СОТ ЖҮЙЕСІНІҢ АЙҚЫН БАҒЫТЫ
Осыдан жеті жыл бұрын қабылданған «Медиация туралы» заңның естір құлаққа түрпідей тигені рас. Алайда, ұғымның атауы таңсық болғанымен, мәні мен мағынасы қазақ халқына жат болмай шықты. Бұл біздің ата-бабаларымыздың ел ішінде жанжалдарды шешуде бұрыннан қолданып келе жатқан мәміле. Осы орайда тарих беттеріне көз жүгіртсек, жеке адамдар арасындағы, тіпті, бір қауым ел ішіндегі жер дауы, жесір дауы сияқты келелі тартыстардың барлығы билердің ұтқырлығымен, әділдігімен, шешендігімен оң шешімін тауып отырғандығын көрсетеді. Сондай-ақ, дала билігінің дара тұлғалары Төле, Қазыбек, Әйтекелер бастаған дана билеріміз ел арасындағы кез келген дау-дамайды бітімгершілік жолымен шешіп, тоқсан рулы елдің дауларын тоғыз ауыз сөзбен түйіндеп халқымыздың бірлігін, жеріміздің тұтастығын сақтаған. Ендеше, бүгінгі қоғамның демократиялық жаңаруы қағидатына дәлме- дәл келетін медиацияның түп тамыры өзіміздің дана ба- баларымыздан бастау алған десек те болады.
Сот медиациясының тиімділігі және оны сот тәжірибесінде жетілдірудің мәселелері қазіргі таңда өзекті болып отыр. Тараптар арасында туындаған даулардың шиеленісе түсетінін жиі көріп жүрміз. Сол келіспеушіліктің салдары екі тараптың сот шешіміне разы болмай жоғары тұрған сот сатыларының табалдырығын тоздыруына әкеп соғады. Мұндай жағдайды мемлекеттік келісім осы даулардың қысқартылуын көздеп, екі тарапқа да тиімді ортақ мәмілеге келуіне септігін тигізеді. Сондықтан да болар, қазіргі таңда медиация институтын, татуластыру рәсімдерін еліміздің сот саласында кеңінен қолдану жұмыстары мықтап қолға алына бастады.
Сонымен қатар, осы медиация заңының талаптарына қатысты соттармен көптеген жұмыстар атқарылып келеді, оның ішінде газет беттеріне мақалалар, түсіндірмелер жарияланып тұрады. Соттардың арнайы сайттарында да ақпараттар орналастырылған.
Ж.ЖОЛДАСОВ,
Сырдария аудандық сотының судьясы,
Заңгерлер Одағының мүшесі
Сырдария аудандық сотының судьясы,
Заңгерлер Одағының мүшесі