Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырлы сазгер Сыр елінде

Сырлы сазгер Сыр елінде

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Ту­ған жерге деген сүйіспеншілік туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұла­сады» деп айтқан болатын. Туған жердің топырағынан түлеп ұшқан талантты перзент, сазгер Мейрамбай Бектасов «Өнерімді еліме арнаймын» тақырыбында Аманкелді ауылдық мәдениет үйінде шығармашылық кешін өткізді. Оған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жеңіс Төрәлиев, Аманкелді және Бесарық ауылының әкімі Мейрамбек Нұрғалиев, Дәулет Сәрсенбаев және өнер иесінің замандастары мен достары, ұстаздары, шәкірттері, ауыл тұрғындары қатысты.

Сезімтал жүрегі сазды әуенмен үндескен Мейрамбай Бектасов – Бесарық ауылының тумасы. Елуге жуық авторлық әннің жарыққа шығуына себепкер болған сазгер Сыр мә­дениетін өркендетуге зор үлес қосуда. Саз­герлік өнерімен халыққа танылған талант иесі «Сырлы саз» фольклорлық ансамблінің негізін қалауға, Аманкелді ауылдық музыка мектебін ашуға ынта-жігерін арнаған. Қазіргі таңда Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданында тұратын сазгер туған жерінен алыс кеткен емес.

Шығармашылық кешті ашқан аудандық мә­дениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас­шысы Жеңіс Төрәлиев Сырда туып, туған жерден түлеп ұшқан Мейрамбай Досмаханұлын мерейлі мерейтойымен құттықтап, аудан әкімі Мұрат Ергешбаев және аудандық мәслихат хатшысы Ержан Әжікеновтың «Құрмет Грамотасын» табыстады. Сондай-ақ иығына шапан жауып, сый-құрмет көрсетті.

– Халқымызда «Өнерде шекара жоқ» де­ген тәмсіл бар. Ауданның мәдениетін биік­теткен тұғырлы тұлғалар Сыр топы­рағынан түлеп ұшқан. Жылдар бойы туған жер­дің рухани-мәдени, қоғамдық-саяси саласын дамытқан Мейрамбай Бектасовқа жер­лестерінің құрметі ерекше. Жергілікті ақын Патыма Рахманқұлованың өлеңіне жазылған «Аманкелді вальсі» әні тыңдармандарының жүрегінен жол тапқан. Сырлы сазгер Тәуел­сіздіктің алғашқы жылдары аудан мәдениетін ілгері дамытуда ерекше өнерімен танылды. Ұстаздық қызмет етіп, шәкірт тәрбиеледі. Туған жерден жырақта жүрсе де, өзінің туып өскен ауылынан қол үзген емес. Өзінің терең білімі, сазгерлік өнері арқылы қазақтың бір­туар азаматына айналды, – деді бөлім басшысы.

Кеш барысында зейнеткер-ұстаз Патыма Рахманқұлова, жазушы, журналист, ақын, Шаяхмет Құсайынұлы, қарымды қаламгер Тілеген Бекарыстанов, өлкетанушы Жұмабай Байзақ, ақын Елубай Әуезов сынды бірқатар азаматтар өнер иесіне жылы лебіздерін біл­дірді.

– Мейрамбай екеумізді табыстырған шы­ғармашылық десем, қателеспеймін. Өнер иесінің жүрегінен талай әндер жарыққа шықты. Мәдениет саласына бар ғұмырын ар­­наған талантты жанның қазақ руханияты­на, оның ішінде саз әлеміне берер құнды қазы­насы жеткілікті. Барлық өнерін халқына арна­ған сазгер жеті нота арқылы жеті жұрттың жүрегіне жол тапты, – деді қаламгер Шаяхмет Құсайынұлы. Сонымен бірге ұла­ғатты ұстаздың шәкірттері, ауылдастары, замандары мен достары құрмет көрсетті.

«Бала бағбаны» атанған Мейрамбай Бек­тасовтың әндерін ҚР Мәдениет саласының үздігі Руслан Садықов, Миуа Төлегенова, Айдос Иманжаппаров, Абзал Молдашов, Мөлдір Жүнісбаева шырқады. Аманкелді мәдениет үйі жанынан құрылған «До-си» вокалды-аспапты ансамбілінің сүйемелдеуімен сырлы сазгер жерлестеріне арнап өз шығармашылығынан бірнеше ән орындады.

Айта кету керек, аталған шығармашылық кеш сазгердің туған ауылы Бесарық ауылында жалғасын тауып, ауыл халқы өнер иесіне құрмет көрсетті.

Балтабай ОРДАБЕКОВ 
29 маусым 2021 ж. 721 0