Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖУРНАЛИСТ ЖАРАТЫЛҒАН ТОМ ЖАЗУҒА...

ЖУРНАЛИСТ ЖАРАТЫЛҒАН ТОМ ЖАЗУҒА...

Ауданның тыныс-тіршілігін жарияға жар салып келе жатқан газеттің тарихы тереңде жатыр. Сексен жылдық белесті бағындырған басылым осы уақыт ішінде оқырманға ой саларлық дүниелерді жариялап, жағымды жаңалықтарды сүйіншілеп келеді. Қазір редакцияның жағдайы жақсарып, газет басу ісі автоматтандырылған. Ал біздің кезімізде газет шығару қиын еді.
Жас кезімізде билікке Н.С.Хрущев келгенде түрлі реформалар енгізіп, елді бүлдіргені бар. Ол партияны ауыл шаруашылығы министрлігіне бағындырып қойды. Одан кейін «Аудандық партияға газеттің қажеті жоқ» деп жаптырып тастады. Содан аудандық газеттер тарап кетті. Қайда барарымызды білмей қалдық. Сол кезде аудандық білім бөлімін Битай Қуанов деген кісі басқаратын. Сол кісі мені «Оқушылар үйіне» директор етіп тағайындады. Аты ғана болмаса, мұнда марериалдық база қалыптаспаған екен. Тек екі барабан, бір үрмелі аспап қана бар. Алып бара жатқан жұмыс жоқ, бірақ айлық жүріп жатыр.
Бір күні Б.Қуановпен әңгімелесіп қалдық. Сонда ол кісі «Мұхтар, көр де тұр газет қайта ашылады. Сол кезде мені әулие дерсің...» деді. Әрине, газеттің ашылғаны бізге қуаныш. Ол кісінің айтқанына ішім жылып қалды. Одан кейінгі жуық арада тағы келіп «Аудандық партия бір шешім қабылдады. Мен сені ұсындым» деп сүйінші сұрады. Сөйтсем, поштадан радиоторап ашылып, соны бір мұғалім екеуміз жүргізетін болыппыз. Ауданда газет жоқ, алайда халыққа хабар, жаңалық тарату қажет. Соған осы жұмыстар ұйымдастырылған. Күніне бір сағат жүргіземіз. Ауыл-ауылға тарайды. Радиоторап жұмысын Г.Бандин деген орыс жігіті, ұзын бойлы шешен жігіті жүргізді. Екі-үш ай радиодан хабар тараттық. Бір күні әлгі орыс жігіті келіп «Аудандық газет ашылатын болды» деп құттықтап жатыр. «Қайдан естідің?» деймін. Ол радиодан тарағанын жеткізді. Кешкісін радиодан қайта естідім. Содан бір апта өткен соң жұмыс қайта жанданды. Газет тарағанда көршілес Жалағаш, Жаңақорған, Шиелі аудандарының баспаханасын алып қойыпты. Біздің аудан және Арал ауданында сақталып қалған. Бізде редакция қайта ашылғанда Жалағаштан С.Қожаниязов, Б.Уызбаев, Қ.Нұрғалиев келді. Ал Сырдариядан Ә.Рахымбеков, Ш.Рахметбеков, Ш.Бектасов газетке қабылданды. Бас редактор Ж.Елеуов болды. Редакцияда Т.Тобағабыл, Б.Өтепов, С.Есмаханов, Ш.Оңалбаевтар қызмет атқарды.
Ол кезде ауданның бірінші хатшысы Н.Бердіқұлов еді. Жоғары білімі болмағанымен ұйымдастырушылығы мол. Барлық бөлімді жұмысқа тартатын. Кесек құйғызады, құрылысқа апарады, масақ тергізеді. Редакция аудандық партия ғимаратының ішінде орналасқан. Содан газет шыққан соң редакцияны жаптырып, барлық бөліммен қосып жұмысқа апарады.
Бір күні жұмысқа шығайын деп жатқанда Асқар Тоқмағамбетов келе қалды. Машинадан түсе бергенде бірінші хатшы алдынан шықты. Бәріміз қолын алып, амандық-саулық сұрасып жатырмыз. Жағдайымызды сұраған соң жұмысқа бара жатқанымызды жеткіздік. Сол кезде Асекең:
– Әй, Бердіқұлов!
Журналист жаратылған том жазуға,
Сен оларды жұмсайсың тоң қазуға.
Бір күні «Правдаға» шығып жатсаң,
Кетесің ана жаққа ор қазуға, – дегенде бірінші хатшы:
– Асеке, болды, болды. Әй осы 5-10 адам бармағаннан жұмыс тұралап қалмас, қалыңдар, – деді. Осы сәт әлі есімнен кетпейді. Одан кейін бармайтын болдық.
Бір жылдары Орталық комитеттен бір кісі келіп, редакция аудандық партия комитетінен бөлек болу қажеттігін айтты. Сол бойынша осы орталықтан төрт бөлмелі үй алынып, соған көштік. Жағдай жақсара бастады. Мен хаттар бөлімінің меңгерушісі болдым. Газет шығару қиын болды. Мақалаларды қолмен теретін. Қазіргідей компьютер емес. Линотип жоқ. Газет макеті жасалғаннан кейін шашып алса түнімен қайта жасалатын. Бәрі әріпке таласып, терушілер, бет жасаушылар қалталарына салып алатын. Ондағысы жұмыстан ерте қайту еді.
Кейіннен аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына Қонысбек Қазантаев келді. Сол кезде бас редактор мені аудандық партия комитетіне шақырып жатқанын айтты. Барсам М.Исаев «Баспаханаға директор боласың» деді. Өздері «Көмектесеміз, линотип алып береміз» деген соң келісе кеттім. Айтқандай-ақ, линотип алып берді. Баспахана жұмысы жеңілдене бастады. Бірақ сол құрылғымен жұмыс жасайтын маман болмады. Оған арнайы Анар Ысқақованы оқыттық. Аз уақыттың ішінде маман болып шыға келді. Одан кейін де осы ленотиппен жұмыс жасаған қыз-келіншектер болды.
Баспахана директорлығынан хаттар бөліміне қайта бардым, одан кейін жауапты хатшы қызметін атқардым. Осы газет саласында жүріп зейнет демалысына шықтым. Бұл жерден көптеген ақын-жазушылар тәрбие көрді. А.Жанаев, Т.Тобағабыл, А.Дәуренбеков, Б.Аманбаев, А.Маханбетов, Т.Дайрабаев, Ж.Дәрібаева, С.Оспан, Иран-Ғайып және тағы басқалар осы жерден шықты.
Жалпы, аудандық газет жұмысы қиын да қызық. Осы жерде еңбек жасаған жылдар менің көз алдымда. Түрлі қызықтармен бірге қиыншылықтар да болды. Бірақ шығармашыл адамдардың ауызбірлігінің арқасында бәрін еңсере білдік. Биыл газетке 80 жыл толып отыр. Осы уақыт бойына аудан тынысын тынбай жариялап келеді. Тарихы тереңдегі басылымның алдағы жұмысына да сәттілік тілеп, жазар таусылмасын деген тілек білдіремін!

Мұхтар САҚТАПОВ,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі,
Сырдария ауданының Құрметті азаматы
03 сәуір 2019 ж. 674 0