Мәслихаттар сайлауы
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өнер додасында топ жарды

Өнер додасында топ жарды

Ұлттық өнерді ұлықтап, мәдениет саласы қызметкерлерінің шығармашылық ізденістерін қолдауға бағытталған байқаудың тәжірибе алмасудағы маңызы зор. Жақында Қызылорда облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы мен Қармақшы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен облыстық мәдениет үйлері мен клубтары арасында байқау өтті.

Ауқымды байқау «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы тұжы­рымдамасы аясында және Сыр мәдениеті мен өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан ардагер, мәдениет майталманы Сұлтан Сармолдиннің есімін ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған. Өнер додасы – мәдениет саласы қызметкерлерінің кәсі­би шеберлігін шыңдап, шығар­машылық әлеуетін танытуға мүм­кіндік берді.

Облыстық сайыста берекелі Бесарық ауылдық мәдениет үйінің өнерпаздары жоғары деңгейде өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Нәтижесінде аудан намысын қорғаған өнер ұжымы жүлделі ІІІ орынды ие­леніп, мерейді үстем етті.

– Ұлттық өнерімізді дәріптеу, жас ұрпақтың бойына рухани құндылықтарды сіңіру – біз­дің басты міндетіміз. Осындай тағылымы мол мәдени байқау­лардың ұйымдастырылуы – ауылдық мәдениет ошақтарының шығар­машылық әлеуетін арттырып, өнер ұжымдарының еңбе­гін бағалауға берілген үлкен мүмкіндік. Сұлтан Сармолдин секіл­ді Сыр мәдениетінің дамуы­на зор үлес қосқан ардақты тұлғаның есімін ұлықтауға ар­нал­ған байқаудың тәрбиелік әрі рухани мәні ерекше. Бұл жетістік ұжым мүшелерінің бір­лес­кен еңбегінің, ізденісінің, өнерге деген сүйіспеншілігі мен жауап­кершілігінің нәтижесі, – дейді ауылдық клуб директоры Маржан Жүсіпбекқызы.

Байқау үш кезең бойынша ұйымдастырылып, қатысу­шы­лар­дың шығармашылық қабілеті мен кәсіби шеберлігі жан-жақты сараланды. Алғашқы кезең «Клуб бренді» деп аталды. Бұл кезеңде мәдениет үйлері мен клубтар өздерінің жеке логотиптерін әзір­леп, «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы» жобасы аясында қалыптастырған ерекше имиджі мен брендін таныстырды. Сондай-ақ клубтардың ішкі-сыртқы безендірілуі, атқарылған жұмыстары бейнеролик пен слайд арқылы көпшілік назарына ұсынылды.

Екінші кезең «Ұлы өнер – ұлағатты адалдық» тақырыбында өрбіді. Қатысушылар ән, би, драма, ақындық өнер секілді кемінде үш жанрды үйлестіре отырып, мазмұнды шығармашылық қойы­лым ұсынды. Бұл кезеңде өнер түрлерінің бір-бірімен үндесуі, сахналық үйлесім, жаңашылдық пен орындаушылық шеберлік бас­ты назарға алынды.

Ал үшінші кезең «Сұлтан Сармолдин және ұлттық өнердегі адалдық мұрасы» деп аталды. Мұнда ҚР Мәдениет қайраткері Сұлтан Сар­молдиннің ұлттық өнер­ге сіңірген еңбегі, тұлғалық болмысы мен қайраткерлік қыз­метін жас ұрпаққа үлгі ету көзделді. Сонымен қатар клуб­тардың жетістіктері мен тәжіри­бесін қамтитын әдістемелік құрал­дар, кітапшалар, брошюралар, буклеттер және символикалық көрнекіліктер ұсынылды.

Облыс бойынша жеті ауданның өнерпазы қатысқан байқауда Бесарық ауылдық мәдениет үйі өнерпаздары лайықты өнер көр­сетті. Нәтижесінде жерлес­те­ріміз жүлделі орын иеленіп, аудан мерейін үстем етті. Бұл жетістік – шығармашылық ұжымның бірлігі мен тынымсыз еңбегінің, ұлт­тық өнерге деген құрметі мен ізденісінің жемісі.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
14 қараша 2026 ж. 52 0