Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » МЕДИАЦИЯ – УАҚЫТТЫ ҮНЕМДЕУ МЕН БЕЙБІТ КЕЛІСІМГЕ КЕЛУ

МЕДИАЦИЯ – УАҚЫТТЫ ҮНЕМДЕУ МЕН БЕЙБІТ КЕЛІСІМГЕ КЕЛУ


Аудандық соттың, «Бітім» Медиация орталығы» Қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен медиаторларды оқыту семинары өткізілді.
Семинарға аудандық соттың төрағасы Ә.Абдулла, «Бітім» Медиация орталығы» ҚБ-нің жаттықтырушы – медиаторы Л.Бақтыбаева, аудандық прокуратураның, ішкі істер бөлімінің өкілдері және аудан бойынша кәсіби және кәсіби емес медиаторлар қатысты.
Аудандық сот төрағасы Ә.Абдулла семинарды ашып беріп, бүгінгі таңдағы Медиация заңының сот істерінде қолданылу жағдайына, оның тиімділігі мен маңыздылығына тоқталып өтті.
1950 жылы АҚШ-та бастау алып, Англия, Авс­трия, Австралия, кейін Еуропада белең алған медиация біздің мемлекетке 2011 жылы келді. Елімізде дауларды шешудің қосымша әдісі ретінде «Медиация туралы» Заң қабылданды. Медиацияның қоғамдағы қажеттілігінің артуы жаhанданумен байланысты. Себебі ол қарым-қатынастың өрбуіне оң ықпалын беріп, қоғамның барлық құрылымында көрінеді – отбасы, экономика және еңбек әлемінде, мемлекеттік басқару тәжірибесінде. Семинардың мақсаты – қатысушылардың медиация саласында қызмет көрсету білімін, дағдыларды игеру, меңгеру. Ауданның кәсіби емес медиаторлары медиация туралы кең көлемді түсінік алып, нақты мысалдармен танысты. Медиация ең алдымен сот жүйелеріне түсетін ауыртпалықты айтарлықтай жеңілдетіп, анағұрлым ірі істердің шешілу сапасын арттырады.
–Медиация азаматтық, еңбекке қатысты, отбасылық және басқадай құқықтық қатынастарға байланысты, сондай-ақ ауырлығы шағын және орташа қылмыстық істер жөнінде туындаған дауларда қолданыла алады,-деді медиа­тор Л.Бақтыбаева.
– Жалпы медиацияның басты мақсаты – қос тарапты бірдей қанағаттандыратын және дауласушылық деңгейін төмендететін өзара тиімді әрі өзара қолайлы, бейбіт келісімге келу. Сот өндірісінен айырмашылығы – медиация барысында «кінәлілер» мен «кінәсіздер» деген болмайды. Өйткені, бұл құқық саласы қылмыс жасаушылар қатарын біріңғай бас бостандығынан айыру жолымен жазалауды емес, адам құқықтары мен бостандығын қорғауды және қалпына келтіруді көздейді. Басқаша айтқанда, медиация мүмкіндігіне қарай істі сотқа жеткізбей, өзара екі тарапқа да тиімді шешім қабылдау мақсатын көздейді.
Медиацияның тағы бір оңтайлы жағы – қаржылық жағынан сот шығынына қарағанда төмендігінде және уақыттың үнемділігінде. Сотта іс әдетте ұзаққа созылады, ол тіпті жылдарға созылуы мүмкін. Бірнеше мәрте сот оты­рыстары белгіленеді, оған тараптардың бірінің өкілдері келмеуі де мүмкін, сөйтіп жағдай ушыға түседі. Бұл ретте медиацияның келесі ерекшеліктері алдыңғы қатарға шығады – тараптардың еріктілігі және жеделдетілген шараның бейресмилігі. Дауды шешуге медиаторға небәрі 30 күн уақыт беріледі. Белгілі бір себептермен бұл мерзім ұзартылуы да мүмкін, бірақ 60 күннен аспауы тиіс.
Сотта тараптар бір-біріне қарсы әрекет етсе, медиа­ция өзара ынтымақтастықты алға тартады. Сондай-ақ сот шешімді заңға сәйкес қабылдайды, ал медиатор тараптардың мүдделерін ескере отырып, бірақ, заң аясында қабылдайды. Тағы бір ерекшелігі – сот жария үрдіс, ал медиация құпиялылықты қамтамасыз етеді, бұл медиатордың рәсім барысында мәлім болған ақпаратты оны ұсынған тараптың келісімінсіз жария етуіне жол бермейді. Сәйкесінше, медиатордан куәгер ретінде жауап алуға рұқсат етілмейді.
Медиация аясында қарастырылатындар мәселелер қатарына корпорацияаралық және корпорацияішілік дау­­лар, банк және сақтандыру саласындағы даулар, еңбек даулары, отбасылық даулар, авторлық құқыққа және зияткерлік меншікке қатысты даулар, білім саласындағы медиация т.б. жатады.
Тәжірибелі медиатор бір сөзбен айтқанда медиацияны – дау-дамайды шешетін институт екенін айтып, өз қарауында болған даулардан мысалдар келтірді.
– Отбасылық даулар, ажырасуға дейін апаратын жанжалдар біздің қоғамда көптеп орын алып жатқаны өкінішті. Әсіресе, ерлі-зайыптылардың арасында бала болғаны мәселені шешудің орнына қайта күрделендіріп жіберетініне көзіміз жетіп жүр. Бірде некені бұзуға келіскен ерлі-зайыптылардың арасында отбасындағы екі баланы бөліп алу туралы қиыншылық туды. Ері өзіне бір баланы қалдыру үшін дау шығарған. Сонда мен осы мәселені шешуге бел байладым. Атам заманнан бері балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан бауырларды бір-бірінен ажыратпаған, асырап алушыларға бөлмей берген. Адамның бір мүшесін бір-бірінен қалай ажыратып, өмір сүресіз. Сол сияқты бауырлар бірге өсуі тиіс деген соң ерлі-зайыптылар дұрыс тоқтамға келді. Сондай-ақ ажырасудың салдары жұптардың бір-біріне анайы сөз айтып, сыйластықтың жойылуымен неке аяқталады. Осындайда, өмірдегі тәжірибе өте қажет. Түйсігі бар әйел алдымен кешірімшіл болса, неке сақталады. Тағы бір мысал, жер дауына байланысты. Көрші адамдардың бірі өз жеріне бірнеше метр артық кіріп кеткені, және ол учаскеге тұрғын үй жайы салынғандықтан қайтсе де оны қайтару үшін құрылысты бұзғызатынын айтып, көршілер үлкен дауға қалған. Мәселенің мәнісін шешудің жолы тұрғын үйді бұзу емес, бос жатқан жерінен сонша жер беру екенін айтып, екі жақты келісімге әкелдік,- деді медиатор Л.Шайзадақызы.
Жалпы айтқанда, медиация жанжалға немесе жеңіске емес, бірлесе тиімді шешім қабылдауға бағытталған.
Семинар қатысушылары белсенділік танытып, өз ойларын ортаға салып, медиация заңы аясында сөз өрбітіп, бітістірушілік тәжірибесі қазақ елінің тарихында бұрынғы заманнан бар екенін, бітімге келтіру, татуластыру сияқты жағдайларды күнделікті өмірде кездестіріп жүргендерін, сондықтан медиацияның өздеріне жат емес екенін білдірді.

Б.ЖАНӘЛІ
27 маусым 2018 ж. 1 569 0