзінің ұйымдастырушылығымен танылған мәдениет майталманы облыс, аудан, ауыл мәдениетін дамытуда өз үлесін қосып, ерен еңбектің үлгісін көрсете білді.
Жақында Айдарлы ауылында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ауданның мәдениеті мен өнерінің дамуына зор үлес қосқан Сұлуай Зейнебекованы еске алуға арналған «Сөнбейді ана, шырағың» атты аудандық жазба ақындар мүшайрасы өтті. Шараға клуб меңгерушісімен қатар қызмет жасаған достары, шәкірттері, ауыл тұрғындары қатысты.
Алғысөзде өнер жанашыры, ауылдағы халық театрының құрылуына зор үлес қосқан еңбек ардагері Қалдыбек Айтбаев, республикалық мәдени-қоғам қайраткері, «Қоғам тв» телеарнасының ардагер тілшісі Тілеген Бекарыстанов, мәдениет саласының ардагері, композитор Ермекбай Әдікенов, «Айдарлым» ансамблінің алғашқы жетекшісі, ҚР білім ісінің үздігі, ардагер-ұстаз Асылхан Дүйсебеков, ауыл көркемөнерпаздарының белді мүшесі, халық театрының әртісі Қожахмет Мырзаев естеліктер айтып, өмір жолын өнеге етті. Сол кездердегі қызықтарымен бөлісіп, клуб меңгерушісінің ұйымдастырушылық қабілетінің ерекшелігін, қызметтегі талапшылдығын, өнерге деген құштарлығын жеткізді. Мәдениет саласындағы тың бастамалары облысқа, республикаға белгілі болғандығын атап өтті. Естеліктен соң Айдарлы ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Күләш Есенбаева ұйымдастырған «Сұлуай» әжелер ансамблі «Айдарлым» әнін шырқады. Атап өтерлігі, әжелер ансамблі екі жылдан бері өнер көрсетіп келеді.
Сондай-ақ шараның ашылуында ауыл әкімі Ғани Дүйсебеков құттықтау сөз сөйледі. Ауыл мәдениетінің дамуында өзіндік айшықты орны бар С.Зейнебекованың еңбегі кейінгіге үлгі екенін айтты. Өз кезегінде аудан әкімінің баспасөз хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы айдарлылық өнер иесінің елеулі еңбегіне тоқталды.
– Халқымызда «Ғалымның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді» деген тағылымы мол сөз бар. Міне бүгін артына өшпес іс пен із қалдырған Сұлуай Зейнебекованы еске алуға арналған шарада осы сөз еске түсіп отыр. Расында да саналы ғұмыры адал еңбекпен өріліп, өңірдің өнері мен мәдениетін өрістетуге айрықша үлес қосқан Сұлуай апамыздың есімі халық жадында. Сондықтан мәдениет майталманын ардақтау, рухына құрмет көрсету – бәрімізге ортақ жұмыс, – деді ол.
«Сөнбейді ана, шырағың» атты жазба ақындар мүшайрасына қатысушылар бірінші кезеңде клуб меңгерушісіне арнаған арнау өлеңдерін оқыды. Екінші кезеңде туған жер, Отан тақырыбында өз шығармашылығынан өлең ұсынды. Қос кезеңде жүрекжарды өлеңдерін мәнерлер оқып, ықыласқа бөленді.
Нәтижесінде қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені Жұмағазы Оразов (Аманкелді ауылы) иеленді. Бірінші орынмен Гүлбану Сенбиева (Н.Ілиясов ауылы), екінші орынмен Ербол Сағынбайұлы (Тереңөзек кенті), Бақтөре Айтбаев (С.Сейфуллин ауылы) және үшінші орынмен Зарина Жарболова (Тереңөзек кенті), Ақерке Болманова (Шаған ауылы) марапатталды. Сонымен қатар «Сұлуай» әжелер ансамблінің мүшесі Күләш Есенбаева айдарлылық Салтанат Торғаеваға арнайы жүлде табыс етті. Мүшайраға қатысқан өзге ақындар «Алғыс хатпен» марапатталды. Марапат иелеріне бағалы сыйлық берілді.
Шара қорытындысында ана ізін жалғап, «мылтықсыз майдан» мәдениет саласын таңдап, Айдарлы ауылдық клуб басшысы қызметін абыроймен атқарып келе жатқан Анар Қалдыбаева өз алғысын білдірді.
Е.БЕРКІНБАЕВ