АЛҒЫС АРҚАЛАҒАН АБЗАЛ ЖАНДАР
Аудан тұрғындары мен аудандық перзентханада босанған жас аналардан аудан әкімінің баспасөз қызметінің электронды поштасына денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне алғыс айтылған хаттар келіп түсті. Хат иелерінің өтініші негізінде аталған хаттардың бірқатарын әлеуметтік желіде жариялауды жөн санадық. Бұл ауданның денсаулық сақтау саласының тарихында болмаған ерекше жаңалық және ақ халатты абзал жандарға деген тұрғындардың ықылас-пейілінің көрінісі.
Жанат Сүлейменова,
кент тұрғыны:
Былтыр отбасымызда үлкен қуаныш болып, үйге келін түсірген едік. Міне, сол қуаныш биыл немерелі болуымызға жалғасты. Алла Тағалаға мың да бір шүкір. Келінімнің алғашқы босануы болғандықтан қобалжып, уайымдағанымыз рас. Кейбір туыстарымыз аяғы ауыр келінімді қалалық дәрігерлерге көрсету керектігін де айтқан болатын. Бірақ, соңғы уақыттағы аудандық ауруханадағы оң өзгерістерге қарап, ауданда босануды жөн ден санадық. Бұған келінім де қарсы болмады. Өйткені, бойына бала біткеннен бастап, аудан дәрігерлері келінімнің жағдайын біліп, тиісті бағыт-бағдар беріп тұрды. Айы мен күні жақындаған сәтте аудандық перзентханаға келіп, аз ғана уақыттың ішінде жеңіл босанды. Перзентхана іші таза, жылы екен. Тәртіп те, мамандардың біліктілігі де көңілімізден шықты. Қазір қуанышымызда шек жоқ. Барлық дәрігерлерге аналық алғысымды айтамын.
Маржан Мығымбаева,
жас ана:
Ана болу, ұрпақ өсіру – әрбір қыз-келіншектің асыл арманы. Жақында мен аудандық перзентханада босандым. Дәрігерлердің бағыт-бағдарын, кеңестерін орындап, аяқ-қолымды бауырыма алдым. Бұрын қала орталығына қаралғанды жөн көретін едік. Қазір қаладағы заманауи техника, білікті мамандар өз ауданымызда да бар екен. Қиналған сәтте өз білімдерін дәлелдеп, ана болу бақытын сыйлаған барлық дәрігерлер қауымына алғыс айтамын. Жұмыстарына жеміс тілеймін. Лайым, кішкентайымыз үлкен азамат болса, дәрігер болса деп армандаймыз.
Салтанат Алибекова,
жас ана:
Қазір мен ерекше қуаныш үстінде жүрмін. Жақында ғана сәбилі болдық. Аудандық перзентханада босандым. Күн-түн демей біздің жағдайымызды жасап, қажетті ем-дом жасаған дәрігерлерге ризашылығым шексіз. Әсіресе, аурухана басшылығына айтар алғысымыз мол. Әр күн сайын тексеріп, бізбен әңгімелесіп, пікірімізді біліп тұрды. Алдағы уақытта босанар болсам, аудандық перзентхананы таңдайтыным сөзсіз. Себебі, жылы, жайлы, білікті мамандар да осында. Өткен аптада ғана перзентхана өңірлендірудің екінші деңгейіне өтіпті. Бұл да біз секілді жас аналар үшін жағымды жаңалық. Періштелеріміз аман болсын. Дәрігерлерге басымды иемін!
Перизат Қайратова,
аудан тұрғыны:
Аудандық "Тіршілік тынысы" газетінің үстіміздегі жылғы №81 санында ауданның денсаулық сақтау саласы туралы кең көлемді мақала жарияланды. Мақалада денсаулық сақтау саласындағы оң өзгерістер мен жетістіктер жазылыпты. Расында да аудандық емхана мен аурухана жұмысы қазір жүйеленді. Білікті, білімді мамандар келіп, жұмыс жасауда. Тұрғындар үшін барлық жағдай жасалған. Жақында көршілес ауданнан келген туыстарымыз аудандық аурухананың ұйымдастыруымен өтетін спорттық іс-шараларға, кездесулерге, семинарлар мен дөңгелек үстелдерге жоғары баға берді. Айта кету керек, денсаулық сақтау саласының мамандары әрбір жұмыс күнін таңғы жаттығумен бастайды екен. Бұл олардың саламатты өмір салтын ұстанып, өзгелерге үлгі көрсетуі деп қабылдауымыз керек. Жаауапты жұмыстарына жеміс тілеймін!