Партия филиалының төрағасы сайланды
Өздеріңізге белгілі, елімізде «Әділет» саяси партиясы мемлекеттік тіркеуден өтіп, өз жұмысын бастады. Соған сәйкес партияның аудандық филиалы да 2026 жылғы 7 шілдеде Әділет органына ресми тіркелді. Кеше партияның аудандық филиалының ең алғашқы тарихи І конференциясы өтті.Конференция жұмысына кент және ауылдық округтерден «Әділет» саяси партиясының мүшесі болып табылатын партия белсенділері, ардагерлер, үкіметтік емес ұйым жетекшілері және БАҚ өкілдері қатысты. Жиынның күн тәртібінде негізгі екі мәселе қаралды. Бірінші мәселе «Әділет» саяси партиясы Сырдария аудандық филиалының төрағасын сайлауға, екінші мәселе «Әділет» саяси партиясы Сырдария аудандық филиалының Саяси кеңесінің мүшелерін сайлауға арналды.
Алғашқы мәселе бойынша «Әділет» саяси партиясының мүшесі Жеңісбек Төрәлиев партияның аудандық филиалының төрағасы лауазымына Ақтөре Ибрагимұлының кандидатурасын ұсынып, өмірбаянымен, саяси-шығармашылық жетістіктерімен таныстырды. Ұсынысқа сәйкес «Сырдария ауданының Құрметті азаматы», ҚР Мәдениет саласының үздігі Сансызбай Сәдуақасұлы және «Құрмет» орденінің иегері, мемлекеттік қызмет саласының ардагері Балшекер Өтегенова сөз сөйлеп, делегаттарды қолдау білдіруге шақырды. Делегаттар ашық дауыс беру арқылы өз таңдауларын жасап, «Әділет» саяси партиясының Сырдария аудандық филиалының төрағасы лауазымына Ақтөре Ибрагимұлының кандидатурасын бекітті.
Жаңадан құрылған партияның аудандық филиалының І конференциясының шешімімен төраға болған А.Ибрагимұлы делегаттарға, қолдау танытқан азаматтарға шынайы ризашылығын білдіріп, бар күш-жігері мен білімін ауданның қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және рухани-мәдени дамуына жұмсайтынын айтты. Сонымен қатар алда тұрған мақсат-міндетке кеңінен тоқталып, партияның жарғысы мен бағдарлалық бастамасын жүзеге асыру жолында партия мүшелерінің белсене атсалысатынына сенім білдірді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша «Әділет» саяси партиясы Сырдария аудандық филиалының Саяси кеңесінің мүшелері сайланды. Саяси кеңес қатарына белді де белсенді партия мүшелері ұсынылып, конференция шешімімен бекітілді.
Айта кету керек, «Әділет» саяси партиясының Сырдария аудандық филиалының төрағасы Ақтөре Ибрагимұлы еңбек жолын журналистика саласынан бастаған. Әр жылдары республикалық «Қазақстан жолы» газетінде тілші, аға тілші, жауапты хатшы қызметтерін атқарған. 2014-2017 жылдары Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетінде тілші болса, 2017-2019 жылдары Сырдария ауданы әкімінің көмекшісі, аудан әкімінің баспасөз хатшысы, аудан әкімі аппаратының аударма жөніндегі редакторы ретінде еңбек етті. Ал 2019-2024 жылдары Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы, 2024 жылдың қазан айынан бастап күні кешегі дейін «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы қызметін атқарып келді. Ақтөре Ибрагимұлы – Сырдария аудандық мәслихатының 7,8 шақырылымының депутаты, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Сырдария аудандық қоғамдық кеңесінің мүшесі. Ол – «Сыр үміті», «Өрлеу», «Ғани Мұратбаев» атындағы жастар сыйлығының иегері, 2025 жылы «Тұран» әдеби сыйлығымен және ҚР Президентінің 2026 жылғы 8 сәуірдегі Жарлығымен мемлекеттік награда «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
«Тт» ақпарат











