Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Театр үшін жаратылған жан

Театр үшін жаратылған жан



Сыртқы келбеті театр актрисасына ұқсайтын болғанынан болуы керек өз кейіпкерімді бір көргеннен театр үшін жаратылған жан боларсың деп ойладым. Ол кісімен сұхбаттаса келе ойымның дұрыс екендігіне, ішкі түйсігімнің алдамағанына көз жеткіздім. – Ең алғаш үшінші сыныпта оқып жүрген 10 жасымда сахнаға шығып, мәнерлеп өлең оқыдым. Содан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтіпті. Құдай қолдап, киелі сахнадан түскен емеспін,- дап бастады әңгімесін Рахия Әлайдарқызы.
 –Бесінші сыныпта отбасымыз көрші Оңтүстік Қазақстан облысынан атамекеніміз Айдарлыға қоныс аударды. Әкем шопан болып жиырма жыл еңбек етті. Мен Айдарлы мектебінің интернатында жатып оқыдым. Біздің сынып өте ұйымшыл, шығармашылыққа бейім еді. Алтыншы сыныпта драматург Шахмет Құсайыновтың «Есірткен ерке» спектаклін мектеп сахнасына шығардық. Басты рөлді сынып старостасы Сәнуар Сарман, мен жетім қызды ойнадым. Сыныптастарымыздың көпшілігіне үлкенді-кішілі рөлдер тиді. Бастапқыда спектакль дайындап жатырғанымызда сынып жетекшіміз, белгілі қолөнер шебері, музыкант Сражадин Әкімов ағайға айтуға жүрексіндік. Шығармашылығымыз қалай шығады, ол кісінің көңілі тола ма деген алаңдаушылық болды-ау деймін. Бір-екі дайындығымызды көргеннен кейін Сражадин ағай өнерімізді қолдап, грим жасауға, декорацияға көмектесті. Осылайша басталған шығармашылық күні бүгінге дейін жалғасып келеді,- дейді ауылдық театрдың майталман режиссері.
Мектеп бітірерде Рахия Әбдікәрімованың сыныптастары «Адасқан қаз» спектаклін ауыл сахнасына шығарыпты. Бұл қойылымды тамашалауға ұстаздар қауымы және ауыл тұрғындарымен қатар шаруашылықтың партком хатшысы Төлеген Дүйсебеков, ауылдық кеңес төрағасы Қалдыбек Айтбаев бастаған басшылар да келіпті. Бұл кейін ауылда өнер ордасы – театр ашуға түрткі болғаны анық. Рахия Әбдікәрімова мектеп бітіргеннен кейін сыныптастарымен бірге сол кездің дәстүрі бойынша шаруашылықта қалып екі жыл трактор айдады. Жұмыстан бос уақыттарында сүйікті істері – қойылдымдар қойып, ауыл сахнасының ажарын келтірді. Ауыл қызы тракторшылық мамандықты жетік меңгеріп, жұмысында абыройлы болып, елдің қолдауымен облыстық кеңестің депутаттығына сайланды. Халық аманатын арқалап, елде игі істердің жүзеге асуына атсалысты. Белсенді қыздың қолы мәдениет саласы екендігін бұған дейін де аңғарып жүрген өнерге деген ықыласы ерекше жан, шаруашылық партком хатшысы Т.Дүйсебеков Рахияның ауылдық мәдениет ошағының меңгерушісі болуына ықпал етеді. Ол кезде қазіргідей клуб қызметкерлері көп емес. Штатта өзі ғана. – Шаруашылық, мектеп ұжымдарымен бірлесіп, өнерге икемі бар жандарды ортаға тартып, жыл сайын екі спектакльден сахналадық. Сонымен бірге Төлеген ағайдың бастамасымен жергілікті радиодан 5 минуттық «Ауыл тынысы» хабарын жүргіздім. Сөйтіп, облыстық радиода дикторлықты қосымша атқарғаным бар. Менің жұмысыма отбасымдағылар ерекше ықыласпен қарады. Құдай қосқан қосағым, сыныптасым Көзейбай сол кезде шаруашылық, комсомол комитетінің хатшысы бола тұра, сахнада мен қоятын спектакльдің сәтті шығуы үшін жарықтың дұрыс түсуіне, т.б. жағдайлардың болуына көмектесетін. Ал, енем Бибана шебер кісі еді. Сахналық киімдерді тігіп беретін. Ұлы Отан соғысының ардагері қайынатам Бектай Оспанов үйде отынды жарғызбайтын. Байқаусызда бетіңе тиіп кетсе сахнаға қалай шығасың деп. Отынды өзі жаратын жарықтық. Атамның тағы бір қасиеті радиодан берілген менің хабарларымды ұйып тыңдайтын, - деп еске алады қимас жылдарын Р.Әбдікәрімова.
Болашақта театр маманы болуды алдына мақсат етіп қойған Рахия Жамбыл мәдени ағарту училищесінің театр факультетіне оқуға түсті. Оны ойдағыдай тәмамдаған соң Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театрға жолдамамен жұмысқа орналасты. Қасиетті өнер шаңырағында бірнеше жыл еңбек еткеннен кейін отбасылық жағдайына байланысты Айдарлыға қоныс аударды. Осы кезеңде Рахияның нағыз шығармашылық жолы басталды. Айдарлыда клуб меңгерушісі болып облысқа белгілі мәдениет қайраткері Тілеген Бекарыстанов, мәдениет саласының майталманы Сұлуай Зейнебекова бірге жұмыс жасаған кезеңде мәдени ұйымдастырушы Рахия басқаратын ұжымның өнері өрге басты. Белгілі музыкант Сражадин Әкімов жетекшілік ететін ауылдық ұлт аспаптар оркестрі облыстық фестивальде бірінші орынды жеңіп алса, театр жанрынан Айдарлы клубы аймақта алда болды. Осының нәтижесінде ауылдық клубқа халықтық театр атағын алу үшін жұмыстар жүргізілді. Шығармашылыққа, өнерге біртабан жақын жүретін ауылдық кеңес төрағасы Қалдыбек Айтбайұлы облыстық драма театрдың бас режиссері Әмір Темір Хұсейінмен Алматыға барып республикаға белгілі мүйізі қарағайдай өнер адамдарымен шығармашылық байланыс орнатты. 1988 жылы Р.Әбдікәрімова басқаратын ауылдық өнер ұжымы халықтық театр атағын сәтті қорғап шықты. Отыз жылдан бері құрметті атақты иемденген ауыл өнерпаздарының репертуарлары кеңге құлаш жайып, мыңдаған рөлдерді сахнаға шығарды. Халықтың сан мәрте ыстық ықыласына бөленді. «Өнер дегеніміз - адам бойындағы қабілеттің ең биік қөрінісі» деп ұлы жазушы Л.Толстой айтқандай мұнда майталман режиссер Р.Әбдікәрімованың жарқын қолтаңбасы бар. Ауылдастарының жүзін жарқын етіп, өнердің атын оздырған режиссер бір-екі жылдан бері зейнет демалысына шықса да «мен зейнеткермін» деп үйде қарап отырған жоқ. Клуб меңгерушісінің өтінішімен қойылымға басшылық етеді, бай тәжірибесін жастардың бойына сіңіруде.
– Еліміздің рухани жаңғыру кезеңінде театр майталманының идеялары, бай тәжірибесі ауылдық өнер ұжымына ауадай қажет. Бұл қажеттілікті ол кісі жақсы түсінеді. Сондықтан бізге ертелі-кеш көмектесуден тартынған емес. Арамызда мәдениет саласының ардагері жүргенін біз де мақтан тұтамыз,-дейді Айдарлы клубының меңгерушісі Анар Қалдыбаева.
Анасының жолын қуып, ұлы Орынбай театр саласын таңдады. Ол бүгінде М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің мәдени – тынығу факультетін бітіріп, ауылында әдіскер болып еңбек етеді. «Өнерліге өріс кең» дейді халық даналығы. Олай болса ұлттық өнердің көсегесін көгертіп жүрген жандарға әрдайым табыс тілейміз.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі
11 желтоқсан 2017 ж. 1 409 0