Елге қызмет: Еңбекпен өрілген өмір
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен, үлгі болған адамдар қашан да құрметті, сыйлы болуы керек» деген болатын. Осы ұлағатты ұстанымды негізге алған «Әділет» партиясының Сырдария аудандық филиалы «Елге қызмет» жобасын жүзеге асыруды бастады. Жобаның ең алғашқы қонағы – мемлекеттік қызмет саласының ардагері, «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісінің иегері Серік Нұртазаевпен кездесу өткізілді.Кездесуге партия ардагерлері Мұса Келдібаев, Ұлмекен Жаналиева, Жантемір Айсин, Қожамұрат Сматұлы, Сталбек Тобағұлов, Несібелі Керейтбаева, Балшекер Өтегенова, Жәмиға Іздібаева бастаған зиялы қауым өкілдері, бастауыш партия ұйымының төрағалары, партия белсенділері және жергілікті БАҚ өкілдері көрермен ретінде қатысты.
«Әділет» партиясы Сырдария аудандық филиалының төрағасы Ақтөре Ибрагимұлы «Елге қызмет» жобасының басты мақсаты – саналы ғұмырын ел игілігіне арнап, адал еңбегімен қоғамның құрметіне бөленген, бүгінде ардагерлік кезеңге абыроймен жеткен азаматтардың өмір жолын кейінгі ұрпаққа үлгі ету екенін айтты.
– Елге қызмет ету – үлкен жауапкершілік пен табандылықты талап ететін қасиетті міндет. Ал осы жолда абырой биігінен көрінген ардагерлердің өнегелі өмірі – жас ұрпақ үшін тағылымды тәрбие мектебі. Біз «Елге қызмет» жобасы аясында ауданымыздың дамуына үлес қосқан ардақты азаматтармен сұхбат ұйымдастырып, олардың өмір жолы мен еңбек белестерін көпшілік назарына ұсынуды жоспарлап отырмыз. Өйткені, елге қызмет ету – тек еңбек ету емес, ол Отанға деген адалдықтың, жауапкершілік пен адамгершіліктің айқын көрінісі. Ал, адал еңбекті бағалау, дәріптеу – біздің ортақ міндетіміз. Бұл бастама Ел Президентінің «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» тұжырымдамасына сай келеді, – деген Ақтөре Ибрагимұлы жобаның ең алғашқы қонағы Серік Нұртазаевпен сұхбат жүргізді.
Сұхбат барысында Серік Нұртазаев еңбек еткен жылдарындағы естеліктер, өмір белестерінің ұмытылмас кезеңдері туралы ой бөлісті. Сондай-ақ Ақжарма ауылының әкімі, Тереңөзек кентінің әкімі, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы, аудан әкімінің орынбасары секілді жауапты қызметтерді атқару барысында кездескен қиындыққа толы сәттер мен әріптестері жөнінде әңгіме өрбітті.
– Мемлекеттік қызметте жүрген жылдарымда елдің сенімін ақтап, халықтың игілігі үшін еңбек етуді басты міндетім деп білдім. Әрбір атқарған қызметім мен үшін үлкен жауапкершілік болды. Қандай лауазымды атқарсам да халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, елдің мәселесін шешуге күш салуға тырыстым. Бұл жолда әріптестеріммен бірге талай жауапты міндеттерді атқарып, көп тәжірибе жинақтадым. Қызмет жолында түрлі қиындықтар кездесті. Алайда ауызбіршілік пен жауапкершіліктің, халықтың қолдауының арқасында сол міндеттерді еңсеруге мүмкіндік болды. Бүгінде еңбек еткен жылдарымды ризашылықпен еске аламын, шүкір етемін. Жастарға айтарым – қай салада еңбек етсе де, өз ісіне адал болып, елге пайдасын тигізуге ұмтылу керек. Еңбектің қадірін біліп, үлкендердің тәжірибесінен тағылым алған жөн. Адамның ең үлкен жетістігі – артында жақсы ісі мен елдің алғысын қалдыру. Сондықтан әрбір азамат өз міндетіне жауапкершілікпен қарап, туған жерінің дамуына үлес қосуы керек, – деді Серік Нұртазаев.
Іс-шара барысында партия ардагерлері Мұса Келдібаев, Ұлмекен Жаналиева, Жантемір Айсин, Сталбек Тобағұлов, Несібелі Керейтбаева, Балшекер Өтегенова және әріптестері атынан Гүлмира Зинабдинова сөз сөйлеп, қоғам қайраткері Серік Нұртазаевтың азаматтық болмыс-бітімі, ауданның дамуына қосқан еңбегі туралы ой-пікір айтып, жылы лебіздерін білдірді. Кездесу соңында «Әділет» партиясы Сырдария аудандық филиалының төрағасы Ақтөре Ибрагимұлы «Елге қызмет» жобасының ең алғашқы қонағы Серік Нұртазаевқа алғыс білдіріп, қазақы дәстүрге сай иығына шапан жауып, партияның аудандық филиалының атынан құрмет көрсетті.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ









