Бұлақ көрсең көзін аш...
Аудан үнпарағына – 80 жыл. Бұл айтулы дата. Осыған орай аудандық басылым ұжымы әр айға маңызды шаралар белгілеген болатын. Осы маусым айында газеттің байырғы редакторы Ізхан Досмағанбетов және талантты журналист Серік Әлімбетов атындағы эссе жазудан шығармашылық байқау жарияланған еді. Байқауға әдебиетке бейімі бар 14 пен 29 жас аралығындағы жастар қатысты.
“Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру” және “Жастар жылы” тақырыбына өткізілген байқаудың қорытындысы бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні мерекесі қарсаңында шығарылды. Жеңімпаздарға жүлде тапсыруға шараның демеушісі “Құндыздымай” ШҚ төрағасы Бөлеген Рақмет, Ізхан ағайдың зайыбы Сара, Серік ағайдың зайыбы Шәкен апайлар қатысты. От ауызды, өткір тілді журналистердің зайыптары маңызды тартымды болған шараны ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді. Өйткені басылымға басшылық жасап, оның көрнекі, мазмұны бай болып шығуына ардақты журналист ағалардың қосқан үлесі зор. Сонымен қатар алдағы шараларда редакцияда көп жыл еңбек етіп, өзіндік із қалдырған талантты қаламдастар атынан түрлі еске алу шараларын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Жергілікті басылымның 80 жылдығы осынысымен де құнды. Ізгі шарада Сара, Шәкен апайлар, шаруашылық басшысы Бөлеген Рақмет сөз сөйлеп, талапты жастарға ақ жол тіледі. Байқау қорытындысында сәкендік Мұхамеджан Мансұров бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орын тереңөзектік Әйгерім Қанжарбаеваға бұйырды. Ал үшінші орынды №210 О.Әбілпаттаев атындағы мектептің жоғары сынып оқушысы Жомарт Наршаев жеңіп алды.
Жалынды жастар атынан Нұрахмет Мансұров жыр оқыса, Жомарт Наршаев “Қобыланды” қиссасынан үзінділерді мәнерлеп жатқа айтты.
Жеңімпаздарға бағалы сыйлық пен арнайы “Диплом”, ал қатысушылардың барлығына “Алғыс хат” пен ынталандыру жүлделері берілді.
Ш.БАЛТАБАЙҰЛЫ