ҚАРТТАРЫН ҚАДІРЛЕГЕН ЕЛ ОЗАДЫ
Асқар ауылы қашанда ынтымақ пен бірлікті қатар ұстаған іргелі ел. Мұнда соңғы жылдары ауыл тұрғындары үшін көптеген игілікті істер атқарылуда. Мешіт жанынан 180 орындық асхана салынып, қазіргі уақытта ішкі жұмыстары жүргізілуде. «Қарттарын қадірлеген ел озады» дегендей, ардагерлер дем алатын орын жақында жаңғыртудан өтті.
Ардагерлер бөлмелерінің безендірілуіне көрген жанның көңілі толады. Ауыл әкімдігінің ғимаратында орналасқан, аумағы ат шаптырым үлкен бөлме екі бөлікке бөлініп, жабдықталған. Төргі бөлме төріне су жаңа теледидар қойылған. Бұл ардагерлердің күн сайын елімізде болып жатқан жаңалықтарға қанығу үшін жасалған. Осы орында ардагерлердің туған күнін, қарттарға арналған түрлі іс-шараларды өткізу жоспарланып отыр. Оны тақтай орындықтарда емес, келешекте еденге кілем жайып, қазақи дәстүрде атап өту белгіленді. Алдыңғы бөлмеде жалт-жұлт етіп көздің жауын алатын жаңа бильярд үстелі, шахмат, дойбы ойнайтын үстелдер қойылған. Екі бөлме де толық күрделі жөндеуден өткен. Сыңғырлап тұр. Бұл жұмыстарды жергілікті құрылысшылар атқарған.
– Ауылда қаттарға құрмет айрықша. Шаруашылық басшысы Меңдіғали Есжанов қандай да бір игілікті істің жобасын айтсаң, іліп алып жалғастырып әкететін білікті азамат. Осындай ардагерлер бөлмесін жасақтап бергені үшін ризашылығымыз шексіз. Ол тек ардагерлерге ғана емес, ауыл тұрғындарына, жастарға қамқорлық танытып келеді, - дейді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Пернебек Әлиакбаров.
Ауылдың қарт тұрғындары, кезінде даңғайыр диқандар Жақсылық Жәрекеев пен Оразалы Оразбев ауылда жасалып жатқан игі істерге дән риза. Ауыл әкімінің шаруашылық басшысының, ардагерлердің бірлесіп жүргізген жұмыстарының нәтижесінде ауыл жылдан-жылға көркейіп келеді. Ауылдан жастар тұрақты жұмыс тауып, туған жерді түлетіп жатқаны мәртебе. Ардагерлердің екінші үйіне шаруашылық басшысының жетекшілігімен күрделі жөндеу жүргізген де сол жергілікті жастар көрінеді. Қолы шебер сол жастар ауылда жеке тұрғын үй салуға да атсалысып жүр. Бұл ауыл тұрғындарының сырттан құрылысшы іздемей, білікті мамандар өз араларынан табылып жатқанының куәсі.
Ардагерлерге арналған бөлмеде олардың бос уақытында мазмұнды демалуына барлық жағдай жасалған. «Келісіп пішкен тон келте болмайды» дегендей, ауылға қатысты барлық мәселені осы жерде төрт көзі түгел отырып шешеді.
Шаруашылық басшысының ауылды көркейтуге арналған, алдағы күндерге межелеген біршама жоспары бар. Ол ауылдан бұрынғы моншаның орнына қоғамдық монша тұрғызу, жастар демалатын аллея салу және т.б.
Асқарлықтар жыл сайын басты дақыл – күріштен мол өнім алып, қарттар мен жастарға қолдау көрсетіп, ауылдың ынтымағын сақтауға қызмет етуде. Олай болса, сүттей ұйыған ауылдың болашағы жарқын болмақ.
Шахарбек НҰРСЕЙІТОВ