Сыр қойнауындағы тарих: асанас-3 қазбалары
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі археологиялық экспедициясы Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Жетікөл ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 22 шақырым жерде орналасқан Тораңғылсайдың ескі арнасының сол жағалауындағы, ортағасырлық Асанас-3 қалашығына шағын археологиялық зерттеу қазба жұмысын жүргізді. Сыр өлкесінде орналасқан Асанас-3 нысанын зерттеу қазба жұмыстарының барысында, қалашықтың жоспары төртбұрышты болып келгендігі анықталды. Археологиялық ескерткіштің көлемі 350х350м, жалпы аумағы – 12 гектар, қабырғасының биіктігі – 1-1,5м, ені – 1,5м қалашықтың сыртында айналдыра ор қазылғаны, сонымен бірге қалашықтың үстіңгі қабатына сексеуіл егу барысында, арнайы жыртылғаны және керамика сынықтарының топырақ бетіне үйінді болып шыққандығы белгілі болды. Сонымен қатар нысанның сызбасы алынып, координаталық нүктесі мен картографиялық орны зерттелді.Шағын археологиялық қазба жұмысы қалашықтың орталық бөлігінде жүргізіліп, үлкен үйдің 2 бөлмесі ашылып, бұлардың шаруашылық бөлмелері болғандығы анықталды. Сондай-ақ шағын археологиялық қазба жұмысының нәтижесінде табылған артефактілерге лабораториялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп, нысанның хронологиялық уақыты анықталды. Асанас-3 нысанынан табылған монета мен керамикалық ыдыс сынықтары, археолог ғалымдардың пікірінше, шамамен Алтын орда дәуіріне тұспа-тұс келеді. Ал үлкен Асанас маңында көбіне мекен еткен тайпалық қауым жергілікті оғыздар болғандығын білеміз. Асанас-3 үлкен Асанас қалашығынан шамамен 3-4 шақырым жерде орналасқан және осы орайда орналасқан жер аумағымен тарихы тығыз байланысты нысандар болғандығын көре аламыз. Сонымен қатар Асанас-3 нысанының астыңғы мәдени қабаты жоқ тек бір қабаттан тұратыны зерттелді. Нысанның өз заманында белгілі бір тұрақтайтын шаруашылық үйі болғандығы және де суфа мен бөлме қабырғалары, еден орны табылып отыр. Сонымен қатар кіші мал сүйектері, астық сақтайтын орын, және қос тандыр пеші бар. Нысанның аймағы белгілі бір қоршаумен қорғалған, арнайы орындарды байқауымызға болады. Осы тұста бұл жер өз заманында бекініс орны немесе әскери қоныс орны болуы мүмкін деген де тұжырымдамалар бар. Шағын археологиялық қазба зерттеу жұмыстарынан кейін, нысанды табиғи құбылыстардан, яғни жауын-шашын, қар суы эрозияларынан сақтау барысында қайта көміліп, рекультивация әдісі қолданылды.
Үлкен Асанас қалашығы жайлы айта кетсек, тарихы терең Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан экономикалық ірі сауда орны болғанын және өз заманында сақ, ғұн, жергілікті оғыз тайпаларының мекен еткенін білеміз. Осы жерлерде ең алғашқы ірі зерттеулер, 1946-1961 жылдары өткізілді. С.П.Толстов басқарған Хорезм археологиялық этнографиялық экспедициясы археологиялық зерттеу жұмысының нәтижиесінде қалашықты жергілікті оғыз тайпаларының мекендегенін айтады. Бұдан бөлек Хорезм археологиялық отряды Н.Вактурская 1968 жылдары Іңкәрдария мен Жаңадария өзендерінің ескі арналарындағы ортағасырлық қоныстарды зерттеген болатын. Осы тұста қалашыққа қималық-стратиграфиялық қазба түсіп зерттеу жүргізіледі. Сондай-ақ 2002 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Т.Мәмидің жетекшілігімен археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. 2020 жылы Қорқыт ата атындағы университетінің «археология және этнография» ғылыми зерттеу орталығымен ескерткіште кешенді археологиялық қазба жұмыстары қайта жанданды.
Үлкен Асанас қалашығының маңында орналасқан Асанас-3 нысаны осы зерттеулердің жалғасы десек, қателеспейміз. Асанас-3 қалашығына алғашқы кіші мерзімде жүргізілген шағын археологиялық қазба зерттеу жұмыстарының нәтижесінде әлі де толық зерттеу жұмыстары қажет екендігі анықталды. Осы археологиялық қазба жұмыстарына Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен Сырдария, Жалағаш, Қазалы музейлерінің қызметкерлері қатысты. Экспедиция кезінде қалашыққа жақын маңда орналасқан, зерттеуді қажет ететін ортағасырлық нысандар табылды. Қазіргі таңда алынған ғылыми мәліметтер өңделіп, ғылыми айналымға енгізілді.
Әкімжан Әжікенов,
Сырдария аудандық тарихи
өлкетану музейінің ғылыми қызметкері









