Мәслихаттар сайлауы
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Шағын және орта бизнес-экономикалық өсімнің маңызды қозғаушы күші

Шағын және орта бизнес-экономикалық өсімнің маңызды қозғаушы күші

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында кәсіпкерлікті дамыту, әсіресе шағын және орта бизнеске тең мүмкіндік қалыптастыру мәселесіне басымдық берілуі-еліміздің экономикалық саясаты үшін маңызды қадам. Президенттің кәсіпкерлерге әділ бәсекеге жол ашу қажеттігі туралы пікірі нарықтық экономиканың негізгі қағидаттарымен толық үндеседі. Өйткені кәсіпкерлік-тек табыс табудың көзі емес, жаңа жұмыс орындарын ашып, халықтың әл-ауқатын арттыруға және ел экономикасының тұрақты дамуына үлес қосатын маңызды сала.

Бүгінгі таңда шағын және орта бизнестің дамуы кез келген мемлекеттің экономикалық әлеуетін айқындайтын негізгі көрсеткіштердің біріне айналды. Бұл бағытта кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау, әкімшілік кедергілерді азайту, қаржыландыру мүмкіндіктерін кеңейту және мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру ерекше маңызға ие. Әсіресе жас кәсіпкерлер мен жаңа іс бастаған азаматтарға қолдау көрсету арқылы экономикалық белсенділікті арттыруға болады.

Менің ойымша, әділ бәсекелестік қалыптасқан ортада ғана кәсіпкерлік шынайы дамып, сапалы өнім мен қызмет түрлері көбейеді. Нарықта әрбір кәсіпкердің өз әлеуетін көрсетуіне мүмкіндік берілуі, меншік құқығының қорғалуы және баршаға бірдей талаптардың қолданылуы аса маңызды. Мұндай орта инвестиция тартуға, жаңа технологияларды енгізуге және отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашады.

Сонымен қатар шағын және орта бизнестің өңірлерді дамытудағы рөлін де ерекше атап өткен жөн. Ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда кәсіпкерліктің өркендеуі жаңа жұмыс орындарының ашылуына, жергілікті халықтың табысының өсуіне және әлеуметтік мәселелердің шешілуіне ықпал етеді. Сондықтан кәсіпкерлікті қолдау саясаты тек ірі қалалармен шектелмей, барлық өңірде жүйелі жүзеге асуы қажет.

Жолдауда көтерілген бұл бастамалар елімізде іскерлік белсенділікті арттырып, экономиканың жаңа мүмкіндіктерін қалыптастыруға бағытталған. Ең бастысы, кәсіпкер мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауды тиімді пайдаланып, өз кезегінде қоғам мен ел экономикасының дамуына үлес қосуы тиіс. Әділ бәсеке бар жерде сапа артады, мүмкіндік бар жерде бастама жанданады. Ал кәсіпкерлігі өркендеген елдің экономикалық іргетасы да берік болады.
13 қараша 2026 ж. 15 0