ДЕНІ САУДЫҢ – ЖАНЫ САУ
«Халықтың денсаулығы – ел дамуының аса маңызды тұтқасы, болашағымыздың кепілі» деп Елбасы айтқандай, денсаулық басты байлық екені айтпаса да түсінікті. Жақында Шаған ауылында жыл сайын дәстүрлі түрде елді-мекендерде «Денсаулық жолы – 2018» акциясы ұйымдастырылды.
ҚР Президентінің 2016 жылғы 15 қаңтардағы №176 Жарлығымен 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында тұрғындарды саламатты өмір салтын қалыптастыру мен аурулардың алдын алу аясында «ЖШС Қызылорда облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы» мен Амбулаториялық-емханалық қызметі бар аудандық орталық аурухана ШЖҚ КМК және аудандық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен екі бірдей акция өтті. Облыстық медицина орталығынан эндокринолог, офтальмолог дәрігерлер, балалар ауруханасынан педиатр, онкология орталығынан онколог пен қалалық ауруханадан кардиолог дәрігер және ОСӨСҚО мамандары келген шараға өз денсаулығына бей-жай қарамайтын ауыл тұрғындары мен жастары қатысты. Сонымен қатар тұрғындарға жалпы тәжірибе дәрігерлері мен ЭКГ, флюроавтокөлік және антрометриялық өлшемдер қызмет түрлерін көрсетті.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, жылына әлем бойынша жүрек-қантамыр ауруларынан 17,5 миллион адам көз жұмады. Өкінішке орай облыс көлемінде бұл көрсеткіш қарттар ғана емес жастар арасында да жоғары болып отыр. Жүрек-қантамыр ауруларын ерте анықтау, алдын ала тексерілу әрбір адамның өз денсаулығына қарауы – мәдениеттіліктің белгісі.
Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауында қазіргі денсаулық сақтау ісі қымбатқа түсетінін, станционарлық емге емес, негізінен аурудың алдын алуға бағытталуы тиіс, – деген болатын. Осыған орай облыс әкімінің өкімімен 2018-2021 жылдарға арналған қан айналымы жүйесі ауруларының алдын алу жөнінде жоспар бекітілді. Шараның міндеті бүкіл әлемдегі жүрек-қантамыр ауруларының қарқынды өсуіне алаңдаушылық білдіру болып табылады.
Денсаулық қалашығында аудандық емхананың қант диабеті науқастарына арналған денсаулық мектебі мен жас ана және дені сау бала кабинеті мамандары, ауылдық емхана артериалды гипертония, мінез-құлық қауіпі факторы, бойынша кеңестер берілді.
Жүрек – тәндегі сыңары жоқ ағза қатарына жатады. Дені сау адамның жүрегі минутына 60-80 рет, жас баланыкі 110-120 рет жиырылады. Бір минут ішінде қан жүрек арқылы екі рет өтетіні баршаға мәлім. Бүгінгі таңда аталған ауру әлемде орын алатын өлім-жітімнің негізгі себебінің бірі болып табылады.
Ғалымдардың айтуынша, күйзеліс, темекі шегу мен жоғары қан қысымы секілді жайттар жүрек-қантамыр ауруына шалдықтыруы мүмкін. Жүргізілген зерттеу нәтижесінде күйзеліс мидың белгілі бір бөлігіне әсер етіп, жүрек талмасына ұшырау қаупін арттыратындығы анықталған.
Жүрек – мәңгілік қозғалтқыш емес. Сол себепті жүрекке күтім жасау арқылы өмірімізді ұзартатынымызды естен шығармайық.
Аталған шараны аудандық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы «Салауатты өмір салтын қалыптастыру» орталығы, «Жастар денсаулығы» орталығы «Жұқпалы аурулардан қорған!» Дүниежүзілік вирустық гепатитпен күрес күніне орай «ГЕПАТИТ ТОҚТА!» ұранымен және «Қауіпсіз тағам таңда!» «Ұнды фортификациялау!» акциясы жалғастырды.
Акцияның негізгі мақсаты тұрғындар арасында дұрыс тамақтануды қалыптастыру, жеке бас және қоғамдық гигиенаны сақтау, тағам өнімдерін сатып алу барысында оның өндіруші елі, құрамы мен құндылығы, таңбалануы мен сақтау мерзіміне аса мән беру қажеттілігін көпшілікке сезіндіру екені анық. Сондай-ақ, ауылда көпшілік тұтынатын тағам өнімдері оның ішінде ұнды темір мен фолий қышқылымен байыту тоқсан мыңға жуық адамның өмірін сақтауға, жүйкенің туа біткен кемістігі мен жүрек-қан тамыры ауруларын болдырмауға қалай мүмкіндік беретіндігі туралы және жедел ішек ауруы мен тамақтан улану, инфекциялық емес яғни, жүрек-қантамыр, қант диабеті, семіздік ауруларының алдын алуда дұрыс тамақтанудың маңыздылығы, тұтынатын тауар мен тамақ өнімінің құрамына, сапасына, сараптамадан қалай өткізілетініне мән беру, тұтынушының сауда жасауда құқығының бұзылмауын түсіндіру сияқты жалпы халыққа қажетті ақпарат берілді.
Айдана МАРАТҚЫЗЫ