Таратушыға тыным жоқ
Дүйсенбі, сәрсенбі мен жұма күнгі қызу жұмыс бітіп, газет беттеліп, баспадан басылғаннан кейін оны халыққа жеткізудің өзі үлкен жұмыс. Ол үшін редакцияда менеджер Алмат Күзембаев, баспасөз маманы Роза Тұрғанбекова және кентте, ауылдарда таратушылар бар. Тарату бөлімі қызметкерлері редакцияға келген газетті ауыл-ауылға бөліп, оның уақытылы аудан тұрғындарына жетуін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, газеттің таралымын ұлғайтуға, тұрғындарды газетке жазылуына жұмыс жасайды.
«Сыр медиа» ЖШС 2016 жылдан бастап газет таратуды қолға алған еді. Негізінен, облыстық екі газет, қалалық және аудандық газеттерді тарату үшін ауданға қарасты 13 ауылдық округ пен кент орталығына жұмыскерлер алынып, қазіргі таңда басылымдар уақытылы жеткізілуде. Осы тұста, газет таратушылардың ерекше еңбегін атап өту керек. Өйткені, қысы-жазы, күн суықта, ыстықта, балшықты күні газеттің уақытылы оқырманға жетуіне мұрындық болып жүрген жандардың жұмысын кез келген жан атқара бермейді. Аптасына облыстық, аудандық газеттер үш рет таратылатын болса, үйді-үйді аралап, газетті дер кезінде оқырманға жеткізу де оңай емес. Мұнда да қиыншылық жетерлік. Көшеде бір үйден екінші үйге шаршап-шалдығып жүріп таратады, кейде қабаған иттер үйлерге жолатпай жатады. Міне, осыған қарамастан газет таратушылар Әтіркүл Омарова, Бекзат Ешпанов, Аяжан Құлпейіс және тазалықшы Орынкүл Жұманазарова өз жұмысына жауаптылық танытып жүр.
Пікір 2