«Әділет» партиясы президент бастамаларын қолдайды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» тақырыбындағы Жолдауын еліміздің алдағы даму бағыттарын айқындайтын маңызды саяси құжат ретінде қарастыруға болады. Жолдауда мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру, қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау, ұлттық бірлікті нығайту және рухани құндылықтарды дәріптеу секілді өзекті мәселелер кеңінен қамтылды. Шын мәнінде, бүгінгі жаһандық өзгерістер мен жаңа сын-қатерлер жағдайында Қазақстанның тұрақты дамуын қамтамасыз ету – барша қоғамға ортақ міндет. Президент Жолдауында көтерілген бастамалардың маңызы зор. Өйткені елдің өркендеуі тек экономикалық көрсеткіштермен ғана емес, халықтың өмір сүру сапасымен, әлеуметтік әділеттілік қағидаттарының орнығуымен және азаматтардың болашаққа деген сенімімен өлшенеді. «Әділет» партиясы Мемлекет басшысы ұсынған бастамаларды қолдай отырып, олардың жүзеге асуына үлес қосуды басты міндеттерінің бірі деп санайды. Партия үшін Әділетті Қазақстан құру идеясы – қоғам мүддесін қорғауға, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға және ел ішіндегі бірлік пен ынтымақты нығайтуға бағытталған маңызды бағдар.
Мемлекет басшысы «Дәл осындай құбылмалы заманға қарамастан, Қазақстан ел дамуының жаңа дәуіріне үлкен сеніммен қадам басып, кең ауқымды саяси реформаны іске асырды. Бұл – дүние жүзінде өте сирек кездесетін құбылыс. Енді алдағы уақытта да еліміздің егемендігін нығайтуымыз керек. Бұл – қазіргі әлемдегі бұлыңғыр ахуалда ішкі тұрақтылықты сақтай отырып, өсіп-өркендеу деген сөз. Осы жолда бүкіл қоғам, соның ішінде отаншыл, белсенді, білімді азаматтар қарқынды еңбек етуі керек» деп атап өтті.
Расында да Әділетті қоғам қалыптастыру үшін заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, әлеуметтік жауапкершілікті күшейту және халықтың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайту ерекше маңызға ие. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі әрі нәтижелі жүргізілгенде ғана ел дамуының берік негізі қаланады. Сонымен қатар, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдету, азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту, жастарға жаңа мүмкіндіктер ашу және ұлттық құндылықтарды сақтау – ортақ жауапкершілікті талап ететін міндеттер. Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың, саяси партиялардың және азаматтық қоғам өкілдерінің өзара іс-қимылы маңызды. Жолдауда бұл басым бағыттар жөнінде кеңінен айтылып, жаңа тарихи кезеңдегі өзекті міндеттеріміз айқындалды. Әрине, «Әділет» партиясының негізгі ұстанымы – халық мүддесіне қызмет ету, қоғамдағы әділеттілік қағидаттарын нығайту және елдің тұрақты дамуына ықпал ету. Осы бағытта партия Президент бастамаларын қолдап қана қоймай, қоғаммен байланысын нығайтуға, азаматтардың ұсыныстары мен талаптарын назарға алуға және ел болашағына қатысты маңызды мәселелерді талқылауға атсалысуға ниетті.
Қорыта айтқанда, Әділетті Қазақстанды қалыптастыру – бір күннің немесе бір ұйымның міндеті емес, бүкіл қоғамның ортақ мақсаты. Елдің бірлігі мен тұрақтылығы сақталып, әр азаматтың мүддесі ескерілген жағдайда ғана жарқын болашаққа жол ашылады. Сондықтан біз халықтың әл-ауқатын арттыру, қоғамдық келісімді нығайту және Қазақстанның жан-жақты дамуына үлес қосу бағытындағы маңызды жұмыстарды жаңа қарқынмен жалғастыратын боламыз.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
«Әділет» партиясы Сырдария аудандық филиалының төрағасы









