Қызылша – асқынуы қауіпті жұқпалы ауру
Қызылша – кең таралған жіті вирустық инфекциялық ауру. Ол дене қызуының көтерілуі, мұрын, көз және тамақтың қабынуы, теріде бөртпенің пайда болуы белгілерімен сипатталады.Қызылша вирус арқылы дамиды. Вирус дезинфекциялық құралдардың, ультракүлгін сәулелердің және жоғары температураның әсерінен тез жойылады.
Инфекция көзі – тек қана науқас адам. Ол жасырын кезеңнің соңғы екі күнінде және бөртпе пайда болғаннан кейінгі 5 күнге дейін қоршаған ортадағы адамдар үшін өте қауіпті.
Берілу жолы – ауа-тамшы жолы арқылы. Вирус науқас адам сөйлегенде, жөтелгенде, түшкіргенде сілекей тамшылары арқылы сыртқы ортаға таралады.
Қызылшамен ауырмаған және екпе алмаған адам кез келген жаста бұл ауруды жұқтыруы мүмкін.
Бұл инфекцияға сезімталдық өте жоғары – 100%-ға жуық. Бұл дегеніміз, егер бұрын қызылшамен ауырмаған және оған қарсы екпе алмаған адам қызылшамен ауырған науқаспен қарым-қатынаста болса, ауруды жұқтыру қаупі өте жоғары.
Соңғы жылдары көбінесе жас адамдар арасында аурушаңдық жиі кездесуде. Бұл бала кезінде жасалған екпеден кейін қалыптасқан иммунитеттің төмендеуіне байланысты болуы мүмкін.
Аурудың өршу кезеңінде диагноз қою қиындық туғызбайды. Теріде қызылша бөртпелері пайда болмай тұрып, науқастың қызылшамен ауырған адаммен байланыста болуы, тамағының қабынуы, көзінің қызаруы, ұрттың шырышты қабатында ақшыл дақтардың пайда болуы диагнозды растауға мүмкіндік береді.
Кейін теріде үш күн бойы біртіндеп пайда болатын бөртпелер диагнозды толық дәлелдейді.
Қызылша ауруы кезінде жалпы иммунитеттің төмендеуіне әкеледі. Созылмалы аурулары бар науқастарда ауыр асқынулар (гайморит, тонзиллит, отит және т.б.) жиі дамиды.
Қызылшамен ауырып, жазылған адамда өмір бойы иммунитет сақталады.
Белгілері: Инкубациялық кезең (жасырын кезең) – жұқтырған сәттен бастап алғашқы белгілері байқалғанға дейінгі 9–11 күн.
Есте сақтау керек: ауру бөртпенің пайда болуынан басталмайды, алдымен суық тию белгілері сияқты басталады. Дене қызуы 38–40 градусқа дейін көтеріледі, әлсіздік байқалады, тәбет төмендейді, құрғақ жөтел пайда болып, мұрыннан су ағады.
Кейін конъюнктивит, яғни көздің қызарып, қабынуы пайда болады. Ауру уақыт өткен сайын үдей түседі. Ауыз қуысының шырышты қабаты қабынып, ісінеді, іш өтуі мүмкін. Екі-үш күннен кейін ауыздың шырышты қабатында тұз түйіршігіндей кішкентай ақ дақтар көріне бастайды.
Одан кейін екі-үш күн өткен соң құлақ пен мойын тұсында, содан кейін бет пен денеде, ең соңында қол мен аяқта бөртпелер пайда болады. Денеге бөртпелер шыққаннан кейін баланың жағдайы әдетте жақсарады.
Бөртпелер бес күннің ішінде толық шығып болады. Кейде тері астына қан құйылуы (қара қызылша) салдарынан шашыраңқы қара дақтар (көгерген жерлер) байқалады. Бұл аурудың өте ауыр өтіп жатқанын білдіреді.
Мұндай жағдайда міндетті түрде дәрігерлік көмек қажет. Бөртпе пайда болғаннан кейін 2–3 күн өткен соң, дақтар өршіп тұрған кезде дене қызуы қайта көтеріліп, 40°C-қа дейін жетуі мүмкін. Бөртпе 4–7 күн сақталады. Олар жоғалған соң, орнында қоңырлау дақтар қалады.
Асқынулары: Қызылшаның жиі кездесетін асқынуларына ортаңғы құлақтың қабынуы (отит), бронхопневмония, мойын лимфа түйіндерінің қабынуы, ларингит, энцефалит жатады.
Өкінішке қарай, асқынулар жиі кездеседі. Сондықтан ауруды қатаң медициналық бақылауда ұстау қажет. Учаскелік дәрігер науқасты күніне бірнеше рет қарауы керек.
Қызылшаға күдік туындаған сәтте дереу дәрігерге қаралу қажет. Бұл тек диагноз қою мен емдеу үшін ғана емес, сонымен қатар науқаспен бір ұжымда болған адамдар арасында және оның айналасында эпидемияға қарсы шараларды жүргізу үшін де өте маңызды.
Қызылша диагнозы зертханалық зерттеу нәтижелері бойынша, қан алу арқылы қойылады.
Қызылшаның жеңіл және орташа ауыр түрлерімен ауыратын науқастар учаскелік дәрігердің бақылауымен үйде емделеді. Өзгелерге жұқтырмау үшін жұқпалы кезеңде төсекте жатып, оқшаулануы қажет.
Қызылшаның ауыр және асқынған түрлерімен ауырған науқастар ауруханаға жатқызылады. Науқасты оқшаулау бөртпе пайда болғаннан кейінгі 5 күн өткен соң тоқтатылады.
Сырдария аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы қызылшаның алдын алудың тиімді әрі сенімді шараларының бірі – екпе екенін назарларыңызға жеткізеді.
Екпе Қазақстан Республикасының Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес 1 жаста және 6 жаста қайта егу түрінде жүргізіледі. Қызылшаға қарсы вакцинация қорғаныш иммунитетін қалыптастырады.
Балаларымыздың болашағы өз қолымызда! Балаларға Қазақстан Республикасының Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес екпелерін уақытылы алуға шақырамыз.
Сырдария аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы
Сурет: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
Сурет: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ










