Отан деген ордам бар: рух пен өнер тоғысқан байқау
«Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы тұжырымдамасының «ART уақыт» жобасы аясында Тереңөзек кенті әкімдігінің қолдауымен, Тереңөзек кенті мәдениет үйінің ұйымдастыруымен Қазақ ордасы тарихындағы ұлы тұлғаның бірі, мемлекет қайраткері әрі қолбасшы Абылай ханның 315 жылдығына арналған «Отан деген ордам бар» атты облыстық ән орындаушылар байқауы жоғары деңгейде өтті.Ұлттық рухты дәріптеп, жас таланттарды қолдау, патриоттық әндерді насихаттау мақсатында жүзеге асқан өнер додасы Қызылорда қаласы мен облыстың барлық ауданынан келген талантты жастардың басын қосты. Байқауға 10 талапкер қатысты.
Іс-шарада сөз алған Сырдария аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы Жеңісбек Төрәлиев қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Бүгінгі байқау – халқымыздың ұлы тұлғасы, ел бірлігі мен азаттығы жолында ерен еңбек еткен Абылай ханның рухына тағзым етудің жарқын көрінісі. Ұлттық өнерді дәріптеу, жастардың бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіру – баршамыздың ортақ міндетіміз. «Отан деген ордам бар» атты байқау талантты жастардың шығармашылық әлеуетін шыңдап қана қоймай, туған жерге, елге деген сүйіспеншілікті арттыра түседі деп сенемін. Барлық қатысушыға сәттілік, шабыт пен жеңіс тілеймін, – деді Жеңісбек Үсенұлы.
Өнер байқауы басталмас бұрын қатысушылар ауданның ардақты азаматы, Ұлы Отан соғысының ардагері Яхия Тасыровтың шаңырағына арнайы барып, сәлем беріп, батасын алды. Ардагердің өнегелі өмір жолы мен елге қызмет ету жолындағы ерлігі жастарға үлкен әсер қалдырды. Сонымен қатар өнерпаздар «Руханият орталығында» болып, музей көрмесін аралап, аудан тарихымен, ұлттық құндылық пен тарихи жәдігермен танысты. Бұл тағылымды кездесу жас буынның туған жер тарихына деген құрметін арттырып, рухани танымын кеңейтті.
Байқаудың әділ өтуіне арнайы құрылған қазылар алқасы төрелік етті. Олардың қатарында қазылар алқасының төрағасы, композитор, мәдениет саласының үздігі төсбелгісінің және «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Сәбит Ұлықпанұлы, халықаралық конкурстардың лауреаты, әнші Мағжан Аманжолов және ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Ақтөре Ибрагимұлы бар.
Байқау екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде әрбір талапкер патриоттық ән орындап, туған жерге, елге деген сүйіспеншілігін үздік туындысы арқылы жеткізсе, екінші кезеңде қазақ композиторларының еркін тақырыптағы шығармасын орындап, вокалдық шеберлігі мен сахна мәдениетін көрсетті.Қазылар алқасының төрағасы Сәбит Ұлықпанұлы қатысушылардың өнеріне жоғары баға беріп, мұндай байқаудың ұлттық өнердің дамуына, жастардың шығармашылық қабілетін шыңдауға зор ықпал ететінін айтты.
– Бүгінгі байқаудан талантты, өнерге шынайы берілген жастарды көрдік. Ән – ұлттың рухын көтеретін, тарихы мен тағдырын танытатын асыл мұра. Абылай ханның 315 жылдығына арналған бұл өнер додасы жастардың бойындағы отансүйгіштік сезімді арттырып, ұлттық өнерге деген құрметін нығайта түседі деп сенемін. Барлық қатысушы жоғары дайындықпен келген. Алдағы уақытта да шығармашылықтарыңыз шыңдалып, қазақ өнерінің көкжиегін кеңейте беріңіздер, – деді қазылар алқасының төрағасы Сәбит Ұлықпанұлы.
Тартысқа толы өнер бәйгесінің қорытындысы бойынша бас жүлдені Шиелі ауданынан келген Қаршыға Базархан иеленді. І орын Сырдария аудандық кент мәдениет үйінің өнерпазы Сұлтанханым Қолдасбайға бұйырды. ІІ орынды Жалағаш ауданынан Данияр Есқали жеңіп алса, ІІІ орынды Шиелі ауданынан Мейіржан Қуандық иеленді. Барлық белсенді қатысқан өнерпаздар алғыс хатпен марапатталды.
«Отан деген ордам бар» атты облыстық ән байқауы ұлттық өнерді ұлықтап, жас таланттардың талабын ұштаған, елдік пен бірлікті дәріптеген тағылымды іс-шара ретінде көпшіліктің көңілінен шықты. Абылай ханның 315 жылдығына арналған бұл өнер мерекесі жастардың бойындағы отансүйгіштік сезімді нығайтып, ұлттық рухты асқақтата түсті.
Ақтоты ТЕМІРХАНҚЫЗЫ










