Жергілікті сазгер – құрмет төрінде

Кеш шымылдығын ашқан Аманкелді ауылының әкімі Зейнұр Жаманқұлов өнерпаздарды құттықтап, сый-құрмет көрсетті.
– Өнер әлемінде өзіндік орнын қалыптастыра білген жерлесіміз Жомарт Ахметов – талантымен көпшілікті тәнті ете білген жан. Қара сөзден өлең құрап ақындық қырынан танылған ардақты азамат өнерден де кенде емес екендігін дәлелдеп келеді. Сазгер ретінде өзінің туған ауылына арнап ән жарыққа шығарды. Аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі бірнеше байқаудан топ жарып үлгерді. Кез келген өнер иесі өткен күнді бағдарлап, халыққа есеп беруді мақсат етеді. Бұл дегеніміз – өнерпаздың биік шыңдарды бағындыруына серпін береді, – ауыл әкімі.
Шығармашылық кеште ұзақ жыл бойы ауылдық мәдениет үйін басқарған білікті басшы, сала ардагері Жұмағазы Оразов сазгерге өлең жолдарын арнады. Сонымен қатар кеш иесі бірнеше авторлық әнін шырқаса, «Жадыра» халықтық әжелер ансамблінің мүшелері мен жергілікті өнерпаздар өнер көрсетті.
Негізінен, Жомарт Ахметовтің өнерде жүргеніне биыл 25 жыл толады. Осы уақыт аралығында облысқа есімі белгілі сазгер өнерімен көпті тәнті етіп келеді. Өз кезегінде сазгердің ұстазы Мейрамбек Абдуллаев шәкіртіне ақжарма тілегін жеткізді.
– Бала кезімізден өнерге баулыған ұстаздарыма ерекше алғыс айтамын. Гүлайна Қалдыбаева басқаратын ауылдық мәдениет үйінің ұжымы үнемі мені қолдап отырады. Тынымсыз еңбектің арқасында осы күнге дейін 20-дан аса авторлық әнді жаздым. Өнерпаздың басты мақсаты – халық ықыласына бөленіп, қазақ өнерін дамыту деп білемін. Алдағы уақытта шығармашылық жолында жаңа жобаларды іске асыру жоспарда бар. Қолдаушы ауылдастырым барында тоқтап қалмасым анық, – дейді сазгер.
Б.АЯБЕКҰЛЫ