Аудан төріндегі айшықты мереке
25 қазан – егемен еліміздің қастерлі де маңызды мерекесі. республика күні – тарихымызда алтын әріппен жазылған ұлы күн. Егемендігіміз – үлкен күреспен, халқымыздың ерік-жігерінің арқасында қол жеткізген құтты құндылық. Бірнеше жыл бұрын ұлт ұясы ұлытауда ел тағдыры таразыға түсіп, тарихта ойып тұрып орын алар елеулі мәселелер қайта қаралған еді. Сонда ұсынылған маңызды мәселенің бірі – елдің еңселі мерекесіне айналған Республика күнін ұлттық мереке ретінде атап өту болды. Жаңа қазақстанды құру жолындағы маңызды дата – жай мереке емес, атабабамыздың азаттық үшін күрескен жылдарының жемісі деу орынды.Айтулы күн қарсаңында аудандық мәдениет үйінде аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен мерекелік ісшара өтті. Жиынға ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері, мекеме қызметкерлері қатысты.
– Сіздерді ұлттық мереке – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн – еліміз үшін тарихи күн. 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Қазақстанның Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларация қастерлі Тәуелсіздігімізге жол ашты. Осы кезден бастап демократиялық қоғам құру мақсатында ел ішіндегі қоғамдық-саяси құрылымға өзгеріс енгізіле бастады. Бұл акт арқылы әлем картасындағы жаңа мемлекет – Қазақстан Республикасының негізі қаланды. Сондықтан бұл тарихи құжаттың еліміз үшін, мемлекеттің әрбір азаматы үшін мән-маңызы зор. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда айтқан ұсынысына сәйкес, 2022 жылдан бастап Республика күнін ұлттық мереке ретінде жаңа мазмұнда атап өтіп келеміз. Осы бастама жұрттың кең қолдауына ие болып, Республика күні – халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді арттыратын айшықты мерекеге айналды. Ел Президенті Республика күніне арналған өзінің құттықтауында «Біз Әділетті Қазақстанды құруға кірістік. Барша қазақстандық белсене атсалысқанда ғана осы игі мақсатқа қол жеткізе аламыз. Себебі мемлекеттің тірегі де, басты байлығы да – азаматтар» деген болатын. Президентіміздің және Үкіметтің қолдауымен, аймақ басшысының тапсырмасымен Сыр өңірінде соңғы жылдары мақсатты бастамалар қолға алынып, ауқымды жобалар жүзеге асуда, – деген аудан басшысы облыс және ауданымызда атқарылып жатқан игі істерді атап өтті. Сондай-ақ аудан тұрғындарын қастерлі мерекемен құттықтады.
Салтанатты іс-шара барысында еліміздің өркендеуіне, ауданымыздың әлеуметтік-мәдени дамуына және ел игілігі жолында жемісті еңбегімен үлес қосып жүрген азаматтар облыс және аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Аудан өнерпаздары әннен шашу шашып, мерекелік көңілкүйді жалғады.
«Тт» ақпарат








