АУЫРЫП ЕМ ІЗДЕГЕНШЕ, АУЫРМАЙТЫН ЖОЛ ІЗДЕ
Жақында «Амбулаториялық –емханалық қызметі бар аудандық орталық ауруханасында «Қызылорда облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының» ұйымдастыруымен дүниежүзілік онкологиялық аурулармен күрес күніне орай «Обырсыз өмір!» ұранымен кең көлемді акция өткізілді. Акцияға ҮЕҰ мүшелері, аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқарамасының бас мамандары Г.Тұсмағанбетова, Р.Бимағамбетов, сала мамандары мен тұрғындар қатысты.
Акцияны амбулаториялық –емханалық қызметі бар аудандық орталық ауруханасының бас дәрігерінің БМСК жөніндегі орынбасары М.Халыбаева ашып, онкологиялық ауруларға байланысты баяндама жасады. Жалпы ел көлемінде аталмыш дертке байланысты жұмыстар жалғасын табуда. Жергілікті ақ халаттылар елді-мекенді аралап, дерттің алдын алу шараларын жүргізуде. Республика аумағында жаппай ақпараттық науқан негізінде онкологиялық аурудың індетін төмендетудің ғаламдық мәселесіне көпшіліктін назарын аудару және аурушаңдық белгілерін ерте сатыда анықтау мақсатында тұрғындарды тексеріп, бақылауға алу жұмыстары жүзеге асуда. Замануи медицина аурудың алғашқы сатысында жетістікке жетуге мүмкіндік беретін обырдың алдын алуын қамтамасыз етсе, диагностикалау мен емдеудің күшті тәсілдері арқылы науқасқа аталған дертпен ұзақ өмір сүруге жағдай туғызатынын айтқымыз келеді. Сонымен қатар, ауданда қарқынды жұмыс жүргізуге байланысты мамандар біліктіліктерін жетілдіруде. «Қызылорда облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының» аудан бойынша маманы Г.Жаналиева акцияны өткізудегі мақсатпен оның маңыздылығын түсіндірді. Дұрыс тамақтанудың алғы шарттары жайлы айтты. «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұ.Шанайқызы онкологиялық дертке шалдығу себептері көптеп кездесіп жатқандығын тілге тиек етіп, медицина саласының күрделі тұстарына тоқталды. Өз-өзімізге күтім жасап, мамандарға жүгіну керектігін жеткізді.
Аудан тұрғындарына акция барысында емхана жанынан ашылған қарттар мектебі, артериялық гипертензия және жүректің ишемиялық аурулары, қауіп-мінез факторлары, қант диабеті, жас ана, отбасын жоспарлау, бронхы демікпесі мектебінің мамандары дертпен күресу шараларын жүргізді. Сондай-ақ, мамандандырылған және жалпы тәжірибелік дәрігерлер мен медбикелер, аудандық аурухананың бөлімше мамандары акцияға белсене қатысты. Жастар денсаулығы орталығының дәрігері Д.Алашбаева тәтті сусындар құрамындағы кант мөлшерін анықтап, денсаулыққа зиянды тұстарын көрсетті. Сонымен қатар қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мамандары «Өз денсаулығың өз қолыңда» акциясын ұйымдастырып, екі жақты қарым-қатынас негізінде денсаулықты күтіп ұстау туралы құнды, мазмұнды әңгіме айтты.
Жалпы алғанда Елбасы биылғы жылғы Қазақстан халқына арналған Жолдауында онкологиялық аурулармен күресу үшін кешенді жоспар қабылдап, ғылыми онкологиялық орталық құру қажеттегін айтқан болатын. Бұл дегеніміз келешекте арнайы орталық жұмысының көмегімен аурудың ерте сатысын анықтау процесі жүргізіледі деген сөз. Шалғай аймақтардағы халықтың денсаулығын тексеруге жағдай жасалады. Осы ретте елмен біте қайнасып, тұрғындарға мол ақпарат қорын жеткізген сала мамандарының қызметі айрық бағаға ие.
Балтабай ОРДАБЕКОВ