ЖҮРЕК ЖЫЛУЫН СЫЙЛА
Амбулаториялық – емханалық қызметі бар аудандық орталық аурухана, Жастар денсаулығы орталығы, Жастар ресурстық орталығы, мәдениет үйі мен спорт бөлімі, әуез мектебі, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы және «Сырдария ауданының әйелдері» Қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен салауатты өмір салтын қалыптастыру және қан айналымы жүйесі ауруларының алдын алу жөнінде «2018-2021 жылдарға» арналған облыстық іс-шаралар жоспары аясында «Қызыл түске киін!» ұранымен кең ауқымды акция орталық алаңда өтті.
Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында қазіргі денсаулық сақтау ісі қымбатқа түсетін стационарлық емге емес, негізінен аурудың алдын алуға бағытталуға тиіс – деп атап көрсетті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастамасымен облыс көлемінде салауатты өмір салтын қалыптастыру және қан айналымы жүйесі ауруларының алдын алу жөніндегі 2018 – 2021 жылдарға арналған облыс әкімінің өкімімен іс-шаралар жоспары бекітілген болатын. Аталған іс-шаралар жоспарына сәйкес акция «Қызыл түске киін» ұранымен ауданда бастау алды. Акцияның басты элементі «қызыл көйлек» ол бүкіл әлемде жүрек-қан тамыры ауруларының қарқынды өсуіне алаңдаушылықты білдіреді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес жылына әлемде жүрек-қантамыры ауруларынан 17,5 млн. адам көз жұмады. Өкінішке орай облысымызда осы мәселеге байланысты көрсеткіш жоғары. Аудан бойынша 2017 жылы жүрек-қантамыры аурулары бойынша алғашқы тіркелу – 700 науқас, 2016 жылмен салыстырғанда 152 науқасқа көбейген. Оның ішінде дерттің жасарып бара жатқандығы ақ халаттыларды қынжылтады. 2018 жылдың 4 айында 29 жасқа дейінгі тұрғындар арасында – 66 науқас тіркелсе, соның ішінде алғашқы жағдайы – 46-ы, ал 2017 жылдың 4 айында бұл көрсеткіш – 71 науқасты құрады, соның ішінде 38-і алғашқы жағдай.
Жүрек-қантамыр аурулары бойынша биылғы жылы ауданымызда 17 науқас өмірден өтті. 2017 жылдың 4 айында бұл көрсеткіш 19 адамды құрады. Жүрек – қантамыр ауруларын ерте анықтау, алдын ала тексерілу, әрбір азаматтың өз денсаулығына қарауы – мәдениеттіліктің белгісі.
Жүрек – тәндегі сыңары жоқ ағза қатарына жатады. Дені сау адамның жүрегі минутына 60-80 рет, жас балалардікі 110-120 рет жиырылады. Бір минут ішінде қан жүрек арқылы екі рет өтеді. Бүгінгі таңда жүрек-қантамыры аурулары әлемде орын алатын өлім-жітімнің негізгі себептерінің бірі болып отыр.
Облыстық жастар денсаулығы орталығының ұйымдастыруымен «Қызыл түске киін» акциясы аясында 24 мамыр–24 тамыз аралығында Instagram, Vkontakte, Facebook әлеуметтік желілерінде фотосуреттер сайысы ұйымдастырылады, сонымен қатар аталған әлеуметтік желілерде «Денсаулыққа арналған рецепттер», «Шын жүректен», «Жүректен шыққан ақыл-кеңестер» және «Жүрек туралы фактілер» айдарлары жүргізіледі, осы желілердегі парақшаларға тіркеліп, жүректі сақтау туралы көп ақпарат алуға болады.
Акция барысында артериялық қан қысымын, дене салмағын өлшеу, тұрғындар арасында инфаркт пен инсульттың белгілері туралы білімін анықтауға бағытталған сауалнама жүргізілді. Аталған аурулардың белгілерін қалай анықтауға болатындығы туралы ақпараттар мен қан айналымы жүйесі ауруларының алдын алу, инфаркт және инсульт белгілерін анықтау, алғашқы көмек көрсету мәселелері бойынша кеңестер берілді. Жастар ресурстық орталығы мен спорт бөлімінің ұйымдастыруымен жастар арасында эстафета және қыздар арасында арқан тартудан жарыс өтті. Оған мекеме командалары қатысты. Акция қорытындысында жеңімпаздар «Алғыс хатпен» марапатталды.
Айдана МАРАТҚЫЗЫ
Пікір 3