А.ТОҚМАҒАМБЕТОВ АТЫНДАҒЫ ТУРНИР
Қашанда бильярд спорт төресі. Осы тамаша ойынды біздің ардагерлеріміз беріліп ойнайды. Ақиық ақын Асқар ауылында турнир өтеді дегеннен кент ардагерлері қызу дайындыққа кірісті. Өз араларында бірнеше дүркін іріктеу сайыстарын өткізді. Өткен сәрсенбінің сәтінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы мен кент ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев бастаған ардагер спортшылар бильярдтан өткізілген ақиық ақын А.Тоқмағамбетов атындағы турнирге қатысты.
... Құт қонған қасиетті ауылда өткен жылдың Тәуелсіздік мерекесі күні шаруашылық басшысы Меңдіғали Есжановтың демеушілігімен ардагерлердің бильярд залы пайдалануға берілген болатын. Бұл шағын спорт алаңы содан бері ардагерлер мен ауыл тұрғындарының бос уақытын мазмұнды өткізетін демалыс орнына айналды. А.Тоқмағамбетов атындағы турнирде кент пен атақты ақын ауылының ардагерлері өзара кездесті.
Біріншілікті ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы П.Әлиакбарұлы құттықтау сөзбен ашты.
– Елбасының «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы бойынша елімізде спортпен айналысушылардың санын 30 пайызға жеткізу талабына сәйкес ауылда спорттың түр түрі дамып келеді. Соның ішінде жаңа зал ашылғалы бері ардагерлер мен ауыл тұрғындарының арасында бильярдпен шұғылданушылардың саны артты. Бұған дейін қалада тұратын асқарлық азаматтар ауылға келіп, бірнеше мәрте турнир ұйымдастырды. Ал, бүгінгі біріншіліктің маңызы ерекше. Ауылдың атын иемденген атамыздың атынан өткізіліп жатыр. Сәттілік тілеймін, - деді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы. Сондай-ақ, Х.Әбенұлы, ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы З.Сыздықова спортшыларға жеңіс тіледі.
«Қарттарын қадірлеген елде қасиет бар» дегендей турнирге демеушілік жасаған шаруашылық басшысы М.Есжанов біріншілікке бастан аяқ қатысып, төрешілердің құрамында жүрді. Бұл да турнирдің жоғары деңгейде өтуіне игі ықпалын тигізді. Кең де жарық залға қойылған екі бильярд үстелінде тереңөзектіктер мен асқарлықтар төрешінің белгі беруімен өзара кездесуін бастады. Асқарлықтар құрамында Серік Қошқаров, Бахтияр Наурызбаев, Бақыт Жылқыбаев, Шаймахан Асанов, Алмағазы Абдуллаев, Мәлік Оспановтар ойнаса, тереңөзектіктер құрамында биыл жасы тоқсанның төріне шыққан ардагер спортшы Рахымжан Бәйменов, Төлеу Сүлейменов, Сергей Тоқсанбаев, Рахым Райымов, Мектепхан Елеусінов, Алданбай Үсенбаев өнер көрсетті. Бір айта кететін жайт екі құрамада жоғары деңгейде өнер көрсетті. Олардың бапкерлері Х.Әбенұлы мен П.Әлиакбарұлы бильярдтан хабары мол, ойын техникасын жақсы меңгерген азаматтар.
«Заман жақсы болса, жас көрінер қартыңда» дегендей ойыншылардың көпшілігі 90, 80, 70 жасқа жетеқабыл қарттар болса да, 50-60 тағы жігіттерше жіті қимылдап, ширақ ойнады.
Турнир тартысты өтті. 12 спортшы қатысқан ойыннан келесі кезеңге жеңімпаз 6 адам шықты. Одан 4 адам жартылай финалға жолдама алды. Оның жеңімпаздары финалдық ойында өзара кездесті. Біріншілік қорытындысында Мектепхан Елеусінов жеңімпаз атанды. Екінші орынды облыстық жарыстардың жүлдегері, шебер ойыншы Төлеу Сүлейменов еншіледі, ал үшінші орынды қарттығына қарамастан шеберлігімен көзге түскен Рахымжан Бәйменов қанжығасына байлады. Төртінші орынға Шаймахан Асанов табан тіреді. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлық табыс етілді. Ал, жарысқа қатысушылардың барлығы ұйымдастырушылар тарапынан сыйлықсыз қалған жоқ. Оларға немерелерімен бірге шәй ішу үшін тәтті торт таратылды.
Болашақта асқарлықтар турнир аясын кеңейтіп, аудан көлемінде өткізуді жоспарлап отыр. Олай болса іске сәт дейміз.
Шаhарбек Нұрсейітов
Бахтияр Наурызбаев,
ардагер спортшы:
– Турнир тамаша өтті. Залда ойын ойнауға лайық екен. Осындай жарыстар жиі ұйымдастырылып тұрса, елдің мерейі. Қаншама адам келіп турнирді тамашалады, спорттық қуат алды. Асқарлықтардың абыройы арта берсін!
Алданбай Үсенбаев