Ауылдастың аты озса...
Адам өмірін арашалау, ажалмен бетпе-бет келіп, қауіпқатерге қаймықпай қарсы тұру – кез келгеннің қолынан келе бермейтін іс. Әрине, жүрек жұтқан батырлықты, темірдей тәртіп пен отанға деген адалдықты талап ететін жауапты мамандықта тек қайсар жандар жүреді. Үнемі сындарлы сәтте өз өмірін қатерге тігіп, өзгелердің амандығы үшін күресіп жүрген жан, Қызылорда қаласындағы №6 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушіқұтқарушысы Нұрсұлтан Жалғасовтың еңбегі жақында еленді. Ел басына күн туған сәтте ерлігімен көзге түскен азамат мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Ерлігі үшін» медалін иеленді.Нұрсұлтан Жалғасов 1996 жылы Аманкелді ауылында дүниеге келген. Балалық шағының бір кезеңі кіндік қаны тамған туған жерінде өтті. Аманкелді ауылындағы мектепте жетінші сыныпқа дейін білім алған ол кейін Қызылорда қаласындағы Ж.Баһадүр атындағы дарынды балаларға арналған интернатта оқуын жалғастырды. Жастайынан спортқа ден қойған Нұрсұлтан бокспен шұғылданып, ел чемпионаттарында бірнеше мәрте бақ сынап, жүлделі орындардан көрінді. Спорт шеберлігіне үміткер атанып, табандылық пен төзімділікті бойына сіңірді. Рингтегі әрбір шынығу оған жеңіске жетудің, қиындыққа мойымаудың, қарсыластың алдында да, өз алдында да жауапкершілік танытудың мәнін ұқтырды.
Спорттағы шыңдалу кейінгі кәсіби өміріне де оң ықпал етті. Өйткені өрт сөндіруші-құтқарушының қызметінде де шапшаңдық, батылдық, сабырлылық пен әр секундтың қадірін білу аса маңызды. Ел Президентінің қолынан жоғары марапат алған жерлесіміз Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық колледжде, одан кейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде білімін жетілдірді. Азаматтық борышын өтеп, ел алдындағы міндетін орындаған соң, еңбек жолын жауапкершілігі мол құтқарушы мамандығымен байланыстырды.
Еңбек жолын Евразия спорт кешенінде құтқарушы болып бастаған Нұрсұлтан осыдан тоғыз жыл бұрын Жалағаш ауданындағы сол кездегі №6 өрт сөндіру бөліміне жұмысқа орналасады. Кейін Қызылорда қаласындағы №6 өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруші, аға өрт сөндіруші, бөлімше командирі қызметтерін атқарып, мол тәжірибе жинақтады.
Бүгінде ол – өз ісін жетік меңгерген, жауапты сәттерде шешім қабылдай білетін тәжірибелі маман. Оның күнделікті қызметі сырт көзге қарапайым көрінгенімен, әрбір шақыртуда адам өмірі мен тағдыры таразыға түседі. Өрттің ортасына кіру, түтінге тұншыққан ғимараттан адамдарды алып шығу, жарылыс қаупі бар аумақта әрекет ету – мұның бәрі кәсіби дайындықпен қатар, үлкен жүрек пен қайсарлықты қажет етеді.
Нұрсұлтан Жалғасов осындай сын сағаттарда өз міндетін абыроймен атқарып келеді. Қызмет барысында ол тұрғындардың өміріне қауіп төнген талай оқиғаға қатысып, адамдарды құтқаруға атсалысқан. Соның бірі – жанып жатқан үйден газ баллонын алып шығуы. Мұндай жағдайда бір сәттік қателіктің өзі орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін. Газ баллонының жарылу қаупі өрттің ауқымын ұлғайтып, адам өміріне төнген қатерді еселейтіні белгілі. Соған қарамастан, құтқарушы қауіптің алдын алуға бағытталған батыл әрекетке барған.
Тағы бірде зауыттардың бірінде орын алған төтенше жағдай кезінде жарылыстың алдын алуға үлес қосқан. Өндірістік нысандардағы мұндай оқиғалар үлкен жауапкершілікті, жағдайды жедел бағалап, дұрыс шешім қабылдауды талап етеді. Осындай сәттерде құтқарушының кәсібилігі мен шұғыл әрекеті талай адамның амандығына әсер етуі мүмкін.
– Мемлекет басшысының қолынан «Ерлігі үшін» медалін алу – мен үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Жоғары марапатты өзіммен бірге қызмет атқарып жүрген әріптестерімнің ортақ еңбегіне берілген баға деп білемін. Өрт сөндіруші-құтқарушы болу – адам өмірін қорғауды, кез келген жағдайда батылдық пен кәсібилік танытуды талап етеді. Біз үшін ең бастысы, адам өмірін сақтап, халықтың амандығын қамтамасыз ету. Алдағы уақытта да антыма адал болып, ел игілігі жолында аянбай еңбек ете беремін, – дейді Нұрсұлтан Жалғасов.
Әрине, ерлік – тек марапатпен өлшенбейді. Оның шынайы бағасы – аман қалған адамның алғысы, отбасына оралған жанның қуанышы, қауіптің бетін қайтарған еңбектің нәтижесі. Ал «Ерлігі үшін» медалі – осындай жауапты қызметке берілген жоғары бағаның белгісі.
Нұрсұлтан Жалғасовтың жетістіктері тек қызметтік міндетімен шектелмейді. Ол өрт сөндірушілер арасында жыл сайын ұйымдастырылатын жарыстарда төрт мәрте чемпион атанған. Төтенше жағдайлар саласында өткен «Жігіт сұлтаны» байқауында да топ жарған.
Орасан зор жетістіктердің астарында үздіксіз жаттығу, еңбекқорлық пен өз-өзіне деген талап жатыр. Қызметтегі батыл азаматтың өмірінде отбасының орны ерекше. Нұрсұлтан төрт ағайынды отбасында тәрбиеленген. Бүгінде жары Мөлдір екеуі үш бала тәрбиелеп отыр.
Құтқарушының қызметі кез келген уақытта қауіп-қатермен бетпе-бет келуді талап етеді. Жұмысқа аттанған әрбір сәтте оны үйінде күтіп отырған жақындары бар.
Ерлік – даңқ іздеуден тұрмайды. Өзгенің өмірін өз өміріңдей бағалай білу – нағыз парыз. Қиын сәтте жауапкершіліктен қашпай, адам өмірін арашалауға ұмтылу жолында қажыр-қайратын көрсете білген Нұрсұлтан Қойшыбайұлының Мемлекет басшысының қолынан «Ерлігі үшін» медалін алуы – оның еңбегіне көрсетілген лайықты құрмет.
Балтабай ОРДАБЕКОВ









