Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№95 газет

30 қараша 2024 ж.

№94 газет

26 қараша 2024 ж.

№93 газет

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЖАҚСЫНЫҢ АТЫ ӨЛМЕЙДІ

ЖАҚСЫНЫҢ АТЫ ӨЛМЕЙДІ

Ақиық ақын Асқар ауылында ау­дандық, ауылдық ардагерлер ке­ңесінің ұйымдастыруымен білікті басшы, өндірісті шебер ұйымдастырушы Отызбай Исабаев­ты­ еске алуға арналған ардагерлер арасында бильярдтан аудандық турнир өткізілді. Шаруашылықтың демеушілігімен ауылдық ардагерлер бөлмесіне күрделі жөндеу жүргізілген. Мұндай орында спорттық шара өткізу бір ғанибет.
Отызбай Исабаев бұрынғы XVIII партсьезд атындағы шаруашылық, қазіргі Асқар ауылына көп еңбек сіңірген азамат. Ол Қазақ ауылшаруашылық институтының агрономдық бөлімін 1966 жылы бітіргеннен кейін туған ауылында (қазіргі Ақжарма) экономист болып бастады. Көп ұзамай біліктілігінің арқасында «Шіркейлі» кеңшарының бас агрономы болып бекіді. Бас маман ретінде өзін жақсы қырынан танытты. Сөйтіп 1969 жылы артта қалған XVIII партсьезд атындағы шаруашылықты басқаруға жіберілді. Білікті басшы бұл шаруашылықты 11 жыл басқарып, экономикасы алға басқан кеңшарға айналдырды.
Шараның ашылуында О.Исабаевпен қатар жүрген, қызметтес болған ардагерлер жарқын естеліктер айтты. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы П.Әлиакбаров, Асқар ауылының еңбек ардагері М.Асанов және т.б. іскер басшының бір каналдың суын «жұтатын» оқпандармен қалай күрескені он сегіздіктердің егін орағын он күнде жинаған кездері туралы, сонымен қатар абзал азаматтың әншілігі, ақындығы еске алынды. Турнирге кентпен ауылдардағы іріктеу ойындарындағы ерекшеленген 16 ардагер спортшы қатысты. Жарысқа Сырдария спорт клубының нұсқаушысы Ж.Дәрменов қазылық етті. Күн ұзағына созылған ойын тартысты болды. Ардагер спортшылардың қатарын бүгінде тоқсанның төріне шыққан Рахымжан Бәйменов бастап, жасы сексеннен асқан Төлеу Сүлейменов, Марат Сақтапов, олардың ізін басып жүрген Бақтияр Наурызба­ев, Үсейін Сүлейменов, Әнуар Қарсақбаев, олардан кейінгі буынның жалғастырып жатқаны турнирдің мерейін асырды. Тартысты ойын нәтижесінде ширек финалға 8, жартылай финалға 4 ойыншы шықты. Ақтық ойында тереңөзектік Төлеу Сүлейменов жоғары шеберлік көрсетіп, жүлделі бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орын майталман ойыншы Бақтыбай Мәтібаевқа бұйырды. Ал асқарлық Шаймахан Асанов үшінші тұғырдан көрінді.
Турнир қорытындысында жеңімпаздар мен барлық қатысушыларға ақшалай және заттай сыйлықтар берілді. Жарысқа шаруашылық пен О.Исабаевтың қыздары, ағайын-туыстары демеушілік жасады.
Ізгі шараның қорытындысында сөз алған О.Исабаевтың інісі Шарапат Атахаев қазіргідей рухани жаңғыру кезінде шараны мазмұнды ұйымдастырған азаматтарға ризашылығын білдіре келе, жарысты жыл сайын өткізу дәстүрге айналатынын айтты.

Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ

23 шілде 2019 ж. 911 0