Үндістаннан олжалы оралды
Үндістанның Ченнай қаласында өткен 23 Азия чемпионатына қатысқан жерлестеріміз олжалы оралды. Биылғы «Asia Masters Athletics» сайысы «Masters Athletics Federation of India» ұйымының қолдауымен өтті.Азия құрлығы чемпионатының ерекшелігі – сайыс екі жыл сайын ұйымдастырылып, оған 35 жастан асқан спортшылар қатысады. Додаға қатысушылар тек медаль үшін бақ сынап қоймай, саламатты өмір салтын насихаттауға да үлес қосады.
Жеңіл атлетика – еліміздің спорт саласындағы басты бағытының бірі. Үндістанда өткен Азия чемпионатында бақ сынаған қазақстандық спортшылардың арасында жерлестеріміз де жас ерекшеліктері бойынша жарыс алаңына шықты.
Атап айтқанда спорттық жаяу жүруден 5000 метр қашықтыққа жарыс алаңына шыққан спортшы Э.Райымқұлова екінші орынды алды. Бұл спорт түрінен 16 мемлекеттен келген спортшы қыздар қатысып, ел намысын қорғаған Эльмира үздіктер қатарынан көрініп, күмістен алқа тақты. Сондай-ақ 19 спортшы қатысқан стипльчез – 2000 метр қашықтықта кедергілер арасынан жүгіруден де сырдариялық жеңіл атлет жүлделі екінші орын алып, намысты қолдан бермеді.
Kazakhstan Masters Athletic командасы құрамасында өнер көрсеткен қос сырдариялық спортшы – 35-39 жас аралығындағы сайыпқырандар.
– Осы жылдың қараша айының 5-10 аралығында өткен халықаралық сайыс өте жоғары дәрежеде ұйымдастырылды. Қазақстан құрама командасында өнер көрсеткен біздің спортшылар жүлдегерлер қатарынан көрініп, еліміздің намысын қорғады. Бұл сайыс екі жылда бір рет өтеді. Тыңғылықты дайындықпен келген спортшылардың арасында жасы жетпістен асқан қариялар да болды. Бұл негізінен бұрын спортпен кәсіби тұрғыда айналысқандар үшін өтетін немесе әуесқойлардың бақ сынайтын сайысы. Жеңіл атлетикадан өткен сайыс біздің ел спортшылары үшін табысты өтті. Жаңа рекордтар орнатылып, алтыннан алқа таққандар да болды, – дейді сырдариялық жаттықтырушы.
Айту керек, «Masters Athletics» – бәсі жоғары, әуесқойлар мен бұрынғы кәсіби спортшыларды біріктіретін халықаралық сайыс.
Б.ТАҢАТАРҚЫЗЫ










