Әзиз аналар ән қанатында қалықтайды
Осы аптада берекелі Бесарық ауылында керемет шығармашылық кештің шымылдығы түрілді. Ырзық-несібесін жерден терген ауыл аспанында ән қалықтап, дәстүр сабақтастығы жаңғыра түсті. Бесарық ауылдық мәдениет үйі жанынан құрылған «Жаншуақты» әжелер ансамблінің «Әжелер ән салғанда» тақырыбында концерті өткізілді. Ізгілігі мол іс-шараға облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері Келдібай Бектұрғанов, Жүзбай Таңырақбаев, Жәнібек Нұрқыш, облыстық музейдің бөлім меңгерушісі Эльзира Сағитжанова, «Абай-Дәулет» ЖШС директоры Мұрат Сәрсенбаев, аудандық мәдениет үйінің директорының орынбасары Азиз Садықов, ауыл әкімі Дәулет Сәрсенбаев, ауыл ардагерлері мен меймандар қатысты.
Осыдан 15 жыл бұрын құрылған «Жаншуақты» әжелер ансамблінің мерейтойына арналған шығармашылық кеш арнайы бейнебаянмен ашылды. Тыңдармандарының ыстық ықыласына бөленген асыл жандардың жүріп өткен жолы көпшілікке ұсынылды. Өз кезегінде «Жаншуақты» әжелер ансамблі жайында жазылған «Әжелер ән салғанда» атты кітаптың тұсауын кесу құрметіне «Абай-Дәулет» ЖШС директоры Мұрат Сәрсенбаев, мәдениет үйінің директорының орынбасары Азиз Садықов, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Келдібай Бектұрғанов, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Оразбек Сейтмұратов ие болды.
Іс-шарада меймандар құттықтау сөз сөйледі.
– Жүрегінде жылулық ұялаған, кісіні сыйлауды білетін Бесарық ауылының халқына дән ризамыз. Елімізге есімі белгілі болған «Жаншуақты» әжелер ансамблінің әрбір мүшесінің өнеріне қанығып жатырмыз. Көмейінен күміс төгілген ән өнерінің майталмандары бір сахнада бас қосты. Әркез дүйім елдің ыстық ықыласына бөленген ауыл өнерпаздары қашанда зор құрметке лайық. Шығармашылығымен ерекшеленген ел аналарының ғұмыры ұзақ болсын, – деген Келдібай Бектұрғанов облыстық ардагерлер кеңесінің атынан сый-құрмет көрсетті.
Сөз кезегінде «Абай-Дәулет» ЖШС директоры Мұрат Сәрсенбаев өнер иелерінің мерей сәтінде қуанышымен ортақтасып, зор ілтипат жасады.
– «Адал еңбек – адамның көркі» деген сөздің жаны бар. 2016 жылы «Абай-Дәулет» ЖШС құрылғаннан бастап, іргелі елдің іргесінде берекеміз артып келеді. Осы аралықта Бесарық ауылының гүлденуіне атсалысып, бірқатар әлеуметтік мәселелерді шешуге белсене кірістік. Оның ішінде, қазыналы қарттарға барлық қолдау көрсетіп, есімдерін даралай білуіміз керек. Алғаш «Жаншуақты» әжелер ансамблі құрылған сәтте бар ауыртпалықты еңсере білгені белгілі. Қашан да абырой биігінде болған өнерпаз аналарымызға барлық мақтау жарасымды. Қаз-қатар сап түзеген аналарымыз әуелеген әнімен Бесарық ауылының атын шығаратынына сеніміміз мол. Бұл ретте, алғашқы күннен тыным таппай өнерін шыңдай білген ардақты жандарға арнайы сыйлығымызды ұсынамыз, – деді «Абай-Дәулет» ЖШС директоры Мұрат Сәрсенбаев.
Тағылымды кеш барысында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жеңісбек Төрәлиевтің мерейтой иелеріне «Алғыс хатын» тапсырған Азиз Садықов құттықтау лебізін жеткізді.
– Аудан бойынша 10-ға жуық халықтық әжелер ансамблі бар. Оның ішінде, бесарықтық ардақты аналарымыздың өнері өзгеше қалыптасқан. Тынбай еңбектеніп келе жатқан әзиз жандар үлкен сахналарда жоғары деңгейде өнер көрсетіп келеді. Өнер ұжымының шығармашылық әлеуетін жоғары біз бағалаймыз. Өнерін көпшілікке дәріптейміз, – деді Азиз Садықов.
Бүгінде Бесарық ауылдық мәдениет үйінің әдіскері Маржан Дүйсенбаева жетекшілік ететін халықтық әжелер ансамбілінің құрамында Оразкүл Ахметова, Бақтай Серікбаева, Ақтұрсын Ширанова, Сейдігүл Оспанбекова, Қалимаш Аппақова, Нысанкүл Әйтенова, Назира Жүсіпова, Халбибі Қабылшаева, Рзагүл Дайраева, Ақсұлу Әбілова, Дәмеш Ибалуллаева, Жұмакүл Әбжекенова өнер көрсетеді. Ал ансамблдің бұрынғы құрамында болған аяулы жандардың кейбірі бүгінде бақилыққа аттанған. Өнер иелері әріптестерін еске алып отырады. Осындай игілігі мол іс-шарада «Жаншуақты» әжелер ансамблі көрермен назарына бірнеше әнін ұсынды. «Сыр сұлуы», «Көзімнің қарасы», «Қазағым» секілді бірнеше әнді тамылжыта шырқаған әжелер тыңдарман жүрегінен жол тапты. Өмірден түйгені көп өнер иелері ұршық иіріп, қазақы дәстүрді жиналған қауымға көрсетті. Сонымен бірге «Жаншуақты» әжелер ансамблінің 15 жыл бойы жеткен толағай табысы, зор жетістігі көрме ретінде қойылды. Керемет кешті жандыра түскен «Шырайлы келіндер» ансамблі ерекше әндер айтып, әзиз аналардың нақ ізбасары екендіктерін көрсетті. Ал мың бұралған бишілер әсерлі қойылымдарымен дараланды.
Кеш қонақтары Жүзбай Таңырақбаев, Жәнібек Нұрқыш, Эльзира Сағитжанова, Ермек Әлжіков, Әкбар Ақжігітов, Қанат Жармағанбетов, Қазбек Смағұлов сөз алып, мерейлі сәтімен кеңпейілді өнер иелерін құттықтады. Арнайы алып келген сыйлықтарын тапсырды. Сондай-ақ ауыл әкімі Дәулет Сәрсенбаевтың «Алғыс хаты» мен ықылас гүлі өнер ұжымына табысталды.
Айта кетейік, «Жаншуақты» әжелер ансамблінің барлық әнін баянмен сүйемелдейтін Икрам Сейілхановтың еңбегі зор. Жиырмаға жуық ән шырқалған кештен ауыл тұрғындары шат-шадыман көңіл-күйде тарқасты.
Балтабай Аябекұлы