Өнердің баспалдағы үйірмеден басталады
Аудан өнерпаздары тағы да аудан мерейін асырып, өнер мен мәдениеттің озық үлгісін көрсетті. Жақында Қармақшы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының ұйымдастыруымен Ш.Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінде «Үздік үйірме жетекшісі – 2025» атты облыстық байқауы өтті.Байқауға кәсіби шеберліктерін көрсетуге сырдариялық мәдениет саласының мамандары да қатысып, жоғары нәтиже көрсетті.
Бұл жолы жыраулар мекені Қармақшы ауданында өткен байқау мәдениет үйлері мен ауылдық клубтар жанындағы үйірмелердің кәсіби деңгейін, шығармашылық жұмыстардың нәтижелілігін анықтау мақсатында ұйымдастырылды. Негізінен мәдениет үйлері жанындағы үйірмелер әрбір елді мекендегі мәдениет ошақтарында жұмыс істейді. Бірнеше үйірме жұмыс жасайтын ауылдық клубтар мен мәдениет үйінде өнерге жақын жастар талантын шыңдауда. Онда мектеп оқушыларынан бастап, ауыл тұрғындары ауыл өнерін дамытуда. Олар ауыл халқына өнері арқылы мәдени қызмет көрсетеді. Сондай үйірмелердің қатарында аудандық мәдениет үйінің балалар драма үйірмесі бар. Үйірмеге жетекшілік ететін жас өнер иесі, режиссер Ерғали Әмірбекұлы түрлі қойылым арқылы бойында таланты бар жастарды өнерге баулуда. Жыл бойы жоспарға сәйкес спектакль қойып, сахналық қойылымға жетекшілік етеді. Үйірме мүшелері бұл жолы да жақсы өнер көрсетіп, нағыз жеңімпаз екенін көрсетті. Байқаудың бірінші орынын жеңіп алған сырдариялық өнерпаздар қазылар алқасының жоғары бағасын алды.
Облыстық байқаулардан ауылдық клуб үйі жанындағы үйірмелер де жақсы көрсеткішпен оралуда. Бұл жолы байқауға қатысқан С.Сейфуллин ауылындағы клуб жанындағы қолөнер үйірмесінің жетекшісі Светлана Байымбетова да бірінші орын тұғырынан көрінді. Қолөнер шебері шәкірттерімен көз жауын алатын бұйымдарынан көрме жасап, ұлттық құндылыққа негізделген туындылар көрсетті. Ұлттық салт-дәстүрді насихаттайтын қолөнер шебері заманауи үлгідегі тың сән үлгісін жасауда алдына жан салмайды. Ауыл жастарын шеберлікке үйретіп жүрген Светлана Байымбетова бұл жолы да бірінші орын алып, үздік атанды.
Сонымен қатар үйірме мүшелерін ұлттық аспаптарда, соның ішінде домбыра тартып, ән-жыр айтуды жанына серік еткен Шіркейлі ауылдық мәдениет үйінің үйірме жетекшісі Мақсұт Әбсадықов та байқаудан жүлдемен оралды. Үйірмеге жетекшілік ететін майталман маман ауылдағы жыраулық дәстүрді насихаттап, терме орындаудың шебері атанған домбырашы. Бұл жолы Шіркейлі ауылындағы Қалтай Мұхамеджанов атындағы мәдениет үйінің өнерпаздары, домбырашылар екінші орын алды.
– Сырдария ауданының өнерпаздары жылды керемет жетістіктермен қорытындылауға жақын. Ауданның мәдениет саласының қызметкерлері ұрпақтан-ұрпаққа келе жатқан салт-дәстүрдің құндылығын арттыру жолында қызмет етіп келеді. Ауылдың дарынды, талантты жастарын үйірмеге тартып, өнерпаздарды байқауларға апарып, мерейімізді асыруда. Шын мәнінде олардың арасында таңдай қақтыратын ақын да, күміс көмей әнші де, домбыраның құлағында ойнайтын күйші де бар. Бүгінгі жетістігіміз соның айқын көрінісі. Алдағы уақытта үйірме жұмысы одан сайын жанданып, өнерпаздарымыз ауданның атын шығара береді деген сенімдеміз, – дейді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Анар Қалдыбаева.
Бір байқаудан үш жүлделі орынмен келген сырдариялық өнерпаздарға «Өнерлерің өрге жүзсін» демекпіз.
Б.ТАҢАТАРҚЫЗЫ










