Сот үкім шығарды
Бұрнағы күні Сырдария аудандық сотында аудандық сот төрағасы Абдрахман Абдулла БАҚ өкілдерінің қатысуымен сот өндірісінде қаралған есірткі заттардың заңсыз айналымына қатысты қылмыстық іс бойынша брифинг өткізді.
Алдымен сот төрағасы А.Абдулла брифинг барасында қаралған іс бойынша ақпаратпен бөлісті. Негізінен сот үкімімен сотталушылар Ш., М., И.-дің 2018 жылдың мамыр айынан бастап 2018 жылдың қыркүйек айының 23-і аралығында «Қызылорда-Жезқазған» тас жолының 182 шақырымынан шығысқа қарай шамамен 30 шақырым жерде «Сарысу» деп аталатын канал маңында орналасқан жер учаскесінде құрамында есірткі заттары бар өсiруге тыйым салынған сора өсiмдiктерiн адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен ірі мөлшерде егіп-өсіргендері анықталған.
Осы орайда Ш. және М. аталған жер учаскесі басында күндіз-түні болып, есірткі заттарын тікелей егіп-өсіріп, күтіп баптағаны, осы ретте И. өз кезегінде өзара келісім бойынша аталған азаматтарға есірткі заттарын егіп-өсіру үшін қажетті тұрмыстық, шаруашылық заттар мен азық-түліктерін жеткізіп отырған, яғни қылмысты ұйымдастырғаны үшін және өткен жылдың тамыз айында бұл есірткі алқабы басында су тапшылығы орын алуына байланысты, аталған алқапқа есірткі заттарын суару үшін су тартатын құрылғы орнатуға өзінің бұрын-соңды танысы Н.-мен өзара келісіп, бұл есірткі алқабы басына су тартатын құрылғыны орнатып есірткі заттарының заңсыз айналымына көмектескені үшін Н. алғашқылармен бірге кінәлі деп танылды және Ш.-мен М., 2018 жылдың қыркүйек айында есірткі алқабы басында өздері егіп-өсірген есірткі заттарын аса ірі мөлшерде өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындап, сақтағандары үшін кінәлі деп танылды.
Сот өндірісінің нәтижесінде аталған азаматтар белгіленген мерзімге бас бостандығынан айырылды.
«ТТ» ақпарат