Жолдау – ел дамуының жаңа бағыты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында көтерілген маңызды мәселелерді кеңінен түсіндіру және оның басым бағыттарын талқылау мақсатында «Ақжарма» бастауыш партия ұйымының ұйымдастыруымен ақпараттық-насихаттық кездесу өтті.Кездесу барысында Жолдауда қамтылған елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты басымдықтар сөз болып, алдағы кезеңге арналған міндеттер мен тың бастамалардың маңызына тоқталды. Әсіресе, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту, инфрақұрылымды дамыту, жұмыспен қамту, білім мен денсаулық сақтау салаларының сапасын арттыру мәселелері кеңінен қозғалды.
Жиынға қатысушылар Президент ұсынған реформалардың табысты жүзеге асуы әр азаматтың белсенділігі мен ортақ іске деген жауапкершілігіне байланысты екенін атап өтті. Сондай-ақ, ауылдық жерлердің дамуына үлес қосу, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін назарға алу және ел игілігі жолындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігі айтылды.
Пікір алмасу барысында Жолдаудағы міндеттерді іске асыруда партиялық ұйымдардың белсенділігі ерекше маңызға ие екені атап өтілді. Өйткені ел болашағы үшін қолға алынған әрбір бастама халықтың қолдауымен және нақты нәтижеге бағытталған жұмыстармен жүзеге асады.
Кездесу қорытындысында қатысушылар ел дамуы жолындағы бастамаларды қолдап, бірлік пен ынтымақты нығайтуға, туған өлкенің өркендеуіне өз үлестерін қосуға дайын екендіктерін білдірді.










