Теңгенің қадірін қалай түсінеміз?
Биыл ұлттық валюта – теңгенің айналымға енгеніне – 33 жыл. Еліміздің төл валютасы туралы жарлық 1993 жылы 12 қарашада шыққан. Теңге үш күннен соң 15 қарашада айналымға енді.Тарихи деректерде ең алдымен валютамызға дұрыс атау ізделгені айтылады. «Ақша», «Сом» атаулары ұсынылғанымен Халықаралық инженерлер академиясының академигі, ғалым Сауық Тәкежанов «теңге» атауын ұсынып, арнайы комиссия осы атауға тоқтаған. Теңгенің дизайнын жасауға бірнеше суретші қатысқан. Меңдібай Әлин, Досбол Қасымов, Ағымсалы Дүзелханов, Тимур Сүлейменов, Хайрулла Ғабжалыловтың туындылары қалам, тушь арқылы салынған.
Ұлттық валютаның осы уақытқа дейін төрт сериясы енгізілген. Ең алғашқысы «Портреттік серия» деп аталды. Мұнда дизайнерлер қазақтың белгілі тарихи тұлғалардың бет-бейнесін пайдаланды. Теңге алғаш қолымызға тигенде онда Әл-Фараби, Сүйінбай, Құрманғазы, Шоқан Уәлиханов, Абай, Әбілқайыр хан және Абылай хан бейнесі болғаны есімізде. Содан соң екінші серия «Әл-Фараби» деп аталды. Үшінші буыны «Бәйтерек» деп аталып, ол 2006 жылы шықты. Қазір біздің пайдаланып жүргеніміз ұлттық валютаның төртінші толқыны. Самұрық сериясында, «Қазақ елі» монументі мен көгершіндер бейнеленген.
«Теңге қадірін қалай түсінеміз?» деген сұрақ бүгінде тек қаржыгерлер мен экономистердің көкейіндегі сауал емес. Еліміздің әрбір патриот азаматы ұлттық валютаның қадір қасиетін сезініп, оның ел тарихындағы орнына жоғары баға беруі тиіс.
– Алғашқы жылдары төл теңгеміз айналымға енген уақытты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Халықтың қуанғаны, қуаныштың көз жасы, қиындықтан қажыған елдің ертеңгі күнге деген сенімі күшейгені, бәрі-бәрі көз алдымызда. Жап-жаңа теңгенің бейнесіндегі тарихи тұлғалар еліміздің шежіресінің бастауы болғандай. Алғашында шетелден тасымалданған теңгеміз, Лондонда басылған. Ол кезде өзімізде ақша басатын фабрика болмаған. Монеталар Германияда жасалған екен. Арада бір-екі жыл өткеннен кейін-ақ өз еліміздің фабрикаларында басылды. Сарапшылардың айтуынша, теңгеміздің банкнотасы әлемдегі ең үздік ақша ретінде танылған. Сондай-ақ теңге – жалған ақшадан қорғалған ең қауіпсіз валюта екенін білеміз. Америкалықтардың өзі теңгеміздің технологиясына сүйеніп, доллардың қауіпсіздігін күшейткен. Теңге қадірі сөз болғанда осындай тарихи кезеңге қайта оралмау мүмкін емес. Әрине, теңгемізден асқан валюта жоқ. Теңгенің бейнесін өзгертіп отыру ол барлық елде бар. Жаңару мен қайта жаңғырту уақытқа бағынатын құбылыс емес. Заманауи талаптарға сай өзгеріске ұшырап отыруы заңдылық, – дейді банк саласының ардагері Құралай Әбілқайырова.
Төл теңгеміз өмірге келгендегі азаматтар да биыл 33-ке келді. Тарихи кезеңмен қатар дүниеге келгендердің қатарында сырдариялық Сағдат Бахрадинов бар. Ең қызығы, бұл жігіттің туған күні – 1993 жылдың 15 қарашасы.
– Еліміз тәуелсіздік алған жылдары қиыншылық болғанын ата-анамыз айтып отыратын. Алайда, ата-анамның тұңғышы болып ұлттық валюта айналымға енген күні өмірге келіппін. Отбасымыз үшін бұл күн қуанышты жағдай десек, сол уақыттағы елдегі қуаныш тіпті еселей түскен. Біздің отбасымызда теңгенің қадірін барлығы жақсы біледі. Бір емес, екі бірдей мерекені 33 жылдан бері атап өтіп келеміз. Тәуелсіз еліміздің ұрпағы шын бақытты. Біз тарихымызды біліп ержеттік. Теңгенің қасиеті, қадірі аға ұрпақ үшін қандай болса, кейінгі ұрпақ үшін де маңызды. Тұтас елдің қаржылық айналымын өзгерту, жаңалық енгізу мемлекет үшін оңай болмаған. Жылдар бойы дайындық жүріп, алдын ала барлығы есептеліп, жоспарланған. Ел тұрғындары мұндай жаңалықты бір сәтте ғана білгенімен, алдын ала қаншама ауқымды жұмыс жүргізілгені, қаншама адамның еңбегі бар екенін кейін білдік. Енді міне, сол тарихи кезеңнен өткенімізге де қаншама жыл болды. Уақыт елдегі жағдайды өзгертті. Бұрын болашағы жоқ болып көрінген шағын ауылдардың жағдайы жақсарды. Қазір біз секілді ауыл адамдары жеке шаруашылықпен айналысады. Егін егіп, жерден несібемізді аламыз. Кәсібіміз – табысты арттыруға, мұқтаж жандарға көмек көрсетуге мүмкіндік беруде. Теңгенің арқасында еліміз дамып, жаңа жайлы кезеңге қарыштап қадам басудамыз, – дейді айдарлылық азамат Сағдат Талғатұлы.
Қазақстандықтарға жаңа мүмкіндік, жаңа белес, тың жаңалық алып келген тарихи күннің уақыт өткен сайын қадірі арта түсуде. Теңге – тек экономикалық ахуалымыздың, қаржылық мүмкіндігіміздің көрсеткіші емес, ол ұлттық құндылығымыздың, көк тудың астына жиналған халықтың бекем бірлігінің, ынтымақты ырыстың нышаны.
Бибісара ЖАНӘЛІ
Фото: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ










