ГАЗЕТ ҰЖЫМЫ ЖАС ОҚЫРМАНЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Қай кезде де қоғам өмірінде баспасөздің орны бөлек. Өйткені, елде, жерде болып жатқан жаңалық, хабардың барлығы осы бұқаралық ақпарат құралы арқылы тарайды. Ахметше айтсақ «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм үні». Бұл саяси құрал, тәрбие көзі, рухани орта. Осы үдеден шығып келе жатқан аудан айнасы болған «Тіршілік тынысы» газетіне биыл 80 жыл толып отыр. Осы аралықта аудан басылымы өңірдің тыныс-тіршілігін үзбей ақпараттандырып, оқырманға қоғамдық-саяси, рухани-танымдық дүниелерді ұсынып келеді. Айтулы мерейтой аясында редакция ұжымы түрлі деңгейдегі іс-шараларды ұйымдастыруда. Соның бірі аудан оқушыларымен кездесу өткізіп, газет жұмысымен таныстырды.
80 жылдық аясындағы шара алдымен «Еңбек даңқы» музейінен бастау алды. Мұнда музей қызметкерлері аудандық газет тарихына қатысты арнайы бұрыш жасап, таныстырып өтті. 1939 жылдың наурызынан бастап халыққа тараған газетті басқарған редакторлар, осында қызмет еткен қарымды қаламгерлер жөнінде айтты. Сондай-ақ, баспасөздің әр уақыттағы жеткен жетістіктерін де тізбектеп берді. Бұл жерге жиналған мектеп оқушылары газет тарихымен қоса, музейде жасақталған аудан тарихымен де танысты. Айта кетейік, басылым тарихына қатысты жасалған арнайы бұрышты аудандық тарихи-өлкетану музейінен көруге болады.
Мұнан соң аудан оқушылары газет редакциясына барып, ондағы жұмыс барысын көрді. Негізі, көпшілік баспасөз жұмысын жеңіл деп ойлайды. Алайда мұндағы жұмыс өте қауырт. Өйткені, кез келген іс-шараны немесе қоғамдық, танымдық материалды беруде қаламгер үлкен жауапкершілікпен жұмыс жасайды. Оқырманға ойлы дүниелерді ұсыну, оны баспа бетіне түсіру, әрбір мақаладағы қателермен жұмыс, газеттің дизайнын жасау жұмыстары ыждағаттылықты талап етеді.
Редакцияда білім ізденушілерге аудандық газеттің бас редакторы С.Сұлтанқызы ұжыммен таныстырып, газет жұмысына тоқталды. Бұл жерден көптеген елге белгілі ақын-жазушылар шыққанын айтып, мерейтой аясында оқушыларға осындай мүмкіндік жасалып отырғанын жеткізді. Аудандық басылым ғимаратында мектеп оқушыларына әрбір бөлімнің жұмысы түсіндірілді. Алдымен, материал дайындаудың қыр-сыры айтылса, оны беттеу, яғни дизайнын жасау көрсетілді. Сондай-ақ, қазіргі заман талабына сай газеттің сайт жұмысы күнделікті ақпаратты жеткізіп отыратыны айтылып, оның да маңыздылығы сөз болды. Өз кезегінде газет таратушылары аптасына екі рет шығатын баспасөздің оқырманға жылдам жету тұрғысында атқарып жатқан жұмыстары жөнінде айтып өтті.
Мерекелік шара аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің «Коворкинг» орталығында қорытындыланды. Бұл жерде де аудан кітапханашылары газетке қатысты көрме ұйымдастырған. Оны да таныстырып, аудан айнасы мен кітапхана арасындағы байланысты тілге тиек етті.
«Коворкинг» орталығында бас редактор қазіргі таңда редакцияның материалдық базасы нығайып, қаламгерлерге сапалы жұмыс атқаруға мүмкіндіктер жасалғанын айтты.
– Кезінде барлығын бір дизайнер жасайтын. Мақаланы тереді, оны бетке салады. Ал қазір әрбір журналистің алдында компьютер бар. Әркім өз мақаласын өзі теріп, оның қатесін шығарып, дизайнерге ұсынады. Сонымен бірге, бүгінгі таңда журналистердің біліктілігін арттыруға жағдай жасалуда. Өткен жылы мықты қаламгеріміз Бибісара Жанәлі Мәскеу қаласына іссапармен барып, тәжірибе алмасып келді. Сондай-ақ, журналистер ел аумағында өтіп жатқан халықаралық шараларға қатысып, біліктілігін арттыруда. Жалпы, біз шығармашылықпен айналысып, журналист болуға талпынып жүрген жастарға әркез қолдау білдіреміз, бағыт-бағдар береміз. Сондықтан оларды газетпен тығыз байланыста болуға шақырамыз, – деді С.Сұлтанқызы.
Өз кезегінде газеттің жауапты хатшысы Ш.Нұрсейітов, бөлім меңгерушісі Б.Жанәлі, сайт редакторы Б.Ордабеков сөз сөйлеп, жастардың сұрағына жауап берді. Оның ішінде, оқушыларды апта сайын шығатын газетке ақпаратты қайдан алатыны туралы қызық болды. Оған қазіргі таңда мүмкіндіктің көп екендігі айтылды.
Орталықта аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Е.Әбілдаев өзінің лебізін білдіріп, шығармашылық табыс тіледі. Сонымен қатар, ұстаздар да аудандық газеттің көркемдік ерекшелігіне тоқталып, тұрақты оқырман екенін жеткізді. Жалпы, іс-шара барысында оқушылар аудан басылымының жұмысымен толық танысты.
Е.БЕРКІНБАЕВ