Таным көкжиегін кеңейткен кітап
Көптеген шығармаларымен оқырманның жүрегінен орын алған жазушының бірі – Дулат Исабеков. Бұл авторды танымайтын кітапсүйер қауым жоқтың қасы. Оның шығармалары мен еңбектері қазақ әдебиетінде үлкен орын алады. Қазіргі уақытта да оның кітаптары оқырмандар арасында зор сұранысқа ие. Қай баспа болсын, оның туындыларын сөренің алдыңғы жағына қояды. Себебі шығармалары оқырман жүрегінен терең орын алған. Адам өмірден озса да, артында қалған еңбегі мәңгі жасайды. «Жақсының аты өлмес, ғалымның хаты өлмес» дегендей, Дулат Исабековтің шығармалары бүкіл қазаққа танымал.Мен Дулат Исабековтің «Гауһартас», «Бекет», «Сүйекші», «Қарғын» кітабын оқыдым. Автордың әрбір шығармасы өзіне баурап алады. Жазу мәнері ерекше, әрдайым астарлы ойға толы. Менің көңілімнен шыққан шығармасы «Сүйекші» болды. Бұл шағын көлемді туынды болғанымен, адам жанын терең толғандырады. Көпшілік бұл әңгімені эмоцияға беріліп отырып оқиды. Әлеуметтік желілерде де танымалдығы жоғары. Басында мен бұл кітап жануар сүйектерінен бұйым жасайтын адам туралы деп ойладым. Кейін аннотациясын оқыған соң, «сүйекші» адамды жерлейтін, көр қазушы екенін білдім. Сөйтіп кітапты қызығып оқып кеттім. Оқиға қала шетіндегі көр қазумен айналысатын Үндемес есімді қарт адамның өмірінен басталады. Оған бұл атты кім және қашан қойғанын ешкім білмейді. Оның өмірлік мақсаты мола қазу ғана. Адамдарда жиі кездесетін «ішсем-жесем, бай болсам» деген нәпсі мен арман оның бойында мүлде жоқ еді. Бұл мен байқаған алғашқы ерекшелік болды. Кітаптағы Үндеместің өзімен-өзі айтқан сөздері мені қатты ойландырды. Қазақтар оған көр қаздырмас бұрын «мал берем, ақшасын төлеймін» деп уәде беріп, кейін сол сөзінде тұрмайды. Ал орыстар болса, марқұмның аманатын орындау үшін, оның еңбегін толық өтейді дейді. Бір қызығы ол қазған көрі үшін белгілі бір сомада ақша сұрамайды, адамдар оған бергенінше, жағдайы жеткенше ақша төлейді екен.
Оқиғаның келесі бөлігі Үндеместің бала кезіне ауысады. Ол дүниеге келгенде әкесі оның атын Тұңғыш деп қойған. Әкесі Қомша өте кедей адам еді, оған атадан мал да, мұра да қалмаған. Әйелі де қойшының отбасынан шыққан. Қомша отбасын асырау үшін әр ауылда құдық қазып, уәде етілген азын-аулақ малмен күн көріп жүреді. Бір күні еңбек етіп жүргенде, құдық басына бір байдың балалары келеді. Қымызға мас болған олар Қомшаны келемеждейді. «Әйелің өзіңнен он жас кіші екен» деп тиісіп, сөз таласына айналдырады. Қомша оларды сабырға шақырғанымен, бай балалары қоймайды. Ақыры төбелес басталып, байдың бір баласы құдыққа түсіп, қаза табады. Артында еш тіреуі жоқ Қомшаның басы дауға қалады. Ол жазықсыз болса да кінәлі деп танылады. Сот үкімі бойынша Қомша адам өлімі үшін мал төлеуі керек болады. Бірақ оның бір түлік малы да жоқ еді. Амалсыздан ол өз баласы Тұңғышты «аманат бала» ретінде беруге мәжбүр болады. Мал құнын өтеген соң ғана баласын қайтарып алуға болады. Бірақ, баласын қайтарып алар күн бұйырмады. Қомша басқа ауылдың құдығын қазып жүргенде, ауыр жұмыстан дәл құдықтың түбінде қайтыс болады. Тұңғыштың аты кейін Аманат бала, одан соң Кеңкелес болып өзгереді. Ол күн сайын қорлық көріп, таяқ жеп, құл секілді өмір сүреді. Оқырмандардың «Ол бала болғанымен, балалық шағы болмады» деген пікіріне мен де толық қосыламын. Анасы да бір күні ұлын құтқаруға келіп, түнгі боранда адасып, сәбиімен бірге үсіп қалады. Сол тұсы маған ең ауыр оқиға болды. Басты кейіпкердің еш жазығы жоқ еді, оны «обал болады, анасына қайтарайық» деп байдың өзі айтқанымен, баласы «ағамның рухына қиянат жасамаймыз» деген сөзін айтып бетін қайтарады. Бірақ, өздері аманат етілген балаға немқұрайлы, қатал қарайды. Жалпы алғанда, бұл шығарма мені терең әсерге бөледі. Басты кейіпкер адам сенгісіз сынақтардан өтеді, тағдыр тәлкегіне төтеп береді. Тек аз ғана үміт оты жанғанда, өмір жолы тағы да үзіледі. Оны жерлеу кезінде ешкім танымады, ешкім жыламады. Өмірге қалай тыныш келген болса, солай үнсіз кетіп бара жатты. Кішкене ғана шығарма, бірақ айтатын ойы мен берер сабағы көп.
Асылжан
ҚОНЫС










