Құрылтай
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауыл мәдениетінің өнер керуені – аудан төрінде

Ауыл мәдениетінің өнер керуені – аудан төрінде

Ауыл мәдениетін жаңғыртып, ұлттық өнерді дәріптеу және ауыл өнерпаздарының шығармашылығын кеңінен насихаттау мақсатында қолға алынған «Ауыл мәдениетінің өнер керуені – аудан төрінде» мәдени жобасы өз жалғасын тапты. Бұл жолы мәдениет керуенінің эстафетасын Нағи Ілиясов, Іңкәрдария және Шаған ауылдық мәдениет ошақтарының өнер ұжымдары қабылдап, аудан тұрғындарына мазмұнды әрі тағылымы мол концерттік бағдарлама тарту етті.

Тереңөзек төрінде өткен мәдени кеш ауыл мен аудан арасындағы рухани байланысты нығайтып, елді мекендерде қанат жайған өнердің өрісін кеңейте түсті. Өнер сүйер қауым ауыл мәдениетінің тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысып, шығармашылық ұжымдардың орындауындағы ән-күйді, ұлттық салт-дәстүрді насихаттайтын көріністерді және сахналық қойылымдарды тамашалады.

Тағылымы мол кеште әр ауылдың өнерпазы өздерінің шығармашылық әлеуетін жан-жақты таныта білді. Қазақтың халық әндері мен күйлері, патриоттық және лирикалық шығарма, ұлттық би мен театрландырылған қойылым көрермен көңілінен шығып, сахна сәнін келтірді. Әсіресе, ұлттық құндылықты арқау еткен көрініс пен туған жерге деген сүйіспеншілікті паш еткен әндер көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Нағи Ілиясов ауылдық мәдениет үйінің өнерпаздары дәстүрлі өнердің көркем үлгілерін ұсынып, қазақы болмыс пен ұлттық рухты дәріптейтін шығармалар орындады. Іңкәрдария ауылдық клубының өнер ұжымы әсем әндерімен, көркем би қойылымдарымен және әсерлі сахналық көріністерімен көрерменнің зор қошеметіне ие болды. Ал Шаған ауылдық мәдениет үйінің өнерпаздары орындаған халықтық және эстрадалық жанрдағы шығарма кештің мазмұнын байытып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Өнер кеші барысында ауыл мәдениетінің өзіндік ерекшелігі мен шығармашылық мүмкіндігі кеңінен көрініс тапты. Әрбір өнер нөмірі туған жерге деген құрметті, ұлттық салт-дәстүрді және қазақ өнерінің өміршеңдігін айшықтай түсті. Жас өнерпаздар мен тәжірибелі сахна шеберлерінің бірлескен шығармашылығы көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, ауыл мәдениетінің бүгінгі даму деңгейін айқын көрсетті.
Жоба аясындағы концерттік бағдарлама ауыл өнерпаздары үшін тәжірибе алмасудың, шығармашылық байланыс орнатудың және өнердегі ізденістерін көпшілікке танытудың тиімді алаңына айналып келеді.

Б.АЯБЕКҰЛЫ
21 шілде 2026 ж. 126 0