«Roca Group» инвестициялық жобасын жүзеге асыру барысы талқыланды
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев «ROCA Қазақстан» ЖШС бас директоры Даниэль Эрнандеспен кездесті. Онда санитарлық-техникалық бұйымдар өндіретін жоғары технологиялық зауыт жобасын жүзеге асыру барысы талқыланды.Мемлекет басшысы жаңа инвестицияларды заманауи өнеркәсіптің негізін қалыптастыруға бағыттауды тапсырғаны белгілі. Осы орайдағы нақты бастамалардың бірі – «Roca Group» компаниясының Қызылорда облысында жүзеге асырып жатқан жобасы.
Еске салайық, 2025 жылғы 15 желтоқсанда облыс әкімдігі және «Roca Group» компаниясы арасында Инвестициялар туралы келісімге қол қойылған. Бастапқыда жобаның инвестициялық құны 70 млн еуро болса, бүгінде 83 млн еуроға дейін ұлғайды. Кәсіпорын алғашқы кезеңде жылына 500 мың дана өнім шығаруға есептелген. Алдағы уақытта өндіріс көлемін 1 млн данаға дейін арттыру мүмкіндігі қарастырылуда. Жоба аясында шамамен 700 тұрақты жұмыс орны ашылады.
«Біз бұл зауытты өңіріміздің өнеркәсіптік әлеуетін арттыратын, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті өндірісті дамытуға серпін беретін маңызды инвестициялық жоба ретінде қарастырамыз. Сондықтан оның белгіленген мерзімде әрі сапалы жүзеге асуына мүдделіміз.
«Roca» өнімдерін мемлекеттік және жеке инвестициялар есебінен салынып жатқан нысандарда кеңінен қолдану бағытында да жұмыс жүргізудеміз. Бүгінгі күнге дейін «Қызылорда Арена» спорт кешені мен аурухана құрылысына қатысты екі келісімшарт жасалды. Алдағы уақытта ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуді көздеп отырмыз», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Зауыт құрылысына Қызылорда қаласынан 24 гектар жер учаскесі уақытша өтеусіз пайдалануға берілді. Биыл 28 мамырда кәсіпорынның іргетасына капсула салу рәсімі өтті. Қазіргі уақытта зауыттың дизайны мен эскиздік жобасын әзірлеу аяқталып, жобалау жұмыстары жүргізілуде.
Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін қаржыландыру мәселесі қарастырылып, құрылыс-монтаж жұмыстарына кірісу жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, смесительдер мен инсталляциялық жүйелерді құрастыру өндірісінің мәселесі пысықталуда. Инвестор аталған өндірісті жыл соңына дейін іске қосуды жоспарлап отыр.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі










