Сыбайлас жемқорлық – қоғам дерті
Сыбайлас жемқорлықпен күресу еліміздің бүгінгі күнгі күрделі мәселелерінің бірі болып отыр. Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын кесел саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елді алаңдататыны айқын.Сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін едәуір төмендететіні, елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіретіні белгілі. Ең бастысы – адамдардың қоғамның заң мен әділдікке деген сеніміне, түптеп келгенде, билікке деген сеніміне кері әсер ететіні анық.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның негізгі басымдықтарының бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін қалыптастыру болып табылады. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында «сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті көрсететін құндылықтар жүйесін сақтау және нығайту бойынша өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын қызметі» деп түсіндіріледі.
Яғни, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет – бұл адамның саналы түрде кеселге қарсы тұру қабілеті. Тұлғаның сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеті қоғам қауіпсіздігіне бейжай қарамау деуге негіз бар. Ол жай ғана сыбайлас жемқорлыққа төзбеумен емес, сонымен қатар оны жоюға, онымен күресуге талпынуы болып табылады.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы ісәрекеттер әр салада жүзеге асырылуда. Әсіресе, халық парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келеді. Сыбайлас жемқорлықпен күресті жеке қарау мүмкін емес. Сондықтан кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет.
Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстары және осы тұрғыдағы құқық бұзушылықтарға бой алдыруының себебі көп. Оған ең алдымен қызметшілердің білім деңгейінің, әдептілік ұстанымының төмен болуы әсер ететін болса керек. Кей мемлекеттік қызметшілердің құқықбұзушылыққа немқұрайлық танытуы, кәсіби әдептілігінің жетіспеуі, жеке басының қамын ойлауы – парақорлықтың дендеуіне жол ашуда.
Әрбір қоғам дамуының жақсы жағымен қатар көлеңкелі тұсы да қатар жүреді. Елдің әлеуметтік халахуалының жақсарып, экономикалық жоғары даму деңгейіне жетуді, халқымыздың демографиялық өсіпөнуін көздеген шаралар жасалуда. Алға басқан қадамды кейін тартып, дамуымызға тежеу болатын сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз.
Сурет: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
Сәулет ЕСДӘУЛЕТОВ,
Іңкәрдария ауылдық округі әкімі








