Қазақстан халқының саны 18 миллион 376,2 мыңға жетті
Қазақстан халқының саны 2018 жылдың 1 желтоқсанында 2017 жылғы көрсеткіштен 238,9 мың немесе 1,3% өсіп, 18 миллион 376,2 мыңды құрады, деп хабарлайды Today.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің мәліметінше, есепті кезеңде қала тұрғындарының жалпы саны 10 миллион 626,2 мыңға жетіп, жалпы халық санының 57,8%-ын құрады. Ал ауыл тұрғындары 7 миллион 750 мың немесе 42,2% болды.
Былтыр қаңтар-қараша айларында республикада 1 жасқа толмаған 2882 сәби шетінеген (2017 жылдың қаңтар-қараша айларында - 2896).
2018 жылдың он бір айында әр 1000 сәбидің 7,86-сы шетінеген. Сәбилер өлімінің негізгі себебі перинаталдық кезеңде туындаған жағдайлар болған. Соның салдарынан былтыр қаңтар-қараша айларында 1474 сәби (жалпы көрсеткіштің 51,1%-ы) шетінеген.
2018 жылдың қаңтар-қараша айларында Қазақстанға көшіп келгендердің саны алдыңғы жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 20,5% азайып, кеткендер саны 11,9% артқан. Елге келушілердің 78,6%-ы ТМД елдерінен келсе, кетушілердің 90,3%-ы Достастық елдеріне кеткен. Ел ішінде көшіп-қонушылардың саны 12,2% азайды.
Өңіраралық көші-қонның оң сальдосы Шымкент (38 074 адам), Алматы (31 738) және Астана (17 617) қалаларының үлесіне тура келеді.
Пікір 2