ЖАҢА КӨПІР ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛДЫ
Сырдария ауданындағы Бесарық елді мекеніне кіреберіс жолдағы «Жаңадария» каналы арқылы өтетін автожол көпірінің құрылысына 2017 жылы облыстық бюджеттен 239,43 млн.теңге бөлінген болатын. Бүгінде тиісті жұмыстар толығымен аяқталды. Соған сәйкес, аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне ауыл тұрғындарының атынан алғыс арқалаған хаттар келіп түсті. Сол хаттардыңбірқатарын әлеуметтік желіде жариялауды жөн көрдік.
АТҚАРУШЫ БИЛІККЕ АЛҒЫСЫМЫЗ ШЕКСІЗ
Ауылымызға кіреберіс маңға көпір салу ұзақ жылдардан бері шешімін таппай келе жатқан мәселе еді. Сол мәселе биыл өз шешімін тапты. Қазіргі таңда ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Өйткені, сапалы көпір арқылы көлік қатынасы кеңейді.
Бұрын ауыл тұрғындары көпір мәселесінен көп қиындық көрді. Ауылға қыстың күндері отын, көмір тиелген ауыр жүк көліктерінің келуі халықты әбігерге салатын. Міне, осы мәселені аудан басшысы 2017 жылы қолға алып, облыстық бюджеттен қаржы бөлінуіне ықпал етті. Сондықтан атқарушы билік өкілдеріне ерекше алғыс айтамыз.
Ермек Әлжіков,
ауылдық ардагерлер
кеңесінің төрағасы.