Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » МЕДИАЦИЯ – МАҢЫЗДЫ ИНСТИТУТ

МЕДИАЦИЯ – МАҢЫЗДЫ ИНСТИТУТ


18 мамыр күні Павлодар қала­сында «Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамта­масыз етудегі медиацияның рөлі» атты Қазақстан халқы ассамблея­сы қоғамдық медиаторларының республикалық форумы өтті.
Форумға Павлодар облысы әкімдігінің басшылығы, ҚР ПА ҚХА Хатшылығының сарапшысы, Павлодар облыстық және аудандық мәслихаттар депутаттары, РММ және КММ қызметкерлері, сот жүйесі, прокуратура, әділет, білім беру органдарының өкілдері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, кәсіби және қоғамдық медиаторлар қатысты. Форумның мақсаты – тәжірибе алмасу, ҚХА қызметі аясында медиация институтын жүзеге асыру және нығайту саласындағы проблемаларды шешу бойынша ұсыныстар әзірлеу.
Форум қатысушыларының баяндамаларын тыңдап, сындарлы сұхбат аясында өзекті мәселелерді талқылап, сонымен қатар «Қоғамдық медиацияны дамыту. Мақсаттары мен міндеттері» семинарында Сырдария ауданынан қоғамдық медиатор Мұса Келдібаев қатысып, еліміздегі медиация институтының маңыздылығы туралы айтты.
Сырдария ауданында жалпы 6 аудан­дық, 38 ауылдық округтік кәсіби емес мед­иаторлар тіркелген. Кәсіби емес ме­д­иа­торлардың жұмысын жанданды­ру мақ­­сатында ауданының барлық ауыл­дық округінде медиация кабинет­тері ашы­лып, жергілікті жерлердегі кәсіби емес медиаторлардың жұмыс жасауына жағдай жасалған.
«Өзгені жеңсең – мықтысың, өзіңді жеңсең – құдіретсің»,– дейді шығыс ойшыл­дарының бірі Лао Цзы. Шынында да, өмір – күрес. Алдымен, өзіңнің кемшілігіңмен күресесің, ал өзгенің қателігіне, дауына төреші болу – қиынның қиыны.
Медиаторлар даулы мәселелерді сотқа жеткізбеу жолында Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы қоғамдық келісім
кеңесімен, аналар кеңесімен, ардагерлер кеңесімен бірлесіп, жемісті жұмыстар атқарып келеді. Кәсіби емес медиатор бірнеше мысалдар келтіріп, медиацияның қоғамдық келісімді сақтаудағы рөлін айшықтай түсті.
– Тәжірибемде бір іс қаралды, – деді Мұса Алпысбайұлы
– Онда бір үйдің келіні енесінің өзіне ұрысқанын желеу етіп оның үстінен шағым берген. Бұл тараптар өзара татуласып іс қысқарды.
Себебі енесі келінінен кешірім сұрап татуласты. Мұны келіні ұтты деп айтуға болады ма?
Алайда бұл араларында өкпе-реніштері бар бір үйдің адамдарының арасындағы дау мұнымен шешіле қойған жоқ қой. Себебі олардың жасаған бұл қылықтары бір-бірінің ызасын тудырып, бір-біріне деген өкпесін одан әрі ушықтырды.
Сонда кішінің үлкенді сыйлауы, үлкеннің кішіні құрметтеуі, келін мен ененің арасындағы салт-дәстүріміз қайда қалды? Сондықтан жанжалдасып жүрген адамдардың арасындағы дауды сотқа жеткізбей, оны ушықтырмай бітіммен, ымырамен шешуде медиацияның рөлі ерек­ше.
Осы жылы аудандық сот, аудандық ішкі істер бөлімі мен аудан әкімдігі бірлесіп, аудандық медиация кабинетінің жоспарын бекітіп, жоспар бойынша аудандық соттың төрағасы, аудандық қоғамдық келісім кеңесі, аудандық аналар кеңесінің төрайымымен бірге кәсіби емес медиаторлар жылдың басында 5 ауылдық округке арнайылап барып, ауыл тұрғындарымен кездесіп, дауды сотқа жеткізбей шешу жолдарын насихаттадық. Кез-келген ұсақ-түйек мәселелерді сотқа жеткізбей ауылдық кәсіби емес медиаторларға қоғамдық келісім кеңесіне жүгінуді тағы да бір ұсындық.
«Сабыр түбі сары алтын». Кез келген дауға сабыр сақтап, оның одан әрі өршімеуін қалап, ақылға салып, жан-жақты келгеніміз жөн.
Ата жолымен еліне еге болып, ауыл-аймағына ақылын айтып, өзара даудан, араздықтан сақтап келе жатқан игі-жақсыларымыз да баршылық.
Соның бірі ауылдардағы ардагер ақсақалдар қолға алған қоғамдық келісім кеңесінің қызметін атап айтуға болады.
Ынтымағы жарасқан, дуалы ауыздан айтылған сөзге тоқтаған халқы бар ауылдар қазақта аз емес.
Жақын арада аудан орталығында «Сотсыз татуласу орталығын» ашып, оған мед­иаторлар, психологтар, отставкадағы судьялар, елге қадірі бар ақсақалдарымызды, қоғамдық бірлестіктерді, т.б. мықты мамандарды тарту көзделуде.
Орталық тек дауды шешу ордасы болып қана қоймай, ол халықтың санасына оң әсерін тигізетін, соттасудың өзі ұят екенін, табиғатымызға жат қылық екенін насихаттайтын, ұлттық идеялогиямызды нығайтатын қоғам ордасы болуы тиіс.
Медиация институтын нығайту және одан әрі дамыту бойынша Сырдария ауданының тәжірибесімен бөліскен медиа­тор ауданда «Сотқа дейінгі келісім үйі» пилоттық жобасы басталып, оның жұмысы республика өңірлеріне таратылғаны жөнінде өз пікірін де білдірді.

Б.ЖАНӘЛІ
22 мамыр 2018 ж. 1 176 0