Бағы мен бабы – ұстаздық пен ақындық
Ауданнан шалғай елді мекен Іңкәрдариядағы қарашаңырақ – білім ордасында отыз бес жыл бойы еңбек еткен ардақты ұстаз Марал Сағындықованың есімі өлеңсүйер қауымға етене таныс. Ардақты жан табан аудармастан ұзақ жыл бойы жас ұрпаққа білім мен тәрбие беріп, ардагерлікке абыроймен жетті. Бүгінде ақынжанды ұстаздың туған күні Республика күнімен тұспа тұс келетінін біліп, ардақты ана туралы қалам тербеуді жөн көрдік.Ұстаз әрі ақын Марал Сағындықова – Ақжарма ауылының тумасы. Бала кезінен ақын шығармаларын жетік біліп, жаттап өскен бойжеткен мектепті бітірген соң Қызылорда қаласындағы жоғары оқу орнын тәмамдайды. Таңдаған мамандығы физика-математика пәнінің мұғалімі болса да жанынан қаламы мен қойындәптерін тастамайтын әдеті оны ақындыққа әкеледі.
Алғашқы еңбек жолын Іңкәрдария ауылындағы мектептен бастаған ұстаз мамандығына аса ыждағаттылықпен қарап, ұстазға тән қасиет – шәкірт жүрегіне жол тауып, оқушыларына нақты ғылымның қыр-сырын меңгертуді мақсат етеді. Ұстаздық жолда абыройлы болған жан ұстаздық етсе де, жастайынан жанына серік еткен өлең шығаруды жаны қалап тұрады. Бір сәтке де шығармашылықтан қол үзбей, жүрек түпкірінен төгілген жыр шумақтарын алдағы уақытта кітап шығаруға жинақтап келеді.
Алғашқы жыр-шумақтарынан бастап, «Атаана жауапкершілігі», «Үлкенге – құрмет, кішіге – міндет», «Бәрі де бала үшін», «Берекең таси берсін, ауылым», «Сен жырыңмен емдедің» атты өлеңдері бала тәрбиесі, отбасы, адамгершілік қасиет, туған жер тақырыбына жазылып, оқырманның жүрегіне жол тапты. Бірнеше өлеңі мен мақалалары жергілікті ақындардың жинақтарына енді.
– Маралдың туған күнін Республика күні атап өтетінімізге қуаныштымыз. Оның бойында шын мәнінде туған жерге, елге деген патриоттық сезім басым. Біз мектепте ұзақ жыл бірге қызмет еттік. Маралдың өлеңдерін оқып, шын мәнінде ақынға тән қасиетті байқайсыз. Ол ең алдымен ұстаз, сүйікті жар, аяулы ана. Өлеңдерінен ауылдың жұпар иісі аңқиды. Марал – ақындық пен ұстаздықты қатар алып жүрген, табиғи жаратылысынан өте мейірімді жан. Бұл оның ерекше қасиеті әрі туа бітті таланты мен дарындылығы, – дейді байырғы әріптесі, ардагер-ұстаз Жақсыгүл Ділдабаева.
Ұстаздық пен ақындықты тең алып жүру оңай шаруа емес. Тек рухани бай, ерік-жігері мықты, өмір сүрудің мәнін ұғынған адам ғана екеуін де биікке көтереді. Үнемі ізденісте жүріп, мектепте дәріс беріп, ата мен енеге қызмет ету, отбасының шаруаларын дөңгелету екінің бірінің қолынан келмейді. Сондықтан ұстаздың бұл қасиеті көпке үлгі, жастарға өнеге болатын ұлы жол.
Марал Өмірбекқызы ардагерлікке жеткенге дейін білім саласында қызмет ете жүріп, ауданның мәдени өмірінен қалыс қалмауды әдетке айналдырған. Қазір де бұл дәстүрден жаңылған емес. Шақырту келсе, мүшәйрадан қалмай, сырлы да, мағынасы терең өлеңдерін оқып, көпке қуаныш сыйлауда. Ұстаз жыр мүшәйраларына қатысу арқылы, бақ сынап, әрі өлең әлемінде өзін-өзі шыңдауға мүмкіндік алады. Ал әрбір жетістігіне мақтану ақынға жат әдет, қайта алған жүлдесін ауылының, мектебінің абыройы деп біледі.
– Мұғалім болып жаратылып, еңбек жолымда талай жетістікке жеттім. Абыройға кенеліп, көптеген марапаттарға ие болдым. Іңкәрдария ауылындағы №191 орта мектепте еңбек жолымды бастап, 35 жыл табан аудармастан қызмет еттім. Үнемі шығармашылық ізденісте жүріп, оқушыларды математика пәнін жетік меңгертуге барымды салдым. Шәкірттерімнің арасында мектептің атын шығарғандар бар. Олар біздің мақтанышымыз. Ал өлең жазу – бала кезімнен жаным қалаған сүйікті ісім. Студенттік шақтан бастап жазған, осы күнге дейін жүрек түкпірімде сайрап жатқан жыр жолдары кітап болып басылса қуанар едім. Өлеңдерім жаныма жақын адамдарға арналды. Туған жерге деген сүйіспеншілік, бала тәрбиесі, ана көңілі, тағысын тағылар өлең болып өрілді. Өлеңмен сырласу – ақынның қасиеті. Бірақ барлық нәрсені өлеңнен іздеу қателік болар. Өмірдің берген сыйы – ақындық пен ұстаздықты қатар алып жүрдім. Сол үшін өзімді нағыз бақытты жанмын деп айта аламын. Республика күні – туған күнім. Қос мереке біздің отбасымыз үшін үлкен мәнге ие. Баршаңызды мерейлі мерекемен құттықтаймын, – дейді ақ жаулықты ана, ардақты ұстаз Марал Сағындықова.
Бүгінде ардақты жан бейнетінің зейнетін көруде. Ардагер-ұстаздың ауыл балалары үшін төккен тер мен адал еңбегі лайықты бағасын алды. ҚР Білім және ғылым министрінің «Құрмет грамотасымен», облыстық білім басқармасының «Құрмет грамотасымен», облыс, аудан әкімінің «Алғыс хатымен», «Сырдария ауданының 90 жылдығы» медалі, тағы басқа көптеген марапаттар – ұстазды құрметке бөлеген наградалар.
Марал Өмірбекқызы – өмірлік қосағы Әділбай Есмағамбетовпен бірге 5 бала тәрбиелеп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырған ардақты ана, асыл жар. Ауылдың қадірменділері ұрпағынан 17 немере сүйіп отырған ата-әже. Биыл өзінің 66-шы туған күнін ел үшін мерейлі күні атап өтетін бақытты анаға ұзақ өмір, шығармашылық жолына толағай табыс тілейміз!
Бибісара ЖАНӘЛІ









