Қаржылық сауаттылық – алаяққа алданбаудың жолы
Қазіргі қоғамда қаржы алаяқтығы азаматтардың материалдық жағдайынан бөлек, құқықтары мен жеке қауіпсіздігіне де қауіп төндіретін өзекті мәселеге айналғанын аңғарып жүрміз. Цифрлық технологияның дамуы, банк қызметтерінің онлайн форматқа көшуі және қаржылық операцияның жылдамдауы халыққа көптеген мүмкіндік бергенімен, алаяқтардың да әрекет ету тәсілдерін күрделендіргені мәлім. Бүгінде бір ғана телефон қоңырауы, жалған хабарлама немесе күмәнді сілтеме адамның жинаған қаражатынан айырылуына, тіпті өз атынан заңсыз несие рәсімделуіне себеп болуы мүмкін. Сондықтан қаржылық және құқықтық сауаттылықты арттыру – әр азаматтың жеке мүддесін қорғаудың маңызды шарты.Елімізде соңғы уақытта алаяқтық жолмен рәсімделген несие санын азайту бағытында бірқатар жүйелі шара қолға алынды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың банк және микроқаржы ұйымдарының басшыларымен кездесуінде айтқан мәліметке сүйенсек, алаяқтық жолмен рәсімделген несие саны 2024 жылғы 8,7 мыңнан 2026 жылы 1,9 мыңға дейін қысқарған. Яғни екі жыл ішінде мұндай жағдайдың шамамен 78 пайызға азайғанын көрсететін маңызды нәтижені аңғаруға болады.
Аталған көрсеткіш қаржы нарығындағы бақылау тетігінің күшейгенін білдіреді. Дегенмен алаяқтық деректерінің азаюы бұл қауіптің толық жойылғанын көрсетпейді. Өйткені алаяқтар кез келген азаматтың сеніміне кіру, жеке дерегін иемдену және психологиялық қысым көрсету арқылы заңсыз әрекетін жалғастыруы мүмкін. Демек, қаржы ұйымының қауіпсіздік жүйесін жетілдіруімен қатар, әр адамның жеке сақтық дағдысын қалыптастыру – аса маңызды.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі алаяқтық жолмен несие рәсімдеудің алдын алу үшін бірқатар талап енгізген. Олардың қатарында несие беру кезінде көзделген салқындату кезеңі, алғашқы несие рәсімдеген кезде жеке қатысу талабы, сондай-ақ 21 жасқа толмаған және 55 жастан асқан клиенттердің келісімін растауға қойылатын қосымша талап бар. Онлайн несие рәсімдеу барысында сәйкестендіру деректерімен алмасу орталығы арқылы биометриялық сәйкестендіру жүргізіледі.
Саладағы маңызды тетіктердің негізгі мақсаты – несие алушының жеке басын нақты анықтау, оның еркінен тыс қаржылық міндеттеме жүктелу қаупін азайту және күмәнді операцияны дер кезінде анықтау. Салқындату кезеңі азаматқа несие алу туралы шешімін қайта қарауға мүмкіндік берсе, биометриялық сәйкестендіру бөтен адамның атынан операция жүргізуге тосқауыл қоюға бағытталған.
Айта кетейік, мұндайда кредиттік бюроның Ұлттық банктің Антифрод-орталығына қосылуы маңызды рөл атқарады. Олар бірнеше несие өтінімі туралы ақпаратты нақты уақыт режимінде беріп, күмәнді белсенділікті анықтауға көмектеседі. Жекелеген банктің мобильді қосымшасында да сессиялық антифрод жүйесі енгізілген. Мұндай технология қаржылық операциядағы қалыптан тыс әрекетті бақылауға мүмкіндік береді.
Мамандар техникалық қорғаныс құралы барлық қатерді өздігінен жоя алмайтынын алға тартады. Егер азамат алаяқтың сөзіне сеніп, SMS арқылы келген кодты айтып қойса, мобильді қосымшаға кіру мүмкіндігін берсе немесе өзінің атынан несие рәсімдеуге келіссе, қауіпсіздік жүйесін айналып өту тәуекелі артады. Сондықтан ең сенімді қорғаныс – жеке дерекке ұқыпты қарау және кез келген қаржылық әрекеттің мәнін түсініп барып шешім қабылдау болып табылады.
Қаржы қауіпсіздігі тек алаяқтықтың алдын алумен шектелмейді. Азаматтың табысы мен шығысын дұрыс жоспарлауы, несие міндеттемелерін есепке алуы және төлем қабілетін бағалауы да маңызды. Соңғы жылдары Қазақстанда халықтың шамадан тыс қарыздану тәуекелін төмендету үшін несиелеу талабы күшейтілді. Борыш жүктемесінің коэффициентіне қойылатын талап қатаңдатылып, мерзімі 90 күннен асқан берешегі бар азаматқа несие беруге тыйым салынды. Тұтынушылық несие сомасына біршама шектеу енгізіліп, сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесінің ең жоғары деңгейі төмендетілді. Бұған қоса, қадағалау іс-шарасы күшейтіліп, банкке ең төменгі резервтік талап енгізілді.
Қолға алынған көптеген іс-шараның нәтижесінде, несие портфелінің өсу қарқыны да баяулаған. Агенттік келтірген мәлімет бойынша бұл көрсеткіш 2025 жылғы тамыздағы 14,6 пайыздан, 2026 жылғы тамызда 7,5 пайызға дейін төмендеген. Яғни несие портфелінің өсу қарқыны шамамен екі есеге азайған.
Осы ретте, қаржылық сауаттылыққа байланысты бірқатар дүниені тарқатып айта кеткенді жөн көрдік. Қаржылық сауаттылықтың алғашқы қағидасы – өз мүмкіндігіңді дұрыс бағалау. Несие рәсімдемес бұрын ай сайынғы табысты, міндетті шығынды, бұрыннан бар қарызды және күтпеген жағдайға қажет қаражатты есептеу керек. Төлем мерзімін өткізіп алу айыппұлға, кредиттік тарихтың нашарлауына және қосымша қаржылық қиындыққа әкелуі мүмкін. Ал бірнеше несиені қатар рәсімдеу уақытша қаржылық мәселені шешкенімен, ұзақ мерзімде борыш жүктемесін ауырлатуы ықтимал.
Сондықтан «несие ала аламын ба?» деген сұрақпен қатар, «оны барлық міндетті шығынымды өтегеннен кейін де уақытында қайтара аламын ба?» деген сұрақты қою керек. Қаржылық шешімнің дұрыстығы – тек ақшаны алу мүмкіндігімен қатар оны қайтару қабілетімен өлшенеді.
Қазақстанда азаматтарды кредиттік алаяқтықтан қорғаудың маңызды құрал қатарында «eGov.kz» порталында, «eGov Mobile» қосымшасында немесе кредиттік бюро арқылы қолжетімді «Стоп-кредит» қызметі бар. Кез келген адам үшін қолайлы сервис азаматтың атына жаңа несие рәсімдеуге ерікті түрде тыйым қоюға мүмкіндік береді. Қызметті пайдалану жеке деректің бөтен адамның қолына түсуінен туындайтын тәуекелді азайтуға көмектеседі. Дегенмен ол – барлық алаяқтық түрінен қорғамайды. Сондықтан несиелік тарихты бақылау мен жеке деректі қорғау қатар жүргізілуі керек.
Жалпы алғанда қаржылық сауаттылықты қалыптастыру отбасынан басталып, білім беру жүйесінде және қоғамдық ортада жалғасуы тиіс. Балаларға ақшаның құнын, жинақ жасауды, күмәнді ұсынысты ажыратуды үйрету маңызды. Жастар несие шартын оқуды, инвестициялық тәуекелді бағалауды және цифрлық қауіпсіздік талабын меңгеруі керек. Ал егде жастағы азаматқа телефон арқылы жасалатын алаяқтықтың кең тараған тәсілін түсіндіріп, күмәнді қоңырау кезінде асығыс шешім қабылдамауға дағдыландыру қажет.
Банктер мен микроқаржы ұйымдары да клиенттерге қаржылық қызмет көрсету кезінде қауіпсіздік талабын түсіндіруге, күмәнді операцияға жедел әрекет етуге және өтініштерді қарау рәсімін қолжетімді етуге тиіс. Мемлекеттік органдардың ақпараттық-түсіндіру жұмысы нақты мысалмен, түсінікті тілмен және халық жиі қолданатын цифрлық арна арқылы жүргізілгені жөн.
Әр азамат күнделікті өмірінде бірнеше қарапайым қағиданы ұстанса, көптеген қауіптің алдын алуға болады. Мәселен, олардың қатарына жеке деректі қорғау, бейтаныс сілтемеге өтпеу, қаржылық шешімді асықпай қабылдау, кредиттік тарихты мерзімді тексеру, қажет болмаса несие алуға тыйым қою қызметін пайдалану және күмән туындағанда ақпаратты ресми арна арқылы тексеру жатқызылады. Қатаң талап қарапайым көрінгенімен, қаржылық қауіпсіздіктің берік негізін қалыптастырады.
Елімізде алаяқтық жолмен рәсімделген несие санының азаюы – қабылданып жатқан іс-шараның оң нәтижесін көрсететін маңызды белгі. Дегенмен қаржы қауіпсіздігін тек бақылау жүйелеріне жүктеп қоюға болмайды. Азаматтың өз қаражатына жауапкершілікпен қарауы, қаржылық мүмкіндігін дұрыс бағалауы және құқықтық сауаттылығын арттыруы да аса қажет.
«Сақтықта қорлық жоқ» деген сөз бүгінгі цифрлық қаржы заманында да өз маңызын жоғалтқан жоқ. Ақпаратты тексеру, заңды білу, табысты жоспарлау және күмәнді ұсынысқа бірден сенбеу – қаржы алаяқтығынан қорғанудың негізгі жолдары. Өйткені қаржылық сауаттылық –ақшаны сақтау дағдысымен бірге адамның ертеңіне сеніммен қарауына мүмкіндік беретін өмірлік қажеттілік.
Коллаж Камшат Ерлепесқызынан
Балтабай ОРДАБЕКОВ










