Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ӨТКЕНСІЗ БҮГІН ЖОҚ...

ӨТКЕНСІЗ БҮГІН ЖОҚ...


Газет жұмысы инемен құдық қазғандай бейнетті, бірақ қызығы да қатар жүретін, оқып-тоқығанды, ізденгенді керек ететін еңбек. Демек, қалам ұстағандарға абырой тек табан ет, маңдай термен келеді. Оған қоса, кәсіпке деген адалдық та керек.
Журналистің әр жазғанын, аузынан шыққан әр сөзін мыңдаған оқырман қалт жібермей қарап отырады. Сондықтан әр сөзге мән беріп, салмақтап, таразы басына салып барып, оқырманға ұсынатын қаламгердің еңбегін ешкім де оңай деп айта алмайды.
Аудандық газет тарихы 80 жылдық белесті бағындырғалы отыр. Осынау қиыр-шиыры мол жолда редакцияда небір «мүйізі қарағайдай» қаламгерлер, түпсіз тереңнен сөз маржанын терген ақын-жазушылар шыққаны белгілі. Солардың ішінде көзге көріне бермейтін баспа ісінің білгірлері, қалт еткен өмірді сырт еткізіп, объектив көзінен өткізген – фототілші еңбегі, есебін түгелдеп, сансыз цифрды бағындырған, сөйтіп мекеменің бары мен жоғын түгендеген есепшілер мен баспахана жұмысшыларының жұмысы егжей-тегжейлі айтыла бермейді. Бүгінде аудандық газет редакциясы жанындағы баспахананың болғанын көзі көргендер болмаса, кейінгі толқын жастар біле бермейді. Сондықтан бүгінгі әңгімемізден баспахана қызметкерлері де тыс қалмақ емес. Олардың ішінде саланы басқарған марқұм Қалман Төлегенов өз ісінің нағыз білгірі атанған еді.
Баспахананың бас есепшісі Сара Еркінбаева, редакцияның бас есепшісі Айбүбі Алданова қос мекеменің есеп-қисабын жүргізсе, өткен жылы қайтыс болған Әнәфия Іскендірова апамыз, редакцияның корректоры марқұм Кеңескүл Сәдуақасқызы, қас-қағым сәтті тарихқа айналдырған фототілші Ерғали Әбдіхалықұлы, газеттің жауапты хатшысы болған, ақын Балашбек Шағырұлы, ақын қыз Шолпан Оразова есімдері әріптестер жадында.
Жақында газетті 14 жыл бойы басқарған Абызбай аға Маханбетов дүниеден өтті, 86 жасқа қараған шағында. Әрине, өткенсіз бүгін жоқ. Бүгінсіз ертеңді көз алдыңа елестете алмайсың. Демек, өткенді бірге бағындырған әріптестерді кейінгілерге айту, есімін еске алу тірілердің парызы.

С.СҰЛТАНҚЫЗЫ
27 маусым 2018 ж. 1 238 0