ҰЛТ ТАРИХЫНЫҢ ӨЛШЕМІ
Қазақта жеті саны киелі саналады. Елбасы өзінің жаңа мақаласын «Ұлы даланың жеті қыры» деп атауы да бекер емес. Адамзаттың қалыптасу тарихын тереңнен зерттеп, ұлтымызға тән ұлылықты сипаттап берген мақалада тұтастай ел тарихы тайға таңба басқандай көрсетілген. Кеңістік пен уақыт өлшемімен тығыз байланысты ұлт тарихы ежелгі заманнан бастау алады. Көне дәуірдің өкілдері сол кезеңде тұрмысына қажетті құрал-саймандар жасап, оларды пайдалану күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Оларды дәстүрмен сабақтастырып, келер ұрпаққа аманат еткен бабаларымыздың көшпенді салтын жеті қырымен көрсетіп, алтын мұра ретінде көздің қарашығындай сақтау қажеттігі мақалада айтылған.
Ең бірінші қырын – Атқа міну мәдениеті деп атаған. Атқа міну мәдениеті мен жылқы малын өсіру халқымыздың ата дәстүрі. Алдымен атты қолға үйретіп, оның жабдықтарын жасап, тіпті, ыңғайлы киім-кешектерін тігіп, атқа мығым отыруын ойлаған бабаларымыздың мәдениеті ежелден белгілі. Талай жорықтарда сенімді серігіне айналған қасиетті жануарға қару-жарағын сайлап мініп, батырлар елін, жерін қорғады. Ұлы дәуірдің осынау жетістігін біздің ұрпақ ұмытпауы тиіс.
Екінші қыры – Ұлы даладағы ежелгі металлургия деп аталады. Металлургия өндірісін ежелден игерген адамзат алтын мен күмістен, мырыш пен мыстан, қола мен темірден түйін түйді. Мұны қазба жұмыстары жүргізілген кездегі табылған әшекей бұйымдарынан байқау қиын емес. Бұл да ескі замандағы дала өркениетінің қаншалықты дамығанының көрінісі. Аң стилі мен Алтын адам Елбасы ерекше атап көрсеткен Ұлы даланың бір қыры. Адам мен табиғаттың байланысы, рухани байлықтың айшықты белгісі. Өнерді «аң стилінде» дамытып, металмен жұмыс істеудің техникасын жетік меңгерген бабаларымыз дүниетанымының қаншалықты бай екенін аңғартады. Ал, Тутанхамон атымен белгілі болған Алтын адамның тарихы ескерткіш табылған 1969 жылдан бастап әлемдік ғылымға жаңалық ашты. Сол заманның жауынгері алтыннан жасалған киімді кигені шеберлердің мықтылығын дәлелдесе, екінші жағынан өз көсемдерін алтынмен аптап киіндіру оған деген құрметі деп есептелген.
Түркі дүниесі пайда болған кезең біздің дәуіріміздің 1 мыңжылдығының орта шені. Түркі мемлекеттері мен ұлы көшпенділер империялары еліміздің экономикалық, саяси және мәдени өмірін қалыптастырды. Ұлы Жібек жолы – халықтар арасындағы жаһандық өзара тауар айналымы мен зияткерлік ынтымақтастықтың қалыптасып, дамуы үшін орнықты жүйе болды. Сауда қатынасының басты дәнекері саналған дала белдеуі Қытай, Үнді, Парсы, Жерорта теңізі дала өркениетін байланыстырды. Сондай-ақ халықаралық деңгейде экономика мен мәдениетті өркендетуге мүмкіндік берді.
Кеңістік пен уақыт өлшеміндегі жетінші қыры деп Қазақстанның алма мен қызғалдағын атаған. Алатауды алманың «тарихи отаны» деп санаған ғалымдар оның мән-маңызына ерекше тоқталып, дәлелдеген. Сондықтан хош иісті алма мен әдемілігімен көз жауын алатын қызғалдақ жер жүзіне біздің елді әлі де таныта бермек.
Тарихи сананы жаңғырту мәселесіне де дәйекті түрде тоқталған ел Президенті «Архив-2025» бағдарламасын әзірлеуді, Ұлы даланың Ұлы есімдерін жаңғыртуды, дала фольклоры мен музыкасын, кино өнерін өркендетуді қолға алу керек екендігін айтты. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін кәсіби мамандарды тарту және барша әлемге дәріптеу қажеттігіне тоқталды. Халықтың болашағын төл тарихпен байланыстыратын тұлға ғана айналасына оң көзқарас танытады. Ұлт тарихын осылайша санаға сіңіру арқылы отаншыл өр тұлға тәрбиелейміз.
Б. ЖАНӘЛІ